Әлеумет

Құтқарушыларға қайық керек

Құтқарушыларға қайық керек

Халқымызда от пен суды «тілсіз жау» деп жатады. Соңғы уақытта Шу ауданында суға батып бақилық болған жандардың қатары артып келеді. Ажалға қарсы амал жоқ. Десек те, адам әрекетсіз отырмауы керек. Мұны айтуға соңғы статистика түрткі болып отыр.

Шу аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Тимур Кариевтің айтуынша, жыл басынан 3 ересек, 3 бала суға кеткен. Оның біреуі шомылу кезінде болса, қалғаны қайғылы жағдай есебінде тіркелген. Қойылған белгілерге, жасалған ескертулерге қарамастан мұндай өкінішті жағдайлар жыл сайын қайталанып тұрады. Мәселен, Белбасар ауылының төменгі тұсында 2016 жылы туған қаршадай қыздың Шу өзеніне батып кеткені баршамызға белгілі. Жайсыз хабарды естіп, біраз адамдар дел-сал күйге түсті десек болады. Жазмыштан озмыш жоқ. Алайда, мемлекеттің басты құндылығы – адам болғандықтан, құтқару қызметіндегі бір кілтипанды көрсетуді міндетіміз деп санаймыз. Әр жыл сайын Шу ауданында суға кету деректері тіркеледі. Ал, суға кеткен адамды іздестіру үшін сүңгуірлер мен қайық бізден 265 шақырым алыста жатқан Тараз қаласынан шақыртылады. Осыдан-ақ бағамдай беріңіз, Ресейдің УАЗ 2206 (бөлке нан) көлігіне тиелген құтқарушылар қайығы сағаты 80 шақырым жылдамдықпен оқиға орнына кем дегенде 3-4 сағатта жетеді. Ал, ағыны қатты су құтқарушыларды күтіп тұрмағандықтан, суға кеткен жанның денесін одан әрі ұзатып жібереді. Сондықтан құтқару былай тұрсын, адам денесін табу мұң болып қалады. Соған байланысты тым құрығанда жаз мезгілінде Шу ауданына бір кезекші қайық бөлуге не кедергі, деген сауалмен жергілікті құтқарушыларға қайырылған едік. Төтенше жағдайлар бөліміндегілердің айтуынша, олардың лауазымдық міндеттеріне суға кеткен адамды құтқару жұмысы кірмейді екен. Ал, өрт сөндірушілерді суға кеткен адамды іздестіру жұмысына тартуға болмайды. Себебі, бұл міндетті арнайы дайындықтан өткен сүңгуірлерге ғана атқаруға рұқсат етілген. Сондықтан олар амалсыз облыс орталығынан күш шақыртатын көрінеді. Ауданда өзен атымен аталатын су айдындары аз емес. Өкінішті жағдайлар да алғашқы мәрте тіркеліп жатқан жоқ. Солай бола тұра, осындай оқиғалардан сабақ алмайтынымыз қалай? Әлде, арнайы штат бөліп, қайық беруден гөрі, мамандарға іссапар ақыларын төлеп отырған тиімді ме? Қайғыдан қан жұтып отырған жандарға жақынын жедел табу жұбаныш емес пе? «Сақтансаң – сақтайды» деген сөзді біз жиі айтамыз. Бұл нақыл құтқарушыларға да қағида болуы шарт. Біз әлгі УАЗ көлігінен көрген қайық нарықта ең қымбаты 2 миллион 328 мың теңге, ортанқолы 1 миллион теңгенің айналасында. Қауқарымыз жетпейтіндей, тікұшақ көксеп отырған жоқпыз. Сондықтан, Шу ауданында сүңгуірлер мен құтқарушылар қайығы жедел түрде керек. Себебі, алдымызда жаздың әлі бір жарым айы бар. 43 0С аптап ыстықта еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін суға шомылғысы келетіні белгілі. Адам өмірі тұрғанда материалдық құндылық жоғары болмауы тиіс. Мұны басшылар жадында жақсы сақтаса дейміз. Қажетті қаржы бөлу үшін қанша адам құрбан болуы керек? Қанша адамның денесі суда борсуы қажет? Иә, таяқтың екі ұшы болатыны ақиқат. Бұл орайда адамдар да сақтық шараларын ұмытпай, құтқарушылардың үніне құлақ асуы керек. Ол үшін белгіленбеген жерде шомылып, мас күйде суға түсуден аулақ болған абзал. Сондай-ақ, балаларды ұдайы бақылауда ұстап, судың таяз жерінде шомылдырған жөн. – Шомылу маусымы басталғалы біздің бөлімнің қызметкерлері әкімдік мамандары мен еріктілерді тарта отырып барлығы 23 рейдтік шаралар өткізіп, 1400 жадынама таратылды. Одан бөлек, әлеуметтік желілерді пайдала отырып суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау жөніндегі жазбалар жарияланды. Сонымен қатар, аудан аумағындағы 40- қа жуық білім беру ұйымында 2400-ден астам оқушыға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Соған қарамастан, аудан аумағында суға кету оқиғалары орын алуда. Олардың басым көпшілігі бейқамдықтың салдарынан деуге болады. Қазіргі таңда ҚР ӘҚБК 412-бабы бойынша 2 азаматқа қысқартылған түрде айыппұл салынды. Бұдан алдын біз Тасөткел су қоймасында тұрғындарға аталған кодекстің бірнеше бабын таныстырып, әкімшілік шара қолданылатынын ескерткен болатынбыз, – дейді Тимур Кариев. Қорыта айтқанда, Тасөткел сынды алып су қоймасы, бірнеше айдыны, өзені мен су каналы бар Шу ауданында арнайы ауданаралық бөлімше құрылуы керек. Жоқ дегенде төтенше жағдайлар бөліміне 2-3 сүңгуір штаты беріліп, материалдық- техникалық база қайықпен қамтамасыз етілуі тиіс. Суға кеткен адамды 4 сағаттан соң іздестіру қаншалықты көңілге қонымды?  

Байжан ЕМБЕРДІ,

журналист.

Шу ауданы