Саясат

Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Құрметті облыс жұртшылығы, құрметті сайлаушылар! Сіздерді 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Республикамыздың жалынды жастарының бастарын бәйгеге тігіп, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған қыршын ерліктері бүгінгі Тәуелсіз Еліміздің жарқын істерімен жалғасын табуда. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде қазақстандықтар алмағайып өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын жеңіп, әлемдік сахнаға көтерілді. Бұл Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты, көреген саясатының нәтижесі – еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында болып отыр. Сондықтан бұл күн жас мемлекетіміз үшін – біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі болып табылады. Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иіп, Отанымыз – Қазақстанға деген құрметтеу сезімін әкелетін бүгінгідей мереке күні алға қарай тағы да берік сеніммен қарап, болашақтың тыныш өмірінің негізін қалауға бағытталған игі дәстүрімізді жалғастыра берейік, ағайын! Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні Сіздерге игілік пен бақыт, бақ-дәулет, ырыс тілеймін. Көк аспанымызбен астасқан көк туымыз әрдайым биіктен желбірей берсін!

Бағлан Қарашолақов, облыстық мәслихаттың хатшысы.