Әлеумет

Қытай компаниясының өкілдерін қабылдады

Қытай компаниясының өкілдерін қабылдады

Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Юаньтуо Энерджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Лю Цзибяоны қабылдады. Алдымен басқосуда Лю Цзибяо серіктестіктің негізгі инвестициялық ұсыныстарын айтып, жобаларымен таныстырды.

Айтуынша, 2020 жылы құрылған қытайдың «Гуйлин Динъюэ» импорттық-экспорттық сауда компаниясы алдағы уақыттары Қазақстанда бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асырылуын инвестициялауға дайын. Компания бүгінде облыста марганец кенін өңдеу зауытының және қуаты 100 МВт-ға дейінгі күн және жел электр стансаларының құрылысын салу жобаларын жүзеге асыруға ерекше қызығушылық танытып отыр. Алғашқы жоба бойынша 2023-2025 жылдары қолға алынатын зауыт құрылысына 30 миллион АҚШ доллары жұмсалып, нәтижесінде 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болса, күн және жел электр стансаларының құрылысына 100 миллион АҚШ долларын құю жоспарланған. Егер өңірде аталған электр стансаларының жобасы жүзеге асырылса, 150-дей жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылмақ. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бүгінге дейін өңірде бірқатар қытайлық компаниялардың маңызды жобаларды жүзеге асырып жатқанын, «Юаньтуо Энерджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің облыста марганецті өңдеу зауытын салу және күн электр стансасын іске қосу жобалары қызықтырып отырғанын айтып, осы аталған екі жобамен алдағы уақытта жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді. Егер осы жобаларға қатысты дайындық мәселелері тиісті деңгейде шешіліп жатса, өз тарапынан барлық тиісті көмек пен қолдау көрсетуге уәде етті. Өз кезегінде қытайлық компания басшысы Лю Цзибяо облыс әкіміне екі тарап үшін де тиімді жобаларға қолдау көрсеткені үшін алғысын жеткізді.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП