Әдебиет

Сөз бен тіл – егіз

Сөз бен тіл – егіз

Сөз – жауһар. Сөз – қару! Сөз – күш! Сөз – дария! Сөз – ғұмыр! Сөз – құдірет, құрметті, асыл алып күш.

***

Сөз – құдіреті күшті, теңдессіз жойқын күш.

***

Сөз – қылыштан өткір, қиып түсер семсер, әрі қалқан. Сөз – семсерден де бетер сілейтер, адамзат санасына, ұрпақ тәрбиесіне әсер ететін халықтың ең қуатты қаруы. Семсер сөз – Ел қорғаны.

***

Сөз – киелі, қонақ, сананы нұрландырар – шырақ. Сөз – мамықтан жұмсақ, балдан да тәтті. Сөз – халықтың тарихы, тағдыры, жаны. Сөз – ұлттың ұятын, болмысын ұстап тұратын қазақтың тоқтамы.

***

Ой жүйесі – сөз жүйесімен алмасады, Жазумен таңбаланып, белгі боп жалғасады.

***

Жүйелі ой болмай, айтқан сөзде кие болмас, Ой ақауланып, ретсіз үзік болса, сөз түзік болмас.

***

Сөз – қатынас құралы ғана емес, ол кие.

***

Сөз – жер-жаһандағы ең ұлық қазына.

***

Сөз – әр адамның ұғымы.

***

Сөз – адамның өмірі, Бірге жүрер серігі.

***

Сөз – адамның сезімі шеңберінде, көңілден туады.

***

Сөз – өзіңнің көшірмең, пікіріңді көшірген.

***

Сөз – шалқыған шалғын, көкмайса, Сөз – сусын, нәр берер таңдайға.

***

Сөз – атылған оқ, Сөз – қарып түсер шоқ.

***

Сөз – сиқыр, шатқаяқ та, тәкаппар да бас иер, Кәрленіп қарғар болса, сөз оғы дәл тиер.

***

Сөз – құлатады, жылатады,

Сөз – атады да, жұбатады.

***

Сөз – шарпып күйдірер бу, Ұқпағанға, сылдыр су.

***

Сертті нықтайтын да – сөз, Өрттен ықпайтын да – сөз.

***

Сөз – қызыққа батырар дәмді, Орнымен айтылған сөз – мәнді.

***

Сөз – жағымпазды індеткен, кесіп түсер наркескен. Сөз – еркіндікті аңсайды, ерсіліктерді айтпайды.

***

Дүниеде мәңгі жасайтын, өлмейтін, түрленіп, мәнденіп, жаңара түсетін сөз ғана.

***

Сөз – жерге де тыға алады, көрге де тыға алады. Өлгенді өмірде жүргендей араластыра да алады, Кез келген істі жан-жақты қарастыра да алады.

***

Сөз – жоқты түгендей де алады, Көргенсізді жүгендей де алады. Бүтіндеп, бүлдіре де алады, Қыран-топан күлдіре де алады.

***

Сөз – мұздаған жүректің тоңын да ерітеді, Ішкі жан дүниеңде құйын да орнатады.

***

Сөз – қарс ұрған тас жүректі де ерітіп, жадырата алады, кірленген көңілді көтеріп, шалқыта алады.

***

Сөз – суыған көңілді жылытып, өрекпігенін тезге де сала алады.

***

Сөз тұманданған қараңғы, күпті көңілді шалып, ызғар шашқан суық көңілді жылытады.

***

Сөз – түйсікке түрткі болып, адамды иландырар, санаға сілкініс әкелер қуатты күш.

***

Сөз – адам жанының саясы. Сыр да айтасың, мұң да шағасың, сөзден жігер де ала аласың.

***

Сөйлер сөз – адамның жүрек сарайының көрінісі.

***

Сөз – қиялға қанат беріп, еркін қалықтатар, Тұңғиыққа батырып, көкке де шалықтатар.

***

Сөз – қасиетті де, киелі де, ең құдіретті өнер.

 

Нұрмахан ТІЛЕГЕНОВ, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы. (Жалғасы бар).