Бір дертті арқалаған екеу
Бір дертті арқалаған екеу
Әйел тым әлсіз екен. Былқ-сылқ етіп, аяғын жерге тірей де алмады. Күйеуі маған «өзім көтеремін» деп белгі берді. Жанарынан жас парлап тұр. Елуді еңсерген екеу үшін осы сәт те қымбат-ау. Тіпті дәл осы минутта дәуір тоқтап қалса да, сүйген жарын дәл осы күйде мәңгілік арқалап жүргеніне де разы сияқты. Әйелді көтеріп есікке беттеген кісінің қолынан домофонның кілтін алып, есікті аштым. – Қай қабатқа? – деймін дегбірсізденіп. – Бесінші қабат, – деді жігіт ағасы. Жазық жердің өзінде сүрініп, әрең кетіп бара жатқанына жаным ашып, тағы сүйемек болып едім, «арқама салып жіберші» деп еңкейді. Әйелдің дерті жанына батса да, үнсіз ернін тістеп тұр. Ол да өзінен бұрын күйеуін ойлайтын сияқты. Мойны салбырап, басын тік ұстауға қауқары жетпей дір-дір етіп тұрса да, күйеуінен көз алмады. Жоғары көтеріліп бара жатып: – Алла, қуат бере гөр, – деген даусы құлағымда қалып қойды... «Махаббат жеңеді» дедім мен де іштей сыбырлап, бір дертті екіге бөліп, арқалаған екеудің соңынан қарап тұрып.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