Әлеумет

Тұрғындардың талап-тілегін тыңдады

Тұрғындардың талап-тілегін тыңдады

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Т.Рысқұлов ауданына барған жұмыс сапарын Тереңөзек ауылының тұрғындарымен кездесуден бастады. Осы ауылдың аумағынан кварцит алатын өндіріс орыны салынбақшы. Ауыл тұрғындарында өндіріс процесі адам денсаулығына қауіп төндіре ме деген күдік басым.

Бірер жылдан бері бізді ауылымыздың тау жағынан кварцит алу өндірісі толғандырып отыр. Өндіріс орнында тасүгіткіш пайдаланады екен, одан шыққан шаң экологияны ластап, ауыл халқының денсаулығына зиянын тигізбей ме? Экономиканы ойлап, экологияны ұмытып кетпейік. Сол істі жүргізетін кәсіпкерлер ауылымызға ағын су жүргізіп берсе және салықты ауылымыздың бюджетіне түсетіндей етіп тіркелсе дейміз. Сондай- ақ, жұмысқа 80 пайыз осы ауылдың тұрғындарын алсын, егер біліктілік сәйкес келмесе қажетті мамандыққа жастарымызды осында оқытса және осы округке қарайтын үш елді мекенге халық игілігі үшін аллея салып берсе деген талап- тілегіміз бар. Сонымен қатар, инвесторлар жыл сайын ауыл тұрғындарына есеп беріп тұрса екен, – дейді ауыл тұрғыны Қаныш Тышқанов. Барлық инвесторлар жұмыстарын заң аясында жүргізетінін айтқан облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы бекітілген келісімшарт бойынша өңірдің әлеуметтік- экономикалық дамуына қаражат салып тұратынын ескертті. Осы округтегі үш елді мекенде 3 334 халық тұрады. Осында жұмыс істейтін инвестор да сол халықпен тығыз байланыста еңбек етіп, жұмысшыларының тіпті 90 пайызын тұрғылықты халықтан қамтиды деп ойлаймын. Себебі, инвесторға да экономика жағынан сол тиімді, басқа жақтан әкелген жұмысшыны баспанамен қамту керек. Бұл өндіріс орыны іске қосылғанда, 120-150 жұмыс орыны ашылады. Есеп бойынша мұнда 250 миллион тонна кварцит бар, оны қазып алғаннан соң Шу ауданындағы химпаркте салынатын зауыттарда өндіріледі. Яғни, оншақты жыл ішінде бұл жобамен 5-6 мың жұмыс орындары ашылады. Бұл жобаны қолға алған кәсіпкерлер Үкіметтен бір тиын да сұрамай, ауылдардан жұмыс орындарын ашып, ел экономикасына үлкен үлес қосқалы отыр. Мұндайда қолдау көрсеткеніміз дұрыс. Ал, ауылдардан аллея ашуға келсек, оны ауылдықтар бірлесіп атқаруы керек. Шығынды кәсіпкер өтейді, орындалатын жұмысты ауыл әкімі ұйымдастырып, тұрғындар сенбілікке шығып, атсалысуы керек. Ағын суға келсек, өзіміздің жоспарға сәйкес биыл жобалық құжаттарын жасап, қажетті қаржысын есептеп, келесі жылы республикамен бірлесіп жұмысты бастаймыз. Тасүгіткіш егер өндіріске қажет болса, алып тастай алмаймыз, бірақ техникалық талаптарды міндетті түрде сақтайды. Бұдан бөлек, бәріңіз әлеуметтік желілерден, ақпарат көздерінен құлағдарсыздар, кеше ғана осы ауылда 26 жылқыға найзағай түсіп, мерт болды. Біразының иесі несиеге алыпты, жағдай оңай емес әрине, бірақ Үкіметтен өтемақы төлеу ешқандай нормативтік актілерге сыймайды екен. Ол азаматтарға жаңа өндіріс орынын ашатын «Қазпромлит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көмектескелі отыр, – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов. «Қазпромлит» ЖШС найзағай түсіп, жылқыларынан айырылып, шығынданғандарға 10 миллион теңге бөлмекші. Оны ауылдың қоғамдық кеңесі талқылап, тиісінше үлестіреді. Тұрғындардың экологиялық тұрғыдағы сауалдарына экология мен санитарлық эпидемиологиялық қызмет саласының мамандары ешқандай зардап келмейтінін түсіндіріп берді. Кварцит қауіпті емес, ал оны