Мәдениет

Домбыра – қасиетті асыл мұра

Домбыра – қасиетті асыл мұра

Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – дастан» атты домбыра рarty Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында өтті. Мұнда 250-ге жуық домбырашы бір мезгілде күй тартып, саябақты сәнге бөледі. Аталған іс- шараны облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев көпшілікпен бірге тамашалады.

Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын ілгерілетуге, ұлттық домбыра күнін насихаттауға арналды. Көпшіліктің алдында аталған филармонияның әншілері, Мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Маралбек Бабақұлов бастаған саңлақтар әннен шашу шашты. Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» күйлерін көпшілік қызығушылықпен тыңдады. Бұл кеште К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның қазақ ұлт аспаптары оркестрі мен әншілері, «Бақытты болашақ» оқушылар сарайы, Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс- шараларды өткізетін облыстық орталық пен «LIDER-2050» ЖШС «Қарақат» мектеп-студиясының өнерпаздары өнер көрсетті. Ал, тараздық көпшілік үшін бұл күн мерекеге айналды. Көпшілік Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында қазақтың күмбірлеген домбырасынан төгілген күйді тыңдады, домбырашылар оркестрінің сүйемелдеуімен орындалған әндерге құлақ түрді. Бұл кеште халық композиторларының, Кененнің әндері, ақын Жақсылық Сәтібековтің сөзіне жазылған әндер кеңінен орындалды. Көпшілік әнмен сусындап, домбыраның қоңыр үнімен тыныстады. – Домбыра – қазақтың қасиеті. Әр қазақ бұл аспапты қастерлейді. Біз оны Ұлттық домбыра күніне өткізілген осы шараға тараздықтардың көп жиналғанынан аңғардық. Алдағы уақытта да мұндай концерттер жалғасын табады, – дейді Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы директорының орынбасары Жандос Омаров.  

Тараз қаласы