Экономика

Баламалы энергия өндіруде

Баламалы энергия өндіруде

Республика бойынша алдыңғы орындамыз

Елімізде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында ерекше көңіл бөліп келеді. Елбасы: «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында «Қазақстан жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып саналады» деп ерекше атап өтті. Сондай-ақ, энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға, күн, су мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге тапсырма берді. Жуырдағы Жолдауында энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту, бірқатар бағыттарда жоғары кернеулі желілер салу қажеттігі айрықша атап айтылды.

5Досымхан Аралбаев, «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары, ҚР Еңбегі сіңген энергетигі, ТМД елдерінің Құрметті энергетигі.

«Жамбыл электр жүйесі» ЖШС облыс аумағындағы тұтынушыларға электр қуатын жеткізеді және таратады. Электр жүйелері мен трансформаторлық қосалқы стансаларды пайдаланумен және жаңартумен шұғылданады. Кәсіпорын 12 аудандық электр тарату жүйесі, Тараз қалалық электр жүйесі және 8 орталық өндірістік қызметті біріктіреді. Мекеме 146,445 мың шаршы шақырым аумаққа қызмет көрсетеді. Облыс аумағында алғашқы электр жүйесінің құрылысы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қолға алынған болатын. Бұрынғы одақ ыдыраған кезде электр жүйесі шаруашылығындағы құрал-жабдықтардың 60 пайызы өзінің жұмыс істеу мүмкіндігін сарқып, қайта жарақтандыру және жаңартуды талап етті. Бұл салада жаңарту 2007 жылы басталды. Содан бері бұл бағытта мекемеде елеулі шаруалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. «ЖЭЖ» серіктестігінің электр жүйесін дамытудағы 2015-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы бар. Мұның өзі кәсіпорындағы ескі жабдықтарды жаңарту, қайта жарақтандыру және облыстың электр қуатымен жабдықталуын арттыруда. Мекемеде ескі құрал-жабдықтарды ауыстыруға жыл сайын 600 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалуда. Соның нәтижесінде электр энергиясы шығындары біршама азайтылуда. 2013 жылы бұл көрсеткіш 15,1 пайыз болса, үстіміздегі жылы 14,8 пайыз шамасында болады деп күтілуде. Бұл бағыттағы жұмыс келешекте де жүйелі жалғастырылады. Кәсіпорында үстіміздегі жылы да ауыз толтырып айтарлықтай игілікті істер атқарылды. Биыл кернеу көрсеткіші әртүрлі, ұзындығы 1697,6 шақырым электр желісі мен жалпы қуаты 185,99 мегаваттық 300 трансформаторлық қосалқы стансаларды – күрделі, 8161,2 шақырым электр жеткізу желілерін және жалпы қуаты 1444,1 мегаватт 1193 дана трансформаторлық қосалқы стансаны ағымдық жөндеуден өткізу жоспарланған болатын. Қазірге дейін 11 айға белгіленген тапсырма асыра орындалды. Жөндеу жұмыстарының басым бөлігі кәсіпорынның орталық өндірістік қызметтері тарапынан жүзеге асырылды. Серіктестікте күз-қыс маусымын табысты өткізу мақсатында электр желілері мен трансформаторлық қосалқы станса жыбдықтары жұмысының сенімділігін арттыру мақсатында елеулі іс-шаралар белгіленіп, жүзеге асырылды. Жоспарда көрсетілген әуе желілерінің фарфор оқшаулағыштары, шыны оқшаулағышпен алмастырылды. Кернеуі 110 киловольттық электр жеткізу желілері бойынша 23 темірбетонды баған сыммен қатайтылып, 110 киловольттық Қаратау-1-Көктал Л-116 әуе желісіне бетон анкерлі плиталар орнатылды. Осы желі бойынша 2400 дана фарфор оқшаулағыштар шыны оқшаулағышпен алмастырылды. Осындай жұмыс Қаратау қаласының маңындағы қосалқы станса желісінде де атқарылды. 110 киловольттық әуе желісіндегі Л-120 Ойық-Ұланбел бағытында 446 фарфор оқшаулағыш шыны және полимер оқшаулағышқа ауыстырылып, баған аралығының 9 учаскесінде желі сымы жаңартылды. 