Әлеумет

Биыл 9 жаңа мектеп пайдалануға беріледі

Биыл 9 жаңа мектеп пайдалануға беріледі

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте білім беру саласына және халықпен тұрақты кері байланысты қамтамасыз етуге қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбектің айтуынша, 25 білім беру нысанының (17 мектеп, 8 қосымша ғимарат) құрылысына 23,1 миллиард теңге бөлінген. Жыл соңына дейін 9 мектеп пен қосымша ғимарат пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, 17 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізуге 4,4 миллиард теңге, 47 нысанды ағымдағы жөндеуге 668,3 миллион теңге қаралған. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Қордай ауданының №7 Бетқайнар колледжінің жатақханасын ағымдағы жөндеуден өткізуге 154,1 миллион теңге және Қордай ауыл шаруашылығы колледжінің оқу корпусын жылумен жабдықтау жүйесін жөндеуге 38 миллион теңге бағытталған. 281 мектепте интернет жылдамдығы 20 мегобит/сек-тен жоғары, ал 165 мектепте 20 мегобит/сек-тен төмен екендігі анықталған. Осы орайда мектептерде интернет жылдамдығын арттыру үшін 61 миллион теңге бөлінген. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасы және байланыс операторларымен бірлескен жұмыстарының нәтижесінде 165 мектептің 18-інде интернет жылдамдығы артқан. Интернет сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізу үшін 136 мектепке бөлінген қаражат аудандық білім бөлімдеріне берілген. Сонымен қатар, басқарма басшысы мектептерде балалардың ыстық тамағын ұйымдастыруға да айрықша көңіл бөлініп отырғандығын атап өтті. Биыл жалпыға міндетті орта білім беру қорынан оқушылардың тамақтануына 3,2 миллиард теңге бөлінген. Мәселен, 2022-2023 оқу жылында 49137 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Сондай-ақ, биыл жалпыға міндетті орта білім беру қорының есебінен әлеуметтік қолдауға аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 48671 оқушыға 6 миллиард 64 миллион 606 мың теңге бөлінді. Облыста 224 мектепке дейінгі ұйымда, 446 мектепте және 20 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында бейнебақылау камералары орнатылған. Облыс әкімі білім және цифрлық технологиялар басқармаларына мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды. – Құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мектептер оқу жылы басталғанға дейін тапсырылуы тиіс екендігі бірнеше рет айтылды. Жауапсыз мердігерлердің кінәсінен балалар зардап шекпеуі керек. Егер компаниялар белгіленген мерзімінен кешіктірсе, шара қолдану қажет, – деп атап өтті Нұржан Нұржігітов. Кеңесте облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхаммед Ниязбеков, облыс әкімі баспасөз қызметінің басшысы Данияр Асқарұлы жергілікті атқарушы органдардың халықпен кері байланысының сапасы туралы баяндама жасады. Ал, орындаушылық тәртіп мәселелері бойынша облыс әкімі аппаратының өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы Жандарбек Әбдіхалықов есеп берді. Облыс әкімі тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындау, тұрғындардың барлық өтініштері мен сұраныстарына жедел ден қоюдың маңыздылығын атап өтті.  

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.