Әлеумет

Құмар ойын құл етеді

Құмар ойын құл етеді

Талайдың басына тауқымет болған құмар ойын тақырыбы – әр заманның өзекті мәселелерінің бірі. Қаншама айрандай ұйып отырған отбасын бұзған, қаншама адамды қарызға батырған, ата-анасы, әйелі, бала-шағасы арасындағы қарым-қатынасқа балта шапқан, адам баласын өз-өзіне қол жұмсауға дейін итермелеген құмарлықтың арбауына түскендер өте көп. Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналып, олардың орташа қарызы 10 миллион теңгеден асқан. Еліміздегі 10 жұптың 7-еуі құмар ойынның кесірінен ажырасады.

Тарихы сонау ежелгі замандағы жануарларды жарыстырудан басталып, кейіннен лотерея, казино, ойын автоматтары, карта ойындары, ұтыс тігу секілді ойындар қарапайым көрінгенімен, медицина тілінде «лудомания» ауруы деп аталады. Яғни, бұл жай ғана қызығушылық немесе ойын емес, бұл ғалымдармен зерттелген аурудың бір түрі. Сау адамды ауру, тәуелсіз адамды құл ететін құмар ойынның пайда болу себептері өте көп. Посттравматикалық ауруларды емдейтін маман Торген Гид «Құмар ойындарға тәуелділік қалай дамиды?» деген сұраққа жауап берген екен. Ол «Құмар ойындарға тәуелділіктің пайда болуы күрделі құбылыс, онда көптеген факторлар рөл атқарады, бірақ ең маңыздылары – өзін- өзі бағалаудың бұзылуы немесе тұлғааралық қарым-қатынастың бұзылуынан пайда болады» деген тоқтамға келген. Торген Гидтің зерттеуімен толықтай келісемін. Шынымен де баланың тұлға болып қалыптасуына ата-анасының көңіл бөлмеуі, қалауын тыңдамауы, әке-шешелері мен балалар арасында үлкен ұрыс-керіс тудырып, кейіннен жасөспірім үшін оның арты түсініспеушілікке, күйзеліске, өзін-өзі бағаламау, комплекске алып келуі мүмкін. Іштей қажыған тоқтаусыз ойлардан біреу жеңіп шықса, кейбір адамдар, өкінішке қарай, осы «шайтанның» арбауына түсіп жатады. Ал, ойынның азартына бір кірген адамның бұл тордан қайта шығуы өте қиын. Бұл дерт кәрі-жасты таңдамайды. Ғалымдар құмар ойынның не себепті өзіне баурап алатынын зерттеген болатын. Зерттеу бойынша, бәс тігіліп, ойын бастала салысымен адамда адреналин қанға еніп, ми эндорфин, яғни, бақыт гормонын шығарады екен. Ал, ол адамға бірнеше минут немесе сағат бақыт пен рахат сыйлайды. Бұл дерт есірткі, алкогольге тәуелділік секілді аурулармен қатар тұратын аурудың бір түрі. Ең сорақысы, бұл індет ашықтан-ашық жарнамаланады. Қаланың орталығында үлкен баннерлерге ілініп тұрады, теледидар көріп жатқан кезде де халықтың жақсы көретін актерлары, спортшылары, блогерлері «Оңай ақша табу жолын қалайсың ба?» деп жарнамалап жатқанын көрген кезде әр нәрсеге сенгіш қарапайым халық оңай ақшаға жүгірмегенде қайтсін? Алайда, бұл жол оларды табысқа емес, үлкен күнә мен тәуелділікке апарарын білсе де бұл «тордың» құрбанына айналғандар қаншама. Бұл дерттен арыламын деушілерге, ең бірінші мәселені, яғни, құмар ойындарға тәуелділіктің психологиялық ауру екенін түсіну үлкен жетістік. Көптеген психологтардың айтар ақылы – жаңа хобби табу. Барлық жаман ой, күш, энергиямызды спортқа жұмсағанымыз абзал. Ешкімнен көмек күтпеңіз, өз кінәңізді біреудің мойнына артпаңыз. Әрине, бірінші қадам жасау оңай емес. Бірақ, құл ететін құмар ойынның арбауынан шығу үшін күш-жігеріңіз, өзіңізге деген, дінге, туыстарыңызға және кәсіби мамандардың көмегіне деген сенім барлығын жеңіп шығуы тиіс.  

Аружан СҰЛТАНОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті конвергентті журналистика мамандығының 1-курс студенті.