Жаңалықтар

Арман шаһар, ән-шаһар!

Арман шаһар, ән-шаһар!

Еліміздің жүрегіне айналған ерке Есілдің бойындағы сұлу шаһар ару Астанаға биыл 25 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында ару қаланың сан алуан сәулетті де зәулім ғимараттары, ерекше ескерткіштері мен тылсым табиғаты жан біткеннің жүрегін жаулап алғаны сөзсіз. Әсіресе, қылқалам шеберлері Астананың келбетін арқау еткен суретін салса, ақындар жыр жазды. Сайын даланы сиқырлы сазға бөлеген сазгерлер ән шығарды. Түсірілген фильмдердің де арман қала туралы айтары бар.

Өнер адамдарының қиялына қанат бітіріп, шығармашылығына шабыт сыйлаған Астана жайлы жазылған туындылар көп-ақ. Бұл күнде көптің жүрегінен орын алған «Елімнің жүрегі – Астана» әнін білмейтіндер кемде-кем. Әннің орындаушысы танымал әнші Алтынай Жорабаева. 2002 жылы Алтынай Жорабаева музыкалық жетекшісі Қайрат Жәнібековпен бірге композитор Махамбет Түгелбаевтың жаңа әнін тыңдауға барады. Сол сәт Қайрат Жәнібеков «Жарқырап жайнай берші, сен Астана» деген қайырмасы әнге сұранып тұр екен» дейді. Сөйтіп, шығармашылықпен айналысып отырған үш өнер адамына да осы пікір қатар ұнап, нәтижесінде әдемі әуен туады. Сол түні түнгі сағат екіде композитор Махамбет Түгелбаев ақын Сараш Қоңырбаеваға хабарласып, сөз жазып беруін өтінеді. Ән де ақынға бірден ұнаса керек, небәрі жиырма минутта жазып береді. Басында лирикалық ән болады деп жоспарлаған шығарма, солай әп-сәтте патриоттық әнге айналыпты. Эстрада жұлдызы Алтынай Жорабаева осы әнді сахнада орындаған сәт композитор Төлеген Мұхамеджановтың тебірене тыңдайтыны туралы жиі айтылады. Бұл туралы композитордың «Әнді тыңдап отырып көкейімде жүрген сан сауалдың жауабын таптым. Астанаға бекер келмегендігімді сезіндім. Бұл әнді тыңдағым келе береді. Көзіме жас үйіртсе де, жанымды рухтандыра түседі», – деген сөзі бар. «Ақмола – бас қалам» әні де бағы жанған шығармалардың қатарында. Осыдан бірнеше жыл бұрын Астана жайлы үздік әнге байқау жарияланғанда ақын Амангелді Жұмабектің сөзіне жазылған Ескерме с Иманбайдың «Ақмола – бас қалам» әні топ жарған болатын. Ақын мен композитордың бірігіп жазған әндері бұрыннан болған еді. Алайда, Ақмола облыстық филармониясының ұлт аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен, Нұрлан Хамзиннің дирижерлігімен тыңдармандарға жол тартқан ән ұзақ уақыт орындалмайды. Кейін де ән ұзақ уақыт табылмай кетеді. Алайда, телевизия ардагері Рафаэль Жұмабаев әнді іздеп жүріп, тауып береді. Ұмытылып кете жаздап, жарыққа қайта шыққан әннің жұлдызы солай жарқырай түскен еді. Ал, «Астананың алғашқы таңы» атты әні Қазақстанның жаңа астанасының белгіленуіне орай «Азия дауысы» халықаралық фестивалінің негізін қалаушы Мұрат Ерғалиевтің жеке өтініші бойынша жазылған екен. Әнді тыңдаған Мұрат Ерғалиев риза болғаны сондай «Еркеш, біз кеш бойы сенің әніңді тыңдаумен болдық. Біздің ойымызша, сен мінсіз туындыны дүниеге әкелген секілдісің» деп жоғары баға беріпті. Аталған әннің авторы Еркеш Шакеев өзбек композиторы Фарух Закировпен бірге «Өзен жағасындағы қала» атты әнді де бірге жазып шыққан. Бұл әнді атақты «Ялла» ансамблі орындаған. Сондай-ақ, Нұрлан Абдуллиннің орындауындағы «Алматыдан Астанаға дейінгі жол» атты әннің де авторы сазгер Еркеш Шакеев.