Әлеумет

Қала билігі іргеде де ел бар екенін ескеріп қойса...

Қала билігі іргеде де ел бар екенін ескеріп қойса...

Тараз қаласының күншығыс жағындағы №4 аумақтық округке қарайтын «Қант зауыты», «Тектұрмас», «Кірпіш зауыты» және «Барысхан» тұрғын алқаптары туралы, онда тұрып жатқан халықтың тыныс-тіршілігі жайлы «Aq jol» газеті ауық-ауық жазып тұрады. Қайбір жылы өзіміз де облыс орталығының айналасындағы тұрғын алқаптарында атқарылған тірліктер, шешімін күткен мәселелерді жазғанда Кеңес заманынан қант зауытымен аты шыққан бұл мекенді де назардан тыс қалдырмай, біраз қаузағанбыз. Одан бергі уақытта облыстың бас басылымы көтерген біраз мәселе қала және облыс әкімдігіне жетіп, шешімін тауыпты. Дегенмен, әлі де мәселе аз емес көрінеді...

Мәлімет мінсіз

Тараз қаласы әкімінің бас инспекторы Нұржан Жұмағұлов денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз болғандықтан, округ жайлы жалпы мәліметті статист- маман Іңкәр Ермағамбетовадан алдық. Осы мекенде туып-өскен ол бірде-бір сұрағымызға мүдірмей, толық жауап берді. Округке қарайтын төрт тұрғын алқапта 29151 адам тұрады екен. Бұл дегеніңіз – шалғайдағы Мойынқұм ауданы халқының санына жақын. Округ орталығы – «Қант зауытының» өзінде 16966 адам бар. 3480 тұрғын үй болса, оның біреуі бес қабатты, сегізі төрт қабатты, 16-сы екі қабатты, тіпті барак типтес үйлер 31 екен. Округ бойынша 20 әлеуметтік нысан жұмыс істесе, оның бесеуі мектеп, бес балабақшаның үшеуі жекеменшік. Жамбыл индустриялды- технологиялық колледжі де осында. №2 және №5 спорт мектептері, стадион, 6 кіші футбол алаңшасы бар. №7 қалалық емхана мен «Қамқор» онкологиялық клиникасы округ тұрғындарына қызмет көрсетеді. № 27 учаскелік полиция пункті, «ТаразТрансЭнерго» және «Жамбыл-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны орналасқан. Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен «Баймұханбетов» жеке кәсіпкерлігі айналысады. «Тараз аква» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұзындығы 5,7 километр «Төрегелді» каналына, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы ұзындығы 3,2 километр «Базарбай» каналына қызмет көрсетеді. Жолаушылар көлігінің қатынасы, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы туралы да әр алқап бойынша тізіп берді. Сегіз қоғамдық көлік қатынайды, 34 аялдама орналасқан. 116 кәсіпкерлік нысан тіркелсе, сауда орындары 78, халыққа қызмет көрсету орталықтарының саны 34 екен. Қант, Кірпіш, Спирт зауыттары және «Арзу» ЖШС сынды іргелі кәсіпорындар жұмыс істейді. Арыға бармай-ақ, өткен және биылдың өзінде талай тірлік тындырылған. Мәселен, «Барысхан» тұрғын алқабынан 600 орындық №12 орта мектебі оқушыларға есігін ашқан. Осында ойын алаңшасы ашылған. «Қарасай», «Тектұрмас» алқаптарында ауыз су жүйесі тартылыпты. Бурный көшесінің аяғындағы «Төрегелді» каналынан өтетін көпір жөнделген. «Қант зауыты» алабындағы Дальная – Ақжол, Сельская – Спандияр Көбеев көшесі болып өзгертілген. Осы жерде бір сөз, округте Бурный, Дальний, Полевая, Стариков, Стройтельный, басқа да осындай ресми тілде аталатын көшелерден көз сүрінеді. «Тараз қаласының 2023-2025 жылға арналған даму картасына» сәйкес, округ бойынша биыл 14 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 13 көше бойына, тұйығына, бұрылыстарына түнгі жарық орнатылады. Бүгінге дейін 6 көше жарықтанған. Заречный көшесі мен «Тектұрмас» тұрғын алабында балалар ойын алаңшасы ашылып, алты көше мен бұрылыстарында тұратын тұрғындар ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Бес көшеге түнгі жарық орнатылып, «Базарбай» және «Төрегелді» каналдарында тазалық жұмыстары жүргізілген.

