Әлеумет

Бір бүйір ойлар

Бір бүйір ойлар

МАҚСАТ РЕФЛЕКСІ

«Дүниеде маған керек емес нәрселер де толып жатыр» депті Сократ. Міне, бұдан бейімді ісіңді ғана атқаруың керектігі мәселесі «төбе» көрсетеді. Бұл тұрғыда және бір оқымыстыңыз Г.Муреннің «Мақсат рефлексі» атты кітабында «Істеуге тырысатын кісі қолынан іс келетін адамнан да артығырақ жасайды» дейтіні де бар. Нақты өмірден алынған нақылдар. Әсіресе, жастар үшін үлгі, тағылым.

ӨЗ-ӨЗІМІЗГЕ ҮҢІЛСЕК...

Расында өзімізге-өзіміз жұмбақпыз. Содан да өзімізді- өзіміздің өмір бойы «зерттеуімізге», танып-білуімізге тура келеді. Бойымызда, ойымызда не бар, не жоқ, осы? Не жетпейді? Біле білсек, мінез – бойымызға әбден кірігіп, қалыптасқан күш. Оны бір деммен өзгерту де мүмкін емес. Өйткені, ол қанмен келіп, сүйекпен кетеді. Ал, жігер деген – кедергіге тап болғаныңда бойыңды кернейтін алапат күш. Осындайда Сібір орманында болған бір оқиға еске түседі. Бір азамат ну жыныс ішінде аюмен бетпе-бет келіп қалады да, оған сес көрсету ниетімен жолында жатқан дәу бөренені көтеріп қолына алыпты. Алайда, аюдың көзін ала беріп, бөренені көтерген күйінде үйіне қарай құлып ерен, қу талқан болып зытады ғой. Үйіне келген соң ғана бөренені былай тастап, дем басады. Ертесіне ауырлығы соншалық, әлгі бөренені үй іші болып жабылып көтере алсашы... Оны соншама жерден қалай «арқалап» әкелгеніне таң-тамаша болыпты әлгі азамат. «Жігер жоқ жерде жол да жоқ» (Бернард Шоу). «Ықылас – санамызға толассыз құйылып жататын күллі ақыл-ойдың көзі»  (К.Ушинский), «Зерделіліктің төркіні – тәсіл» (Т.Фуллер) екен! Осымен байланысты К.Станиславскийдің «Күрделі нәрсені оңай, оңай нәрсені үйреншікті, үйреншікті нәрсені жағымды ете біл» дейтіні бар. Мұндай әрекет тек әртістерге ғана емес, бәрімізге де керек-ау. Біздің өзіміз шынайы, иланымды өмір сүруден іргемізді аулақтатып үлгерген жоқпыз ба, осы? Д.Аддисон «Оқу – ой азығы, жаттығу – тән азығы» дейді. Нағыз өмір сүрудің бірегей формуласы да осы емес пе?!

БАТЫСТАҒЫ ДАЙДЖЕСТЕР

Көл-көсір ақпараттардың дүмпуі жер жарғалы қашшан! Батыста классикалық томдар кішкене кітапшалар түрінде шыға бастады. Кең ауқымды, қызық һәм шытырман оқиғалы кітаптар орнына комикстар басылуда.

ПОЛИГЛОТТАР

Жалпы, адамның мүмкіндігінде шек жоқ. Түрлі дәуірлерде өмір сүрген айтулы тұлғалардың елге белгісіз қырлары да көп- ақ. Минутына 2000 сөз оқитын Наполеон мен жарты сағатта бір романды түгел оқып шығатын Бальзакты қайда қоясыз! Бүгінде (сексенінші жылдар – Б.А) әлемде адамдар барлығы 2 974 тілде сөйлейді екен! Ал, лингсвистерді ауызекі тілде «полиглоттар» деп те атайтыны белгілі. Олардың кейбіреулерінің өмірде сирек кездесетін феноменальдық қасиетке ие екендігі кімді болсын таң қалдырмай қоймайды. Мысалы, Кардинал Меццофанти (1774-1849) 100 тілде сөйлеуді меңгерген.1961 жылы ГД Р -де профессор Геншстерман өмірден озды. Ол бас-аяғы 132 тіл білген. Итальяндық профессор Тальявани мен мәскеулік М.Дворцкий де көп тілде сөйлей алыпты... Атақты неміс археологы Генрих Шлиман он төрт тілді еркін меңгеріпті. Ол Гамбургтен Каракасқа жеткенше испанша сөйлеуді үйреніп шығатынын айтып, айтып қана қоймай, мұны нақты өмірде дәлелдеген де екен. Осымен сабақтас және бір жайт, атақты қылқалам шебері Айвазовский өзінің «көргіш аппараты» жітілігінің нәтижесінде суреттерін жадынан салған деседі...

