Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты жиын ән мен күйге ұласты
Қазақстан бұл күні азаттықтың ақ таңының арайына шомылған тәуелсіз ел. Тәуелсіздік деген жалғыз ауыз сөздің құдіреті мен қасиетін осы жерде туған және осы өлкеде өскен әрбір азаматтың сергек сезінуі парыз!
«Тәуелсіздіктің қайта оралғаны – біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресінің заңды өтеуі. Жаратқан Иенің жасаған әділдігі. Ата-бабаларымыздың осыншама байтақ жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалғанының арқасы» –деп, Елбасымыз Нұрсұлан Назарбаев айтқандай бұл ұғым біздің қанымыз бен жанымыздың ажырамас бір құрамды бөлігіне айналуы керек. Қазақ жері, қазақ елі біздің ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпақтарға қалдырып кеткен баға жетпес байлығы және асыл мұрасы. Бабалардың қанымен, аналардың жасымен, жұдырықтай жүректерді жарып шыққан не түрлі ерліктердің өтеуімен жеткен осы бір ұғым әрбіріміздің жүрек төрінде қатталуы тиіс! Сондықтан да, бұл айтулы мереке ел көлемінде дүркіреп тойлануы әбден заңдылық. «Баласағұн» орталық концерт залында азаттық мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Шараның ашылу салтанатында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтады.
– Тәуелсіздік мерекесі бүкіл қазақ халқы үшін, барша қазақстандықтар үшін ерекше мереке. Біз осыдан жиырма үш жыл бұрын Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық. Төрткүл дүниеге тәуелсіздігімізді жария еттік. Бұл – бабаларымыздың арман-мұраты, ақиқатқа айналған аса қасиетті күн. Бұл – ел дәстүрі жаңғырып, тіліміз бен дінімізді қайтарған, тарихымызды түлетіп, тағдырымызды белгілеген ұлы күн. Ендеше, бәрімізге еліміздің баға жетпес бағы, арайлап атқан таңы – ұлттық мереке Тәуелсіздік күні құтты болсын!
Осындай айтулы мереке қарсаңында биылға жоспарланған барлық әлеуметтік-экономикалық жоспарларымызды абыроймен атқарып шықтық. Мерекелер тоғысында облысымызда екі көпқабатты тұрғын үй, алты білім беру нысаны, төрт денсаулық сақтау мекемесі, төрт мәдениет және спорт үйі, жүйке аурулары интернаты, ардагерлер үйі, жеті бағыттағы су және газдандыру жүйесі, жиырма тоғыз шақырымды құрайтын автокөлік жолы, бес өндірістік кәсіпорны пайдалануға берілді.
Тәуелсіздік біздің азаттығымыздың алтын қазығы, ұлтымыздың ұйытқысы, тірлігіміздің тірегі, әрбір қазақстандықтың жүрегіндегі қасиетті ұғым. Сондықтан да, әрбір қазақстандық оны көздің қарашығындай сақтау қажет, - деді облыс басшысы салтанатты жиынға қатысушыларға.
Жиын барысында бірқатар азаматтар жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Ғылыми-клиникалық кардиохирургия орталығының директоры С. Жошыбаев ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М. Берік «Құрмет» ордендерін тікелей Елбасы қолынан Астана төрінде алып жатса, салтанатты шара барысында да мемлекетке және қоғамға сіңірген еңбегі үшін бірқатар азаматтар осындай ілтипатқа ие болды. Атап айтқанда, «Парасат» орденімен «Луговой жылқы зауыты» ЖШС директоры Х. Базаралиев, облыстағы «Днепро» украин этномәдени орталығының жетекшісі Ф. Клименко ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, сондай-ақ, «АлРай» шаруа қожалығының төрайымы А. Әбдірайымова, «Talas invesment company» ЖШС Бас директоры Б. Алдашов, «Азия-Қазақстан» концерні» ЖШС директорының кеңесшісі С. Әміреқұлов, «Ырыс-Бақыт» ЖШС Бас директоры К. Ахаев, «АмангелдіГаз» ЖШС Бас директорының кеңесшісі Ш. Ибраим, «КомпанияМарк» ЖШС Бас директоры Н. Ким, облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Омарбекова «Құрмет» орденімен марапатталды.
Салтанатты шара соңында патриоттық әндер шырқалды. Өнерпаздар өнер көрсетті.
Салтанат ОМАРБЕКОВА, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– Осындай маңызды мереке қарсаңында Елбасы наградасын облыс басшысының қолынан алу – мен үшін үлкен мәртебе, зор жетістік. Бұл менің ғана емес, өңіріміздегі денсаулық сақтау саласындағы барша жандардың да еңбегі деп білемін. Тәуелсіздіктің баяндылығы жолында дені сау ұрпақтың атқарар үлесі мол. Адам өмірінің сапасы – денсаулық екені баршаға мәлім. Айта кету керек, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облысымыздың аудандарында төрт жаңа денсаулық сақтау нысаны іске қосылды. Бұл да қуанышымыздың еселенгені деп білемін.
Алмагүл ӘБДІРАЙЫМОВА, «АлРай» шаруа қожалығының төрайымы, «Құрмет» орденінің иегері:
– Бүгін мен ерекше қуаныштымын. Еңбек адамының төккен тері мен қажырлы қайраты бағаланатынына, оған сай құрмет көрсетілетініне тағы бір көзім жетіп отыр. Жастайымнан сауыншы болып жұмыс істеп, сол жерде табан тіреп отыз жеті жыл тер төгіппін. Ендігі егеменді күнімізде де ауыл- шаруашылығын гүлдендіріп, жандандырып жүрген жайым бар. Ауыл еңбеккерлеріне деген Елбасының ерекше ықылас, ілтипатына дән ризамын.
Руслан ТӨЛЕГЕНОВ, облыс әкімінің мүмкіндігі шектеулі азаматтар мәселесі бойынша кеңесшісі:
– Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында облысымызда көптеген игі шаралардың өтіп жатқанына және оның ешқайсысынан да мүмкіндігі шектеулі азаматтардың назардан тыс қалмағанын көріп отырмыз. Елбасы жүргізіп отырған саясатқа сай біздің қоғам ешкімді де бөле-жара қарамайтын қоғам. Азаттықтың арқасында осы секілді көптеген жетістіктерге жеттік. Мемлекет мүддесі үшін жасап жатқан жұмыстарымыз ескерусіз қалмай, Елбасының «Құрмет» грамотасын иеленіп отырмын. Облыс әкімінің табыс етуімен маған бұйырған бұл марапат ел үшін еңбек етіп жүрген жанның ескерусіз қалмайтындығының белгісі деп білемін.
Маржан Рақай, Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.