қазып алып, үгітуден тек шаң көтеріледі. Өндіріс орнының аумағы 1000 метр, ауылдан 20 километрден аса қашықтықта орналасқан. Көтерілген шаң ауылға жетпейді, жұмысшылар қауіпсіздік шараларымен қамтылады. Яғни, бұдан қауіптенер негіз жоқ. Тереңөзектіктердің көтерген тағы бір мәселесі – мектептің жайы болды. Округ орталығы Тереңөзектегі мектепке күрделі жөндеу керек. Көкарық пен Шолаққайыңдыда бастауыш мектептер бар, бірақ оларға бала сыймайды. Әсіресе, Көкарықта бала өсімі жоғары. Бұл жайтқа байланысты облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек Көкарыққа орта мектеп, Шолаққайыңдыға негізгі мектеп салынатынын жеткізді. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов тұрғындармен кездесуді Көгершін ауылында жалғастырды. Мұндағы жұрт қорадағы малын жаятын жайылымға зәру. Сондай-ақ, бұл ауылда су тапшы. Қазір де қолданып отырған судың қысымы 3 күннен бері төмендеп, әбден әбігерге салған. – Жайылым қоғамдық пада үшін жетіспейтінін прокуратура қызметкерлерімен бірге 2021 жылы зерттегенбіз. Облыс бойынша 681 мың гектар жер жетпейді. Осы мәселенің шешімін табу үшін осыдан үш жыл бұрын 3 бағытпен жұмысты бастағанбыз. Бірінші бағыт – мемлекет меншігіндегі бос тұрған жерді ауыл әкіміне беру. Облыста ондай 250 қосалқы жер анықталды, соны 1 жыл ішінде барлық ауылдық округтерге бердік. Себебі, 2017 жылы жайылым туралы заң қабылданған. Онда қоғамдық пада үшін жайылым жерді ауылдық қоғам қауымдастығы реттейді делінген. Мысалы, малы көп шаруалар ауылдан ұзағырақ жерге уақытша көшіп, малын жаяды, жақын орналасқан жерін қоғамдық падаға пайдалануға беру керек. Сол секілді орман шаруашылығындағы жайылымдарды да мал жаюға қолданамыз. Тағы бір бағыт бойынша жайылымы бар, малы жоқ шаруа қожалықтардан анықталған 225 мың гектарды қоғамдық падаға қолдануға қайтардық. Сонымен қатар, шаруа қожалықтар шөбін орып алған ауылдың маңындағы жерге де қоғамдық паданың малы жайылатын келісім жасадық. Бар жерді осылай ғана қажетімізге жаратамыз, – деді Нұржан Молдиярұлы. Кей кісілер малын бос жіберіп, олар басқа қожалықтың егістігіне түсіп, ауылдастар арасында дау туындаған. Нұржан Нұржігітов бұл мәселені аудан әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасарына жан-жақты зерттеп, заң аясында шешуді тапсырды. – Судың жоқтығынан ауылдық дәрігерлік амбулаторияда медицина қызметкерлері қол жуатын орыны жоқ, кәдімді қарапайым қолжуғышты қойған, бар суы дүңгіршек пен пласмаст бөтелкелерде ғана тұр. Тіпті еден жууға да жағдай жоқ. Балабақшаның ауласындағы көгалдар суғарылмағаннан кеуіп тұр. Тек ағын су ғана емес, бізде ауыз су да жоқ, – деді ауыл тұрғыны Жайлаукүл Еселбаева. Облыс әкімі су тапшылығы барлық жерде күрделі мәселе екенін, дегенмен қолдан келген шаралар жасалып жатқанын айтып, халыққа бар суды үнемдеуді ескертті. – Ағын су да, ауыз су да осындай жағдайда. Қырғызстанда 3 су қоймасында су таусылып жатыр. Тіршілік нәрін барынша үнемдейік, шетелдерде бұл баяғыдан қолға алынған. Ал, балабақша, мектеп секілді әлеуметтік нысандардың ауласын абаттандыруға сондағы қызметкерлер де атсалысу керек. Иә, мұғалім мәртебесі туралы заң бар, дегенмен ұстаз сабағын өткізіп болған соң, өз мектебінің гүлденуіне еңбегімен үлес қосса, ұлағаттығы емес пе?! Сонысымен оқушыларына үлгі көрсетеді, – деді Нұржан Молдиярұлы. Екі ауылда да облыс әкімі Нұржан Нұржігітов кездесуден соң азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.