МНЕМОНИКА

Өмірде емтиханнан соң жиналған ақпарат студент ойынан шығып кетеді деген белгілі парадокс бар. Мұндайда «Зерделілік төркіні – тәсіл» деп жоғарыда айтқанымыздай, мнемоника ілімі көмекке келе алады-дүр. Мнемоника кез келген нәрсені болсын ұмытып қалмас үшін қолданылатын табиғи ассоциациялар жасау көмегімен есте сақтауды қамтамасыз ететін, жасанды түсініктер арқылы қажетті мәліметтерді еске сақтауды жеңілдететін ережелер мен тәсілдер жиынтығы, есте сақтау өнері. Мнемоника таңбалары сақталып қалған немесе шоғырланған бірнеше зат арқылы, солардың суреттерінен көрінуі бек мүмкін. Мысалы, біздің еліміздің таулы өңірлерінде де садақа беру мен соғыстың, соғыс жариялаудың мнемоника-таңбасы – таңбалы тастар өте көп-ақ. Солардың бетіндегі қолына найза, садақ ұстаған адамдар мен әр түрлі аң суреттері ерте замандағы аң аулау көрінісін еске түсіретін мнемоникалық таңбалар. Тай Симонид мұндай әдісті бұдан 2,5 мың жыл бұрын қолданса керек. Ежелгі Рим философы әрі шешені Цицерон жұмысына күн сайын жаяу қатынап жүріпті. Оның жіті назарынан жол бойының күнбе- күнгі өзгеріс-ерекшелігі әсте тыс қалмаған. Біраз уақыттар өткеннен кейін ол жүрер жолын жақсы білгені сонша, оның әр иініндегі көріністерді уақ-түйегіне дейін түгел жадына тоқып үлгереді. Бұдан соң Цицерон жолға байланысты өз жадынан қандай да бір нәрсені ойша «теліп», ұқсатуды үйренген. Осынысы жол бойының белгілі бір бөлігін еске алғанда, сол сәтінде-ақ жадына орала кетеді екен. Әлемдік тәжірибеде бар осынау іліміңіздің біздегі, қазақтар арасындағы таралу, насихатталу жай-күйі қандай дегенде, тілімізді тістей қаларымыз да анық қой. Жоғары жақтағыларды айтамыз да... баяғыдан бері қалыптасып, қазақтар үшін «ата кітапқа» айналып үлгерген «Әліппеге» жаудай тиісіп, оқу үрдісінен аластауға дейін барған орыс тілді, орыс мінезді қаракөздеріміздің жас ұрпаққа «Моторика», «Валеология» (көбісінің атаулары тіл ұшына оралмай тұр) секілді шалажансар пәндерден гөрі, міне, осындай пайдасы, берер, үйретер тәлімі мол танымдық дүниелерді, өзтаным лұғатын орт амызға оралтуға мүлде асықпайтыны қарадай түңілдіретінінің несін жасырайық!

ШІРКІН, ШЕШЕНДІК ӨНЕР!

Бағзы кездері Р. Ларошфуке деген данышпан «Не қажет болса, соның бәрін айту, артық сөз қоспау – нағыз шешендік деген сол» деп айтып кетіпті. Сөз-ақ қой, шіркін! Цицерон өзінің кекештігінен төбесіне жүзі қылпыған алдаспан қылыш іліп қойып, арылыпты дегенді жастау кезімізде бір кітаптан оқығанымыз бар. Айтулы шешен осынысымен өзінің бойыңдағы елеулі кемшілікті өзің жойып, өзіңді өмір бойы тәрбиелеуің керектігін де үлгі етіп кеткендей көрінеді де тұрады. Кемшілік демекші... Біз көбінесе, тілге жүйрік, не айтса да қисынын тауып айтатын жезтаңдай, ділмар, айыркөмей, орақ ауыз, от тілді, сөзуар, тапқыр кісіні «шешен» деп танимыз. Бағзы кездері олар елдің айрықша құрметіне ие еді. Олар орталарына келсе-ақ, балаларының аузына түкіртіп, отырған жеріне аунатып та алатын болған. Көпті көрген, көп жасаған қарияларымыз да би-шешен кісілерге еліктеп, оқымаса да көкейге тоқығандарын, одан жасаған қорытындыларын құймақұлақ жастарға үйретуден әсте жалықпаушы еді... Таңды-таңға ұластырып, қисса-жырыңызды жатқа соғатын «айтқыштарымыздың» саны сұйылыңқырайын деген жоқ па, осы. Жұлдызға қарап, жүрер жолын бағдарлап алуды, ма лды қолға үйретуді, адам емдеуді, тағы басқаларын бағзы заманда-ақ жақсы меңгерген ата- бабаларымыздың үлгі-үрдісі, өмір сүру салты жоғарыда айтылған «мнемоникаңызды» мың орап кетеді емес пе? Жалпы, шешендік – тек жақсы мен жайсаңның ғана еншісіндегі өнер емес, бүкіл халықтың қасиет, киесіндей еді. Қазір бұл «халықтық қабілеттің» ізі көмескілене бастаған сыңайлы. Кейде «сөз атасының» басынан аттап кетіп жатамыз, сөзде қадір, қасиет қалмауға айналып барады. Сөз тыңдар құлақ болса, қанеки! Бүйте берсек, бағзыдан бері үзілмей, атадан балаға мұра болып жеткен сөз өнерінің, шешендік өнеріміздің тоқырап, тоқтап қалуы да әбден мүмкін-ау... Мені мәселенің, міне, осы жағы секем алдыра береді!