Көрген көзде жазық жоқ

Жауғаш батыр көшесіндегі күл-қоқысты көріп, көлік тізгінін тарттық. Бұл орыннан қоқысты соңғы рет қашан шығарғаны белгісіз, контейнерге сыймай біршама жерде шашылып жатыр. Шілденің шіліңгір ыстығында тұрмыстық қалдықтың исі қолқаны қабады. Бетін аулақ қылсын, түрлі жұқпалы ауру осыдан шықпай ма? Бұған кім жауапты, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен айналысатын «Баймұханбетов» жеке кәсіпкерлігі ме, жоқ әлде басқа ма? Кім болса да, мұндай берекесіздікті шұғыл жоймаса болмайды. Он-он бес метр жүрген соң көлікті тағы тоқтатуға тура келді. Қарсы беттегі жұлым- жұлымы шыққан аялдаманы көріп, автобус күтіп отырған тұрғындарға жанымыз ашыды. Аялдаманың жыры бұл бір емес, округ орталығынан бөлек, «Тектұрмас» тұрғын алабындағы аялдамаларды түгелімен ауыстырмаса шілденің аптап ыстығында, қаңтардың қақаған суығында қоғамдық көлік күткен жолаушыларға обал. Дегенмен, бұл мәселе аумақтық округ бойынша өзекті мәселелер тізіміне еніпті. Содан кейін біздің тағы бір байқағанымыз – «Қант зауыты» алқабының сүреңсіз көрінісі. Көше бойларындағы тал-дарақ бұталмағалы да талай уақыт өткен сияқты. Тіпті, кей жерлерде көшенің екі қапталындағы тал бұтақтары иіліп келіп, бір-бірімен «айқаса» түскен. Түнгі жарығы жоқ мұндай көшеден түн мезгілінде жүрегінің түгі бар жігіттер болмаса, қыз-келіншектер аяқ баспайтын шығар? Көше бойларындағы арықтарда бір грамм су жоқ, арнасы кеуіп кеткен. Тал-дарақ жапырақтары сарғайып, күз келмей түсіп жатыр. Су дегеннен шығады, жеке тұрғын үйлердің тұрғындарының да азын-аулақ жерге егетін көкөністеріне су жетпей, бейнеттері еш болуда. Талдардың қурап жатқаны оларды да алаңдатады. Раиса НОВИКОВА, Өтеген батыр көшесінің тұрғыны: – Біздің үйдің маңайындағы көше жөнделді. Анау айтқан мәселе жоқ. Жарық жанып тұр, ауыз су бар. Алайда, ағын судың зардабын бір кісідей тартып-ақ жатырмыз. Есік алдындағы тал қурап кетті. Осы мәселеге қалалық әкімдік назар аударса дейміз. Қыдырбай ТОҒЫЗБАЕВ, Сторикова көшесінің тұрғыны: – Бізде мәселе аз емес, жол тозып кеткен. Көше бойларына бақылау камерасын қойса дейміз. Қаладан шыққан жүк көлігі де, жеңілі де біздің көшемен күндіз-түні жүйткіп жатады. Тәулік бойы бір тынбайды. Ең бір күрделі мәселе – теміржол өткелі. Кеше ғана бір кейуананы пойыз қағып кетіп, қайғылы қазаға ұшырады. Біз балаларымыздың амандығына алаңдаймыз. Мектеп қашық, барып-келгенше уайымдап отырамыз. Шойынжолдан ары-бері өту үшін жүргіншілер үшін баспалдақ салып қойған, қыстыгүні оған адам шыға алмайды. Округ тұрғындары көтерген мәселенің қай- қайсысы да өзекті. «Қант зауытында» судың тапшылығына қайран қалдық. Себебі орталықтан сарқырап каналмен арнасы тола су ағып жатыр. Оны судың зардабын тартып отырған көше тұрғындарына бұруға болмас па? Әрине, бұл сұрақты бас инспектор болмаған соң ешкімге қоя алмадық. Статист-маман болса да кеңседе қалған. Келіп-кетіп жатқан тұрғындар бар, олардың өтінішін, шағымын кім тыңдайды? Айналдырған екі-ақ адам, бас инспектор денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыз, қоғамдық негізде жұмыс істейтін жұмысшылар бұйымтайын айта келген жұртқа не дейді? Отыз мыңға жуық тұрғыны бар осындай округке маман санын арттырса бюджеттің бүйірі ортайып қалмайтын шығар. Ойланатын жай. Теміржол өткелін салу әрине, қала билігінің қолынан келмес, сонда да «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басшылығына шығып көрсе ше? Адам өмірінен артық ешнәрсе жоқ. Ал, енді түн жамылып, жортып жүрген неше түрлі көлікті назарға алу полицияның міндеті. Бейнебақылау камераларын орнатып, қырағылық таныту қиын шаруа емес. Аумақтық окуг бойынша шешімін күткен мәселелер қалалық әкімдіктің назарына ұсынылса керек. Алдағы күндерден жақсылық күткен елміз ғой, рет-ретімен шешімін таба жатар.  

Амангелді ӘБІЛ

Тараз қаласы