Бейбітшілік бесігі
Бейбітшілік бесігі
Еуразия кеңістігінің кіндігіне орын тепкен қазақ елінің астанасы мәртебесіне ие болып, еліміздің бас қаласына айналғалы бері арада өткен 17 жыл уақыт аралығында, Астана өзінің геосаяси орналасу ерекшелігіне қарай халықаралық диалогтарды дамыту мен жаһандық қауіпсіздікті нығайтудың маңызды орталығына айналып келеді. Басқа форумдарды былай қойғанда, Қазақстан Республикасы Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы ұйымына төрағалық еткен 2010 жылдың маусым айында Қазақстан жағының ұйытқы болуымен Астанада шақырылған ЕҚЫҰ-ның толеранттылық және кемсітпеушілік жөніндегі жоғары дәрежелі конференциясы, сол жылғы 1 және 2 желтоқсан күндері өткен Астана Саммиті, 2011 жылдың 14 қазанында ұйымдастырылған «Ядролық қарусыз әлем үшін» атты халықаралық форум әлемдік қауымдастық тарапынан жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының бағыт-бағдарын айқындаған басқосулар ретінде танылды.
Мыңжылдықтар тоғысының қарсаңында, ХХ ғасырдың соңына қарай Түркияның астанасы Стамбул қаласындағы басқосудан кейін, араға 11 жыл салып барып республикамыздың бас қаласында өткен және араларында 28 елдің президенті, бір вице-президент, 10 Премьер-Министр, 7 вице-премьер, бір Мемлекеттік хатшы, 14 сыртқы істер министрі, 3 сыртқы істер вице-министрі бар 65 елдің делегациясы қатысқан Астана Саммитінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ұлт көшбасшысы болып табылатын еліміз Еуразия құрлығының интеграциялық құрылымдары арасындағы жаһандық қауіпсіздікті нығайту мәселелерінде өзара іс-қимылдар орнатуға шақырды. Сондай-ақ, қаржы-экономикалық қауіпсіздік мәселесін ЕҚЫҰ-ның жеке себеті ретінде бөліп шығаруды, әскери-саяси өлшемдерді нығайту үшін қарусыздану мен қару-жарақты таратпау бағытында жаңа келісім-шарттық нормаларды қалыптастыру мақсатында ЕҚЫҰ-ның арнайы форумын құруды, трансшекаралық қылмыстарға, есірткі трафигі мен заңсыз миграцияға қарсы күресті үйлестіру үшін ЕҚЫҰ елдері министрлері деңгейінде кеңес тағайындауды, әділ де ашық конфессияаралық үнқатысуды ұйымдастыруды ұсынды.
Әр уақытта да Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы ұйымының құндылығы, оның Солтүстік жарты шардағы ұлан-ғайыр кеңістікте – Владивостоктан Ванкуверге дейінгі аралықта қауіпсіздікті ұстап тұрудың және нығайтудың әмбебап негізі болып қалуында, деп есептейтін Республика Президенті Н. Ә. Назарбаев Астана Саммитінің еліміз және халықаралық қауымдастық үшін мәні мен маңызын жоғары бағалады. «ЕҚЫҰ-ның Астанада өткен Саммитінің Қазақстанға оң ықпалын тигізгенін де атап айтпасқа болмайды. Ол біздің халқымызды топтастырды, аса зор күрделі міндеттерді шешу және ең жоғары мақсаттарға жету қабілетіне деген сенімді нығайтты. Біз әлемдік қауымдастық алдында жауапты, бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуда тиянақты әрі белсенді екендігімізді көрсеттік. Астана Саммиті ЕҚЫҰ тарихындағы күрделі кезеңге қорытынды жасады. Ол ұйым үшін болашаққа есік ашып, оның жаңғыруына тамаша мүмкіндік берді», – деді Ұлт көшбасшысы Астана Саммитінен кейін іле-шала бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында. Елбасы, сондай-ақ жаһанданудың түрлі елдер мен халықтардың тағдырларын тығыз байланыстырып отырғандығын, олардың барлығының ортақ мақсаты жұмыр жердегі бейбітшілік пен келісімді, прогресс пен өркендеуді қамтамасыз ету екендігін, Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы ұйымының ХХІ ғасырдағы жаһандық міндеті де дәл осы жоғары мақсаттарға қол жеткізу болып табылатындығын айтты. Астана Саммитінде қабылданған ЕҚЫҰ-ның «Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында» атты Астана декларациясының жаһандық қауіпсіздікті мұрат тұтқан прогресшіл адамзат баласының бейбітшілік жолындағы қозғалысының бағыт-бағдарын айқындаған құндылығы талассыз тарихи құжат ретінде танылып отырғандығын атап көрсетті. Еліміздің бас қаласында өткен жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша ғаламдық мәні бар диалогтардың бастыларының санатында, 2011 жылғы 14-қазан айының Астана қаласында ұйымдастырылған «Ядролық қарусыз әлем үшін» халықаралық форумын атауға болады. Оның жұмысына қатысқан БҰҰ, МАГАТЭ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ, АӨСШК, ЮНЕСКО, ЯСЖТКҰ сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары, әлемдік саяси топтардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, белгілі сарапшылар мен ғалымдар Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұжырымдағанындай «Қазақстанның ядролық қаруды таратпау, қарусыздану және атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану ісінде ең сенімді серіктес болғанын, болатынын және бола беретінін», бір ауыздан қуаттады. Бұл ұстаным Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунның форумға жолдаған бейне-үндеуі мен АҚШ-тың Президенті Барак Обаманың үндеуінде де толық көрініс тапқан. Олардың алғашқысы өз сөзінде «Қазақстан Президентінің бұдан 20 жыл бұрын қабылдаған батыл шешімінің арқасында, Семей сенімнің жарқын үлгісіне айналды. Ол – барлық ядролық сынақтардың біржолата тоқталуына деген сенім, ядролық қарудан азат әлемге деген сенім» деп атап көрсетсе, әлемдегі ең әлеуетті мемлекеттің басшысы қол қойған құжаттың мәтінінде Қазақстанның ұзақ уақыт бойы ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздік саласында көшбасшы, сондай-ақ АҚШ-тың досы болып табылатындығы айтылған. Әлемдік деңгейдегі көрнекті саясатшылардың Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы өзіндік алар орны мен рөлі туралы берген бағалары, жас тәуелсіз еліміздің халықаралық қауымдастықтың алдындағы беделінің қаншалықты артқандығын көрсетсе керек. Бүгінгі таңда, сарапшылар діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық диалогты баянды ету, діни қауымдар арасындағы өзара түсіністік пен құрметті тереңдетіп нығайту, діни араздық пен экстремизм идеологиясына қарсы тұра алатын толеранттылық пен өзара құрметтеу мәдениетін қалыптастыруды діттеген дәстүрлі діндер көшбасшыларының төрт бірдей съезінің Астанада өтуін және аталған форумдардың соңғысына әлемнің 40 елінен барлық әлемдік және дәстүрлі діндерге, сондай-ақ, беделді діни және халықаралық ұйымдарға қатысы бар 87 делегацияның атсалысуын Қазақстанның төрткүл дүниедегі танымалдылығымен және ықпалдылығының артуымен байланыстыруда. Әрі оның жөні де бар. Өйткені, 2003 жылғы қыркүйек айының 23-24 күндері ислам, христиандық, иудаизм, индуизм, буддизм және басқа да діндердің жетекшілері мен көрнекті өкілдерінің қатысуымен Астанада өткен дінбасылардың алғашқы съезінен кейінгі жерде, осыған дейін радикалды діни ағымдар таратып келген әртүрлі діндер мен мәдениеттерге негізделген өркениеттер мен қоғамдар қайткенде де бір-бірімен қақтығыспай қоймайды деген идеяның негізсіз екендігі толық дәлелденді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 2006 жылғы 12-13 қыркүйектегі ІІ съезінде, 2009 жылғы 1-2 шілдедегі ІІІ съезінде дүниежүзі бойынша конфессияаралық келісімнің мүмкін екендігі айқындала түсті. Оны Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Астанадағы дінаралық форумдарға қатысқан діни жетекшілер диалогтардың, өзара түсінік пен құрметтің барлық мәдени-діни қауымдар мен ұлттардың жарастығы мен қауіпсіздігін, берекесі мен бейбіт тіршілігін қамтамасыз ете алатын планетамыздағы тегеурінді күш екенін дүниеге паш етуде. Бүгінгі сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлердің жаһандануы заманында Астана форумы діндер мен өркениеттер арасындағы ғаламдық диалогты ілгерілету саласындағы ізашарлардың бірі болып, өзара түсіністік пен құрмет мәдениетінің орнығуына сүбелі үлес қосты», – деп айтқан ой-пікірі толық айғақтайды. Мемлекет басшысының осы тұжырымына өзек болған факторлар әрқилы конфессиялардың өкілдері бір атаның балаларындай тату-тәтті ынтымақтастықта ғұмыр кешіп жатқан республика халқының өмірінде де нақтылы көрініс табуда. Бұл тенденция Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлтымыздың рухани орталықтарының бірі – Ұлытау жерінде «Хабар» телеарнасының тілшісіне берген сұхбатында жан-жақты айшықталды. Ұлт көшбасшысы діннің қоғамдағы рөлі туралы «...дінді шынайы имандылыққа жақындатып, оның жақсы жағын алуымыз керек. Құранның қасиетті үкімдерін орындау үшін кемтарларға көмектесу, бір-бірімізге жанымыз ашу, бауырмал болу, үлкенді сыйлау, баланы тәрбиелеп өсіру, Отанды, елді қорғау, бірлікке шақыру арқылы дінді өркендеткен жөн. Сонда діннің мемлекетке зор пайдасы, үлкен қамқорлығы болады. Ол елдің басын біріктіреді», деді. Ал, халқының ауызбірлігіне ұйытқы болып, бейбіт өмірінің баяндылығын қамтамасыз етіп отырған елдің, қай уақытта да болсын, бейбітшілікті нығайтуда халықаралық қауымдастыққа да игі ықпал етері даусыз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тоқталсақ, небәрі санаулы жылдар аралығында, Елбасының бас болуымен республикамыздың бас қаласында бес құрлықтың дамушы, дамыған, өркениетті мемлекеттерінің басын қосқан ондаған ғаламдық мәнге ие форумдардың ұйымдастырылуы, еліміздің және елордамыз – Астананың алдағы уақытта да халықаралық диалогты дамыту мен нығайтудағы геосаяси маңызы айшықталына түседі деп айтуға толық мүмкіндік береді.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».