Әлеумет

Облыс әкімі азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті

Облыс әкімі азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті

Үкіметтік емес ұйымдардың халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдық диалогтің қалыптасуына ықпалы жоғары. Азаматтық қоғам институттары өз жұмыстарын жергілікті атқарушы органдардың басым бағыттарымен ұштастыра отырып іске асырулары маңызды. Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов азаматтық қоғам өкілдерімен кездесуінде осылай деді. Кездесуде Үкіметтік емес ұйым өкілдері түрлі ұсыныстары мен орамды ойларын ортаға салып, бірқатар мәселелер талқыланды. Басқосуда алдымен ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова баяндама жасап, ҮЕҰ-дың жұмысына тоқталып өтті. Оның айтуынша, бүгінде облыста әртүрлі бағыттағы 878 үкіметтік емес ұйым (оның 627-сі іс жүзінде жұмыс істейді), 75 этномәдени бірлестік, 11 конфессиядан тұратын 379 діни бірлестік тіркеліп, жұмыс істеуде. Белсенді үкіметтік емес ұйымдар  саны – 200-ге жуық. Өңірлік үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі облыс, қала, аудан әкімдіктері жанындағы 12 кеңес жұмыс жасайды, олардың 84 пайызы азаматтық қоғам өкілдерінен тұрады. Өз кезегінде «Шебер шаңырақ» ҚБ төрағасы А. Бексұлтанова,  «Мүгедек жастар қоғамы» ҚБ төрайымы Ә.Дәулетбаева, «Амазонка» қатерлі ісік науқастарын қолдау қоры» ҚҚ төрайымы А.Сарьян, Қордай аудандық қоғамдық кеңес төрайымы, «Парыз» ҚБ жетекшісі Б.Қарамолдаева, «Жуалы аудандық іскер әйелдер қауымдастығы» ҚБ төрайымы Н.Малибекова, «Сенімен болашақ» республикалық ҚБ Жамбыл облысы бойынша филиалының басшысы  Д.Бағжанов, «Ar–Rashid Ruhanyat» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Д.Ташқараев, «Таластың сөнбес сәулесі» ҚБ төрайымы А.Байболатова өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Облыс әкімі кездесуде көтерілген барлық ұсыныстар ескерілетінін жеткізіп, азаматтық қоғам өкілдерінің жұмысының маңыздылығын тілге тиек етті.

Сондай-ақ, аймақ басшысы өз сөзінде өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға, жергілікті атқарушы органдардың алдына қойылып отырған жаңа міндеттерге тоқталып өтті. Бұдан соң бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі