Әлеумет

Мен сені сүйем, өмір

Мен сені сүйем, өмір

Бүгін құлазып, көңілім түсті. Өмір қап-қараңғы қара түнектей боп көрінді. Шын жалған екенін сезіндім. Талай рет осылай боп көрінген өмір, шын мәнінде басқаша болып шығып еді ғой. Бұл күйдің де жалған екеніне көзім әбден жеткен. Дегенмен, адаммын, әлсіз адаммын. Кейде сынып бара жатқандаймын. Қанша ұстамды болғаныммен, сырт пішінімнен де білініп тұрады.

Келе жатырмын. Түңіліп, мұңның терең шұңқырына құлап бара жатқандаймын. Арасында тырысып қалған шекемді жазып, жүрісімді тіктеп, серпілгендей боламын. Сөйтсем де ауыр мұңның салмағы басып алды. Ауырлап кеткен еңсемді әрең көтеріп келем. Сауда орталығына кірдім. Алдымнан сөйлей алмайтын, яғни ыммен сөйлесетін жас жігіттер шықты. Ешкімнен кем емес, әп-әдемі балалар. Біріне-бірі бірдеңені ыммен жеткізіп келеді. «...Неткен азап – сөйлей алмау, айқайлай алмау, дауысың жарқылдап қуана алмау, көсіліп әңгіме айта алмау» деп ойладым. Іштей өзіммен-өзім диалогқа түсіп сөйлесіп келем. Ойым түгел солар жаққа ауды. Әлгі балалар арқалаған сынақ неткен ауыр еді. Менің жылауым ұят екенін ұқтым... Тағы біраз уақыт өтті. Кафедемін. Енді алдымнан бір аяғын баса алмайтын, балдаққа таянған, әлі жиырмаға да тола қоймаған жас қыз шықты. Қасында әпкесі әлде анасы ма, бір әйел сүйеп келеді. Әрең дегенде ас үстелінің басына отырды. Отырғанда тынысы жиілеп, қиналған дыбысы шығып кетті. Жаяу жүру ауырға соқты-ау деймін. Қалаған жеріңе өз аяғыңмен зымырап жетудің маңызын сезіндім... Менің алдымда таудай болғанымен, көзге көрінбес «бөгетім» шын мәнінде бөгет емес екен. Небәрі көңілде ғана түзілген қарайған нүкте. Өз ойым, өз ақылыммен жасалған қамал ғана. Шындап келгенде, ол қамал жоқ та! Оны менің ойым жасаған. Сол таяз ойдың шеңберінен бір сәтке шыққанда оның жоқ екенін түсініп қалдым. Сау ақылым «Сенікі дұрыс емес. Жоқты емес, барды, болмайтынды емес, болатынды ойла» дейді. «Бұл өмірде ең өнімді іс – өзіңді тұлға ретінде жетілдіру. Талантыңды шыңдау» дегенді естіп едім бір кісіден. Сол іс қайырлы. Ол істің қожасы өзіңсің. Қанша, қалай жасайсың – бәрін тек өзің шешесің. Өзіңнің, айналаңдағылардың өміріне сәуле түсіремін, өмірін реттеуге жәрдем етемін десең, ол – мәңгілік іс. Шегі де, аяғы да жоқ. Сондай ізгі істі істеп жүріп күш аласың, қуат аласың. Одан да жақсы еткің келеді. «Міне! Осы істің соңына түс те, өзгені ойлама» деймін ішіп отырған шайым таусыла бастағанда. Жолда баяу жүріп, жоспар құрып барамын. Әлгі бөгетті бұзып өткендей болып үйіме аяңдадым. Бұрын бәрі қап-қара түске боялғандай еді. Жап-жарық екен ғой айналам!  

Бану ОҢДАСЫНОВА.