Әлеумет

Ауылдардың ахуалымен танысты

Ауылдардың ахуалымен танысты

Кеше облысымызға Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков жұмыс сапарымен келіп, бірқатар маңызды мәселелерге назар аударды.

Сенатордың жұмыс сапары Шу ауданындағы «Тасөткел» су қоймасынан басталды. Мұндағы жөндеу жұмыстары бағаның қымбаттап кетуіне байланысты тоқтап тұр. Ал, жөндеу жұмыстары кешіккен сайын су қоймасының іргесіндегі ауылдарға кері әсерін тигізуде. Құрылысты толық аяқтау үшін тағы қосымша 1 миллиард 200 миллион теңге керек. Бекболат Серікбекұлы осы тұста «Қазсушар» республикалық мекемесі облыстық филиалы директоры Ерлан Өтегеновке: «Бұл су қоймасы сендердің теңгерімдеріңе өтеді. Неге жанашырлық танытпайсыңдар? Неге мұндағы мәселені түсіндіріп, шешу жолдарын көрсетіп, ұсыныс білдірмейсіңдер?» деп жұмысқа көңілінің толмағанын аңғартты. Мұнан соң Бекболат Орынбеков «Amanat» партиясының Шу аудандық филиалында аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Сенатор жергілікті халық қалаулыларына Парламент Сенатының жұмысын жан-жақты айтып өтіп, мәслихат депутаттарының сөзін тыңдады. Депутат Болат Ниязбеков өмірден озған адамдардың несиесіне жеңілдік жасау мәселесін көтерсе, халық қалаулысы Ұлан Абуов «Ауыл аманаты» бағдарламасы үшін құжат әзірлеудің қиындығына, бас мердігерлердің салғырттығынан құрылыс жұмыстарының соңына жетпеуі жиілеп кеткеніне тоқталды. Шу аудандық мәслихатының төрағасы Жасұлан Әбенов аудандағы әл- Фараби мектебінің «сақалды құрылысқа» айналғанына алаңдаушылық білдірді. Бекболат Серікбекұлы депутаттар көтерген мәселелерді Сенат мінберінен қозғауға дайын екенін жеткізді. Мұнан кейін Сенатор «сақалды құрылыс» саналған әл-Фараби атындағы орта мектептің құрылысын барып көрді. Үш жылдан бері жүріп жатқан құрылысты алғашқы мердігерлері орта жолда тастап кетіп, олармен заң аясында соттасу жұмыстары жүріп жатыр екен. Жалпы, 750 миллион теңгеге бағаланған 300 орындық мектеп құрылысына әлі 350 миллион теңге қажет. Сенат депутаты мектепті қыркүйек айының соңына дейін бітіруді аудан әкімі Бақытжан Жәнібековке, техникалық қадағалаушы Айтуған Тілеуліге тапсырып, жұмысты ширату керектігін айтты. Сондай-ақ, Сенатор Балуан Шолақ ауылындағы 60 шақырымға бетон канал салып жатқан мердігер компанияның жұмысымен де танысып, оның сапасына назар аударды. Сенатордың жұмысы мұнан соң Мойынқұм ауданында жалғасты. Депутат әуелі Айдарлы ауылындағы 500 орындық орта мектептің күрделі құрылыс жұмыстарымен танысты. Құны 250 миллион теңгелік құрылысты «Dauren Builo» мердігер компаниясы жүргізуде. Аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаевтың айтуынша, құрылысқа қаражат «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бөлінген. Сенатор аталған құрылысты тездетіп аяқтау керек екенін айтты. Мұнан соң Сенат депутаты аталған ауылда салынып жатқан спорт кешенінің құрылысымен танысты. Бұл құрылыстың жалпы құны 359 миллион теңгені құрайды. Мердігер компания өкілдері құрылыс жұмыстарын қыркүйектің соңына дейін бітіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Сенатор Бірлік ауылындағы 1200 орындық Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Мердігер Дмитрий Идин 700 балаға арналған бұл мектептің құрылысын жылдам аяқтап беруге күш салып жатқандарын айтты. Бұл күні Б.Орынбеков Мойынқұм ауданындағы күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан өзге де бірнеше құрылыс нысандарының жұмысымен танысты. Сапар соңында Бекболат Орынбеков: «Бүгін Шу, Мойынқұм аудандарында болып, мәселелері бар құрылыс нысандарын көрдім. Енді мәселелердің шешілуіне күш саламыз. Тұрғындармен кездесу, ауылдарды аралау жұмыстарынан кейін облыс әкіміне кіріп, мәселелерді ақылдасамын. Сондай- ақ, Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдап, Жамбыл облысындағы бірнеше күрделі құрылыстарға жеткілікті қаржы бөлінуіне ықпал етсем деп отырмын», – деді.  

Есет ДОСАЛЫ

Мойынқұм, Шу аудандары