Әлеумет

Әлеуметтік дүкен ашылды

Әлеуметтік дүкен ашылды

Күні кеше облыс орталығында «Qamqor» әлеуметтік дүкені ашылды. «Жаса, жастар» қоғамдық бірлестігі жүзеге асырған жобаға өңір билігі қолдау білдіріп, оны облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы іске асырған. Дүкеннің негізгі міндеті – шаһардағы мейірімді жандардан келіп түскен киімдер мен тұрмыстық заттарды тұрмысы төмен отбасыларға табыстау. Дүкен «Мыңбұлақ» шағынауданындағы №9 үйдің бірінші қабатында орналасқан. Әлеуметтік нысан дүйсенбі және жұма күндері аралығында сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін қызмет көрсетеді.

Дүкеннің ашылу салтанатында облыс әкімдігіне қарасты жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Рахымбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, замандастарының жақсы бастамасына оң болсын айтты. Атап өтейік, өткен жылы шаһарымызда дәл осындай 3 дүкен ашылған болатын. Олардың бірі Ы.Сүлейменов пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында іске қосылса, енді бірі Қ.Сәтпаев көшесіндегі «Аяру» сауда үйінің маңынан ашылды. Ал, үшінші әлеуметтік дүкен «За линий» алабында бой көтерді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, халық үшін тиімділігі мол мұндай игілікті жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.  

Есен ӨТЕУЛІ