Жаңалықтар

Астаналық ақын

Астаналық ақын

Бала күннен бірге өскен Шырынбек Қойлыбаев досым осыдан жиырма жыл бұрын Астанаға көшіп кетті. Ол кезде өз басым алтын бесік – ауылдамын. Таразға жолым түсіп келген сайын Шырынбектің үйіне түсуші едім. Бірге жүруші едік, айтысқа бірге дайындалушы едік. Енді сол досым бас қаланың төрінен бір-ақ шықты. Бір жағынан бас қалаға бет алғанына қуандым.

Бұл күнде Шырынбек Елорданың тұрғыны алып шаһар туралы айтары да бар. – Мен Астанаға келген жылдары сол жағалауда тек қана «Бәйтерек» бар еді. Оның да айналасы шаң борап, бос дала болып бұрқырап жататын. Ақорданың бірқатар құрылыстары әлі аяқталмаған еді. Бәрі көз алдымызда өзгеріп, жаңарды, гүлденді. Жалпы, Астана Ақмолаға ауысқанда аталған шаһарда орыс халқының үлесі 85 пайыз болған. Ал, қазір Астанада қазақтар саны 85 пайыз деп айтсақ артық емес. Бұл әрине, қуанарлық көрсеткіш. «Хан шатыр», басқа да құрылыстар кейіннен салынды. Астанаға әрбір облыс, ауданнан жалындаған жастар барып, кірпіш қалап, өз үлестерін қосты. Қазіргі Астана мүлдем бөлек, – дейді. Астана талай адамның қасиетті мекеніне айналды, талай азаматтардың бағын ашты. Күн санап жаңарды. Ақын Ғалым Жайлыбайдың: «Есіл ағады, Есіл ағады» деп толғана жырлауы бекер емес. Есілдің жағалауында ғажайып тұрғын үйлер мен көрікті кешендер бой көтеріп жатты. Менің сол Шырынбек досыма да Астана жақсылығын сыйлады. 2002 жылдың күзінде Тараз қаласының 2000 жылдығына арналып өткен халықаралық айтыста Шырынбек бас жүлдені жеңіп алды. Сол айтысты белгілі ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің сол кездегі ректоры Мырзатай Жолдасбеков тамашалап отырған. Айтыстан соң, Мырзатай Жолдасбеков Шырынбекпен танысып, Астанаға шақырады. Ол кезде Мырзатай Жолдасбеков Аманжол Әлтаев, Балғынбек Имашев, Серікзат Дүйсенғазин, Айбек Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Жібек Болтанова секілді үздік айтыскерлерге қамқор болып жүрген. Сол үздіктердің тобына 2003 жылы Шырынбек те барып қосылды. Мен Астанаға тұңғыш рет 2005 жылы іссапармен бардым. Жамбыл облыстық «Ar-Аi» жастар газетіне жаңадан жұмысқа тұрған кезім. Әлі қызметтік куәлігім де жоқ. Астанада қызмет істейтін, бірақ Жамбыл облысы аумағынан шыққан тұлғалармен сұхбат алуға барғанмын. Сол жолы Шырынбектің үйіне түстім. Жатақхананың аядай бір бөлмесі. Одан бөлек, адам айналып өте алмайтын асханасы бар. Сол тар жерде тамаша құрып, оншақты күн жаттым. Сол ке здегі ҚР Парламенті С енаты төрағасының орынбасары Өмірбек Байгелді, республикалық көші-қон комитетінің төрағасы Жазыбек Әбдиев, Парламент Сенатының депутаты Жандар Кәрібайұлы секілді танымал ағалардан сұхбат алып, жастар газетіне жолдадым. Сонымен, Шырынбек досым тағдырын арайлы Астанамен байланыстырды. Филология ғылымдарының кандидаты атанды. Өзі тынымсыз, ізденімпаз. Дегенмен, талабыңды ұштайтын ағалар қай кезде де керек. Мырзатай Жолдасбеков мұны қолдады, бұл да ол кісіге адал іні болып, бір жағына серік болуға жарады. Мырзатай Жолдасбеков ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры болғанда Шырынбекті директордың орынбасары қызметіне дейін көтерді. Шырынбекке жаңа салынған көпқабатты үйлерден үш бөлмелі жақсы пәтер бұйырды. Құдайдың берген ұл- қыздары да өсіп-өніп келеді. Айтайын дегенім, Шырынбектің мүмкіндіктері де Астанамен бірге өсіп келеді. Қазіргі таңда бас қалада кәсіпкерлікпен айналысып, онысы да өз жемісін беріп отыр. Шырынбек екеуміз де Талас ауданында туып-өстік. Мен – Ойық ауылынан, ол – Үшаралдан. Таластың даласына төрт түлігі сыймай жататын жылдарда аудан орталығы Ақкөлде малшылар слеті болатын. Сондай слеттің бірінде Шырынбек те ауданның жетістігін жырға қосқаны бар. Шырынбектің бас қаланың дамуына тамшыдай үлес қоссам деген ниеті бар. Еліміздің ғылым-білімін ілгерілетуге өзінің еңбегімен қолтаңба қалдыруды жоспарлап жүр. Мұның бәрі де Астана сияқты алып шаһардың жастарға берген жақсылығы, мүмкіндігі.  

Есет ДОСАЛЫ