«БАНАН» СЫРҚАТЫ

Рухани жұтаңдықтың түбі – сор. Зиялыларымыздың айтуынша, пенде атаулының бірінсіз-бірі жоқ – тән мен жан бірлігін сақтамай, бір ғана бағытты таңдап, тек ішіп-жеуді, киінуді, жақсы үйге кіріп, әйбат мәшине мініп уайым-қайғысыз өмір кешуді, бірінен-бірі асып, байлық таластыруды ғана ойлаумен (бір емес, бірнеше оқу орнын бітіргендігі туралы дипломды, кандидаттық, докторлық атақтарды да ебін тауып «қалпақпен» ұрып алады олар) «ауыруы» дүн-дүниені жайлап, жапыра жалмап келе жатқан «банан» сырқатының белгілері-дүр. Кейде маған дүмдінің сорлыға тізе батыруында да осы дерттің шалығы бардай көрінеді. Өмірде бар жиып-тергені бір-екі мыңдық жасыл қағазға (доллар) жетпей, жинағын шығара алмай қан құсып жүрген ақын қанша! Ал әлгі «бананмен» ауыратындардың ондай ақша «қазан-ошағын бүтіндеуіне» де жетпейді. «Ханзадалық» өмір – дүниеге тоймаушылық, ашкөздік түптің түбінде, жа лғандағы әділетсіздіктің, бірін-бірі ойланбай құрбандыққа шалудың, қиянаттың, арамдықтың, арсыздықтың, сатқындықтың, «өзгеге емес өзімде болсын» дейтін іштарлықтың, қатыгездіктің балалап өрбіп, көбеюіне алып келіп жүрмесе деңіз...

АҚЫЛДЫ ХАЛЫҚ

Темза Ұлыбританиядағы ең үлкен өзен екенін, ұзындығы 334 шақырымды, су жиналатын алабы 15,3 мың шаршы километрді құрайтынын өздеріңіз жақсы білесіздер. Жағалауында Ұлыбританияның астанасы – Лондон, Оксфорд, Рединг қалалары орналасқан. Міне, осы өзеннің жағалауына, құрғаққа шығып қалған алып китті құтқаруға ағылшындықтар тарапынан 180 мың доллар жұмсалынған! Бір ғана хайуанның өмірін сақтап қалу үшін осыншама шығынды ауырсынбаған елден көп нәрсе күтуге де болады ғой...

НАМАЗ ОҚИСЫЗ БА?

Мұсылмандық бес парызымыздың бірі – намаз оқудың тиімділігі жөнінде Ресей газеттерінің бірінде былай деп жазылыпты: «Мұндайды (намаз оқуды) ирандықтар жасайды. Күніне бес мәрте. Сондықтан да оларда радикулитпен, артритпен, артрозбен ауырып, зардап шегу деген мүлде жоқ...»

КАДР ТАҢДАУДА ҚАТЕЛЕСПЕ!

Өкінішке орай, кей басшы халқымыздың хас батыры Бауыржан Момышұлы айтқандай, әлі де «...жағымпаздармен ақылдасқыш келеді, соның айтуымен кадр таңдайды, бұл – үлкен кемшілік. Содан қолынан нағыз іс келетін адамдар тасада көрінбей қалып қояды. Жағымпазға сенген басшы кімнің қандай нәрсеге қабілеті барын біле бермейді. Басшы екені рас, бірақ таразының бір ғана басын тартады... Адамның басындағы ең ауыр қиыншылық – өзің қызметке алған кісіңнен өзің құтыла алмауың. Аларыңды алдың, содан қалай құтыларыңды білмейсің. «Мені мынадан құтқар», – деп ешкімге айта алмайсың. Айтсаң: «Е, өзің алып едің ғой, менің айтар ақылым жоқ» деп тастар. «Аларыңды алдың, бір пәлеге қалдың» деген осы» («Ұмытылмас кездесулер», Алматы, «Жазушы» баспасы). (Жалғасы бар).  

Баймаханбет АХМЕТ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі