Тәуба
Тәуба
Жанғазы АХМЕТ.
Кең кеудесін таптап өтіп сан тасыр, Шерлі дала шерткен талай қанға сыр. Мың дәуірдің мұңын жоқтап ақыры, Қазағыма орнаған бұл паң ғасыр. Кек кернеген көмейдегі үн көк тіле, Тұншыққан зар Тәңіріме жетті ме? Күз күніміз көмілді де көктемге, Тізгініміз тапсырылды Тектіге. Содан бері, Төрткүл түгел үздігіп, Үміт отын үрлеп жақты ізгілік. Даламызда қауыз жарып қалампыр, Санамызда сылаң қақты қыз қылық! Содан бері, Қайта оралмай қайдағым, Ескен желмен желбіреуде байрағым. Намысымды аспан жаққа нақыштап, Ақ Ордамыз айға атып тұр айбарын! Ақ Ордасы – Бақ Ордасы атанған, Арай нұрын аямаған атар таң. Елбасымен өр еңселі ел болдық, Тізгін де ұстап... суырылып қатардан. Жиырма ғасыр тұманданып таза ары, Жиырма жылда қайта кіріп ажары. Қазағымның ғажабына қайран қап, Ажарына әлем салды назарын. Өңімізді өкпек желге өптіріп Өткен күндер өзектерге кек тұнып... Ал бүгін бе, Құбылаға құладық, Тегімізді тарқата сап тектілік!?.. Тәуба, Тәуба, Тәңірім!