220/110/6 киловольттық «Южная» қосалқы стансасында 220 киловольттық Л-2069 желі ажыратқышы күрделі жөндеуден өткізілді. «Бурное» қосалқы стансасында трансформатор күрделі жөндеумен қамтылды. «Әбдезім» қосалқы стансасы да осындай сауықтыру жүргізілді. Қаратау қаласында 110/6 киловольттық желісіне қосымша қуаты 6,3 мегаваттық қосалқы станса мен ұзындығы 12 шақырымдық 110 киловаттық желі іске қосылды. Байзақ ауданындағы 35 киловольттық «Сарыкемер» қосалқы стансасының 10 киловольттық ІІ секциясында екінші кернеу трансформатор орнатылды. Мұның өзі аудан орталығын электр қуатымен жабдықтау сенімділігін арттырып, «Ровное» және «Новоивановка» қосалқы стансаларының электр қуатын алу мүмкіндігіне қол жеткізді. «Мырзатай» қосалқы стансасында қуаты 4 мың киловольттық екінші күштік трансформатор орнатылды. Қордай ауданында 110/35/10 киловольттық «Георгиевка» қосалқы стансасында қуаты 10 мың киловольттық трансформатор 16 мың киловольттық трансформаторға ауыстырылды. Т. Рысқұлов ауданының «Алғабас» ауылында және Меркі ауданының Сарымолдаев ауылында, Малдыбай-Құмарық және Меркі-Тәтті желілерінің ауыстырылуы тұрғындардың жоғары деңгейдегі қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Кейінгі кезде жаңа әлеуметтік және өндірістік нысандардың көптен салынуына байланысты қуатқа деген сұраныс уақыт өткен сайын артып келеді. Әсіресе, Сарыкемер, Меркі, Құлан, Қордай, Төле би және Шу қаласы қарқынды даму үстінде. Сондықтан да биыл жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражаттан өзге инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруға қосымша 715,8 миллион теңге бағытталды.Бұл қаражатқа күштік трансформаторлар орнатылып, әуе желілері, ағаш баған темірбетонмен алмастырылды. Жалаң сым желісі СИП сымына ауыстырылды. Осындай игі шараларды жүзеге асыру – тұрғындардың қуат тапшылығын сезінбеуіне игі ықпалын тигізуде. Жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтау және жоспарланған іс-шаралардың орындалуы біздің мекеменің елімізде алғашқылардың бірі болып 2014-2015 жылдарға күз-қыс маусымына даярлық паспортын алуымызға мүмкіндік берді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жуырдағы Жолдауында энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлгені белгілі. Бұл бағытта да бізде елеулі іс-шаралар жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы механика және автокөлік орталық қызметіне тиесілі 9 автокөлік боксы жөнделді. Өз күшімізбен дәнекерлеу цехы және май сақтау қоймасының құрылысы жүргізілуде. Мекемедегі автокөлік құралдарының 70 пайызы ағымдағы жөндеумен қамтылды. Бірнеше бірлік автокран, автотиегіш, жолаушылар тасымалдайтын ірі және шағын автобустар сатып алдық. Қордай ауданының электр қуатын тұтынушылары Қырғызстаннан келетін 110/35 киловольттық желілерге тәуелді. Қуат жетіспеген жағдайда олар бірінші кезекте Алмалы, Сортөбе, Масаншы, Трудовик елді мекендерінің жарығын өшіреді. Сондықтан да осынау тапшылықты жою үшін облыс көлемінде 1220/110/10 киловольттық және 2110/35/10 киловольттық қосалқы стансалар салу жобалануда. 220 киловольттық базалық қосалқы станса Қордай ауылының шығыс жағында салынатын болады. Мұның өзі Отардағы әскери гарнизонды электр энергиясымен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Облыс орталығы шекарасының кеңеюі, жаңа алқаптардың игеріліп, әлеуметтік инфрақұрылымның салынуы бізге де жаңа міндеттер жүктеуде. Бүгінде Тараздағы Сабалақов көшесінің солтүстік жағында, Автобекет пен Талас өзендерінің арасындағы және маңайындағы елді мекендерді тұрақты қуатпен жабдықтау үшін 110/35/10 киловольттық «Бурыл» және «Барысхан» атаулы қосалқы стансаларды салу үшін жобалар жасалуда. Облысымыз табиғат көздерінен алынатын баламалы энергия өндіруде, яғни, су, жел және күн стансаларының құрылысын жүргізуде республика бойынша алдыңғы орында келеді. Қордай асуында орналасқан жел қондырғылары бүгінде 21 мегаваттық қуатқа шықты. Келесі жылы оның қуатын 50 мегаватқа жеткізу жоспарлануда. Оның инвесторы – Қазақстан азаматтары. Сондай-ақ, шетел инвесторлары Шу ауданының «Шоқпар» алқабында қуаты 109 мегаватт жел электр стансасы және қуаты 50 мегаватт күн электр стансасы, Жуалы ауданының Қаратау тау бөктерінде қуаты 50 мегаватт, Жамбыл ауданының «Шөлдала» елді мекенінің жанында қуаты 100 мегаватт болатын күн электр стансаларын салу үшін елімізге белгілі «Энергия институты» ЖШС жобалау жұмыстарын жүргізуде. Тұрар Рысқұлов ауданының «Құлан» елді мекенінің жанында түрік ағайындар қуаты 50 мегаватт күн электр стансасын салатын болады. Аймақта келешекте жасыл энергиямен қамту үлесін бірнеше есе арттыру көзделуде. Экологиялық жағынан таза өнім болашақта осы мақсатқа газ және көмірді тұтыну мөлшерін азайтуға үлкен септігін тигізетін болады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, облыстың барлық энергетиктерін кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларына амандық, зор денсаулық, еңбекте табыс және игілік тілеймін!