Мұнан өзге Роза Рымбаева мен ұлы Әли Оқаповтың орындауындағы «Арайлы Астана», Ақылбек Жеменейдің «Астана», «Жігіттер» тобының «Арман қала» және басқа да арман қаланың атын асқақтатқан әсем әндер жетерлік. Астана туралы түсірілген фильмдер туралы да кеңінен толғауға болады. Еркін Рақышевтың режиссерлігімен түсірілген «Астанаға көктем кеш келеді» атты кинофильм алғашқы туындылардың бірі. Сондықтан ел аузында жиі айтылып жүр. Фильм ауылдан арман қуып Астанаға жол тартып, болашағын Астанамен байланыстырғысы келген қайсар қыз туралы. Ол құрылысқа жұмысқа орналасып, жастық күш-жігерін еңбекке жұмсайды. Алайда, жас қыз тұрақсыз махаббаттың құрбаны болады. Бірақ, ар-намысын аяққа таптатпаған басты кейіпкер фильм соңында Елордадағы ірі құрылыс компаниясының директорлығына дейін көтеріледі. Бұл кинода Астананың гүлденуі мен жас қыздың рухани толысуы қатар өріледі. Сонысымен көрерменнің көңілінен шыққан фильм бүгінде мақтаулы туындының біріне айналған. «Астана – менің жүрегім» атты фильмге тоқталар болсақ, бұл ресейлік кинорежиссер Егор Кончаловскийдің бастамасымен әртүрлі режиссерлер түсірген 10 киноновелладан құрастырылған картина. Бұл фильм Астанада тоғысқан тағдырлардың тарихын баяндайды. Аталған туындыға Қарлығаш Мұхамеджанова, Айнұр Ниязова, Аружан Жазылбекова, Бибігүл Сүйіншалиева, Наталья Орынбасарова, Евгений Жұманов секілді қазақстандық актерлар және ресейлік Сергей Никоненко мен Любовь Толкалина да түскен. Мұнда бірі махаббатын Астанадан тапса, енді бірі ата-анасының аманатын арқалап, арман қалаға келген. Сондықтан да арман қаланы көруге ынтызар кейіпкерлердің басынан кешкен күйініші мен сүйінішінің желісінде көрермен көзайымына айналған картина. «Астана – ғашықтар мекені» атты фильмді де көрмеген жан кемде-кем. Бұл көпшілікке танымал сценарист-режиссерлер Данияр Саламат пен Кенжебек Шайқақовтың туындысы. Атауына қарап, сезімге тұнып тұрған фильм деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Алайда, фильмнің көтерер мәселесi терең. Қоғамдағы намыссыздық, опасыз орта, ар-ұят, иман, тұрмыс жайы қамтылады. Ақымақ бай баласы мен ақылды кедейдің ұлының жүрегін жаулап алған арудың рөлін әншi Аша Матай сомдайды. Бай баласын Мәлiк Әбдiраманов, әкесiнiң рөлiнде белгiлi актер Бақытжан Әлпейiсов, кедейдiң баласын Ақан Жалымбетов деген актер сомдап шыққан фильмнің де айтары мол. «Арман қала» атты 12 сериялық сериалды түсіру идеясы «Нұр-Медиа» медиа-холдингі мен «Қазақфильм» киностудиясынан басталған. Режиссері – Эрнест Әбдіжапаров. Бұл телесериал Астана мен Алматы қаласында қатар түсірілген. Мелодрамадағы бас кейіпкер дәрігер Әлия Сәбитованың өмір желісі арқылы өрілген фильм кез келген жастағы көрерменнің көңілін баурайды. Туынды мейірім мен сыйластық сынды адами қасиеттерді қамтиды. «Астана – махаббатым менің» «Қазақстан» ұлттық арнасы Қазақстан-Түркия елдері бірлесіп түсірген алғашқы он екі сериялық туынды. Режиссері Ермек Шынарбаев. Ал, сценарий авторы Лейла Ахынжанова. Басты рөлдерді Бибігүл Сүйіншәлиева, Бахап Аукча, Эрман Бурмали, Әділ Ахметов, Дастан Оразбеков, Баян Есентаева, Мұрат Ахманов, Жанна Қуанышбаева, Гүлнар Досматова, Әсел Сәдуақасова сияқты танымал өнер адамдары сомдайды. Фильм түсіру барысында отандық кинематографияның үздік шығармашылық күші мен жаңа технологиялық мүмкіндіктер кеңінен қамтылған. Мұнда қаланың жетістіктерінің тарихы мен заманауи қалада тоғысқан адамдардың қызықты оқиғалары бейнеленген. Мұнан басқа, балаларға арналған «Балалық шағымның аспаны», «Бәйтерек», «Жерұйық», «Алтын алқа», «Махаббат тәлкегі», «Препод» фильмдері де бар. Қорыта айтқанда, Астана туралы дүниеге келген әрбір туындының тағдыры мен тарихы көпшілікке керемет әсер береді.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