«Жайлы мектеп» құрылысы қалай жүруде?
«Жайлы мектеп» құрылысы қалай жүруде?
Облыста барлығы 446 мектеп бар. Оқушылардың саны 240 мыңға жуықтайды. Өңірде үш ауысымды 4 мектеп және апатты жағдайдағы 1 мектеп жұмыс істеп тұр. Ал, ұлттық жобаның арқасында өңір бойынша 9,5 мың қосымша оқушы орны ашылады. Жобаның бірінші кезеңінде-ақ 6 мыңнан астам орын пайда болады. – Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында облыс бойынша 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9500 орындық 12 мектеп салу жоспарланып отыр. Байзақ ауданы Сарыкемер ауылы мен Жамбыл ауданы Шайқорық ауылында 600 орындық, Қордай ауданы бойынша Қарасу мен Қаракемер ауылында 300, ал Қордай ауылында 900 орындық мектептер құрылысы жүргізілмек. Сондай-ақ, Меркі ауданы Меркі ауылында 600 орындық 2 мектеп, Шу ауданы Шу қаласы мен Төле би ауылының аралығында 600, Тоғай алқабында 600 орындық мектеп бой көтереді. Тараз қаласы бойынша Шөлдала алқабында 600, №13 шағынауданында 1200, №15 шағынауданындағы 1200 және 2000 орындық мектеп құрылысы қолға алынуда. Биыл 6200 орындық 7 мектептің құрылысына 15,1 миллиард теңге қаржы бөлінген, – деді облыс әкімдігі білім басқармасының «Материалдық- техникалық жабдықтау» бөлімінің басшысы Динара Жаңабаева. Жоба бойынша ауыл немесе қала мектебі болсын, құрылысы бірізділікпен іске асып, жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынатын жайлы мектеп әрбір баланың жақсы оқуына, өзін жайлы сезінуіне ықпал етеді. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт зал болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларының орнатылуы жасөспірімдердің қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз етеді. Оқушылардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар жасалады. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады. Одан бөлек, оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер- парталар мен «ауыз су фонтандары», оқушыларға арналған тынығу алаңдары болады. Сонымен қатар, физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Түрлі жағдайдағы ерекше білім алуды қажет ететін балаларға да тиісті жағдайлар жасалады. Саламатты өмір салтына да ден қойылып отыр. Спорт залдар мәселесі де оңтайлы шешімін таппақ. Мектеп құрылысына қаражат толығымен республикалық бюджеттен бөлінеді. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, жолдарға жарық беру мәселелері де қарастырылады. Кез келген қызығушылық танытқан адам интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалап, көре алады. Міне, осының барлығы ұлттық жоба аясында іске асырылмақ. Бұл жобаға біздің облыста да өз деңгейінде көңіл бөлініп отыр. Өңірде құрылысы жоспарланған 12 білім беру нысанының 7-еуі 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Барлық нысандардың мердігерлері анықталған. Олар келісімшарттарға қол қойып, алдын ала төлем алып, құрылысқа дайындықты бастап кетті. Өңірімізге жұмыс сапарымен келген «Samruk- Kazyna» Construction акционерлік қоғамы басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов жайлы мектептердің құрылыс барысымен танысты. Ол жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірге жайлы мектептер салынатын бірнеше жер учаскесін аралады. Мысалы, Тараздағы 15-і шағынауданда 1200 орындық жайлы мектеп салынады. Бұл аудан жаңа болғандықтан, расында мектеп қажет екені анық. Бүгінде мердігер учаскені құрылысқа дайындауға кірісіп кеткен. Оны тазалап, қоршау орнатып, құрылыс техникасын жұмылдыра бастады. Төраға қолданыстағы инженерлік желілерді аумақтан шығарып, жергілікті атқарушы органдарға беруді тапсырды. 13-шағынауданда да оқушы орындарының тапшылығы қатты сезіледі. Мұнда да 1200 орындық мектеп салынбақ. Алайда, инженерлік коммуникацияларды бөлшектеу мәселесі өзекті болып тұр. Бұл іспен жергілікті атқарушы органдар айналысатын болды. Бірақ, бұл жалғыз проблема емес. – Инженерлік-геологиялық зерттеулердің нәтижелерін мүмкіндігінше тезірек алып, жоба лауды жеделдету қажет. Әйтпе с е, үлгермейсіздер. Оның үстіне, жер телімінің қасында құрылысы аяқталмаған ғимарат бар. 5 жылдан астам уақыт бойы жұмыс тоқтап тұр. Біздің акционерлік қоғам оған инвестиция салып, жобаны соңына дейін жеткізеді. Жобалаушы мамандардан нақты ұсыныстар күтемін. Айтпақшы, ғимараттар арасында ені кемі 6 метр болатын жол қалдыру керек. Бұл өрт қауіпсіздігі үшін қажет, – деді Мәулен Айманбетов. Ал, Қордай ауданы Қарасу ауылының жұрты 300 орындық жайлы мектеп есігін айқара ашар күнді асыға күтіп жүр. Себебі, ауыл мектебінде балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр. Алайда, құрылысқа дайындық барысына Мәулен Айманбетовтың көңілі толмай, мердігерге олқылықтарды тез арада түзетуді тапсырды. «Еске салайын, егер мердігер жұмыстарды орындау мерзімін кем дегенде екі рет 7 күннен артық уақытқа кешіктірсе, келісімшартты біржақты тәртіппен бұзып, мектептің құрылысын басқа компанияға береміз. Барлық жайлы мектептерді уақытылы салып, тапсыру үшін осындай қатаң шаралар қабылдап жатырмыз», – деп ескертті төраға. Мәулен Айманбетов жайлы мектептердің ерекшелігі мен артықшылықтарына бөлек тоқталды. Жаңа білім ошақтарында кабинеттер мен спортзалдардың саны көбірек болуы деннің саулығына ықпал етері сөзсіз. Ғимараттар да кең әрі ыңғайлы болады. Мысалы, егер 300 орындық жайлы мектепте бір спорт залы болса, 600 орындық мектепте екеу болады, яғни үлкен және кіші залдар. 900 және 1200 орындық мектептерде 3 спорт залы жабдықталады, ал одан да үлкен мектептерде 4 спорт залы болады. – Жайлы мектептер заманауи технологиялық және инженерлік жабдықтармен, ыңғайлы оқу және корпустық жиһазбен жабдықталатын болады. Жоба өз атына сай болуы керек. Біз балалардың барынша жайлы әрі қауіпсіз ортада білім алуын қамтамасыз етеміз, – деп қорытындылады Мәулен Айманбетов.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