Әлеумет

Тауық бағудың тауқыметі

Тауық бағудың тауқыметі

Тірліктің қамыменен ұдайы біз, Сырт көзге сыпайымыз, шынайымыз. Бір мезгіл әзіл-қалжың жақсы емес пе? Күлкіден айырмасын Құдайымыз... Қу заман күнкөрістің ауырында, Тірліктің жүгін артқан жауырынға, Көзге оғаш қылығымен күлдіретін, Жігіт бар Науат деген ауылымда. Нәукеңді Наубай дейді еркелетіп. Шығады қансонарда ертелетіп, Есекпен тазы ертіп түлкі алады, Аңызын айтайын сыр шерте кетіп.. Бұл қалай есек мінген күйге енеді, Жалғыз ат тақымдағы жирен еді, Ат сатып қысылғанда сиыр алып, Сүтіне бала шаға үйренеді. Сүт ішіп, сары май жеп, қаймағымен, Жырғап еді көрші-қолаң аймағымен. Сиырды сатып бизнес жасаймын деп, Қағынды әпенде ағам пайдакүнем. Ешкіні қайта сатып әлек еткен, «Ақыры құтылдым-ау бәлекеттен, Ақшасын құртпай тауық алайын», – деп, Кідірді келіншекке сәлем еткен. Келіншек мың құбылып, аға деді: Сіз үшін көтермеймін баға тегі, Білсеңіз өзі ауқат, өзі жастық, Қызығын көрді бала-шаға деді. Жүрегі жылығандай лебізінен, «Жықпаймын қыз көңілін, негізі мен, Садақа сіздей жанға болайын», – деп Жиырмасын алмақ еді, сегізі кем. Тауықты он екі бас алды сатып, Қапқа сап аузын оның буды шатып, Көп іспен көрген еді шұғылданып, Байқамақ бұның да бір дәмін татып. «Бұйырса бұл еңбегім өтеледі», – Деп қапты иыққа сап көтереді, «Жатайын құс төсекте жұмыртқа жеп», – Деген бір арман алға жетеледі. Басының терін сүртіп, шұңғыл маңдай, Көлікке отырды іс тындырғандай, Түсерде қысылысып ел ішінен, Тауықтың даусы шықты шыңғырғандай. Түскен соң автобустан демін басып, Қапты ашып қарап еді қалды сасып, Көргенде шалажансар тауықтарды, Кетті ғой ағамыздың өңі қашып. Мұндайда ойланарға мұрша бар ма, Тастады қапты аударып құм-шағалға, Жекелеп жайғастырды қапаланып, Жанашыр жан табалмай мұң шағарға. Шымырлап бара жатыр құйқасы да, Мал бағып пайда тапқан сиқы осы ма, Бір тауық өліп жатыр тыпыр етпей, Қарап тұр жүрек сыздап қимасына. Сабыры сарқылғандай, төзе білген, Күрсінді жалын атып өзегінен, Берсін деп берекесін қалғанына, Тауықтың шешті аяғын кезегімен. Бар еді үй сыртында қамысты өзек, Тауықтар өзекке кеп кірді кезек, Қалыңға кіріп алған тауықтарды, Ағамыз үркітіп жүр таяқ кезеп. Үркітті және атқылап кесекпенен, Шыққанын өзі тұрып есептеген, Екеуі жатып алды қасарысып. Тоғызы қашып шықты безектеген. Айғаймен Нәукең елді дүрліктірді, Жиналып ауыл-аймақ бірлік қылды, Күлтөбенің басында кеңес құрып, Тауықты шығармаққа тірлік қылды. Ойларын ортаға сап түйген ептеп, Жүгірді амал құрып күйгелектеп, Бір бала айтты «қамыс өртейік те», Қалтамда шақпақ бар ши керек деп. Жатпады көп ойланып қалау етпей, Өртенді қамыс біткен алау беттей, Бір тауық ұшып шықты қанат жайып, Өртенген соғыстағы самолеттей. Біреуі қалды жанып ортасында, Майы еріп ұқсап қызу қорғасынға, Нәукеңе бұйырмаған бұл тауықтың, Бақалар қарық болды сорпасына. Он тауық кірді ауылдың іргесіне, Түнеді көршілердің күркесіне, Жыр болған Нәукеңнің бұл оқиғасы, Сәлден соң қайта оралды жұрт есіне. Нәукеміз мұны көріп мазаланды, Ол түгіл бүкіл ауыл жазаланды, Не керек, бес-алты күн арасында, Тауықтан көше түгел тазаланды. Аға ұрсып жеңгелері бақырады: – Қораз жоқ, таң атса не шақырады? – Садақа бастан құлақ, – деді Нәукең, «Орнына көк есегім ақырады».  

Болат ӘСІЛБЕКОВ. Мыңқазан ауылы, Меркі ауданы