Әлеумет

Тәуіпшілік табыс көзі емес

Тәуіпшілік табыс көзі емес

Базар маңы. Өзінің адам басындағы түрлі күрделі мәселелерді шешетінін айтып саңқылдаған әйелдің қарлыққан үніне еріксіз бұрылдым. Ақ орамалмен бетін тұмшалап алған толық әйел қақ маңдайына үкі тағып алыпты. Ақ жаймалы үстелінің үстіне кітап, тұмар, әлдебір түсініксіз заттар қойылған. Бір айтқанын қайталап, бір орнында тыным таппай тұр. «Сіз емшісіз бе?» дедім мен жақын барып. «Иә» деді ол. «Онда маған бал ашып беріңізші» деп өтініш білдірдік.

– Ақшаларың бар ма? – Аз ғана ақшам бар. 500 теңге бола ма? – Мазақ етіп тұрсың ба? 2000-нан басталады! – деді кейіп. «Алланың разылығы үшін» деп келген әйел жалына бастағаны сол, итеріп жіберді. Сол сәт «Келді» деп әлдекім айғай салды. Әйел асай-мүсейіне қарамастан, қаша жөнелді. Кімнен, неге, қайда қашқаны белгісіз. Жан-жағындағы саудагерлерден сұрастырдық. Ешкім тіс жарып ештеңе айтқысы келмеді, әлде расымен білмейді ме, әйтеуір жұмған ауыздарын ашпады. Осы картина кешегі күннің көрінісі ретінде көз алдымда сақталып қалды. Тәуіпшілікті кәсіпке айналдыру өте жақсы табыс көзі екеніне көзі жеткен алаяқтардың бұл күнде дәурені жүріп тұр. Мәселен, бір перзентке зар болып, медицина көмектесе қоймаған соң, шақшадай басы шарадай болған жандар, кейде амалсыздан ел кезіп, алаяқтарға жем болады. Тапқан-таянғанын жолына тосып, жалынып-жалбарынып, Құдайдан кейін соны құдірет көреді. Одан бөлек, сүрінген, құлаған, әлденеден баз кешіп, түңілгендердің де жетіп жығылатын жері осы бақсы-балгерлер. Бар «мәселесін шешіп жіберетініне» сенетіндер де солар. Ем қонбай, дертіне шипа іздегендер де кейде медицинадан күдер үзіп, әулие аралап, тәуіп іздеп кетеді.

Алланың разылығы үшін емдейтіндер аз

– Бойжеткен шағымда жүре алмай қалдым. Медицина «аяқта жан жоқ» деген диагнозбен шығарып салды. Аяқтарым қимылсыз, буыным ұстамайды. Бармаған жер, баспаған тау қалмай, шетелдің дәрігерлеріне дейін шарладық. Соңыра тағдырыма мойынсұнып, салым суға кетті. Сонда екі жыл бойы төсек тартып жатқан мені әкем емшіге алып барды да: «Емдей алмасаң, бірден айт» деп шорт кесті. «Бір ай уақыт бер» деп, ол мені үйінде алып қалды. Екі апта аяғыма түрлі ем-дом жасап, дұға оқыды. Бір күні таңертең қолыма таяқтың ұшын ұстатып: «Тұр!» деді. Қалай? Екі жыл орнынан тұрмаған адам, екі аптаның ішінде орнынан тұрады дегенге сене алмадым. Тұру былай тұрсын, қозғалуға жүрексінем. Сол сәт көздері шатынап, «Тұр!» деп тағы да айқай салды емші. «Тұра алмаймын» деп егілдім. Әлгі шал қатал еді. Көздері қанталап, ұрып жіберердей ышқынды. Өзі де терлеп, ырсылдап, менен аз қиналып тұрған жоқ. Тап-тап береді. Қорыққанымнан ептеп тұруға ұмтылдым. Аяқтарымды қолыммен түзеп, дуалға сүйендім. Есім кіресілі- шығасылы. Тәлтіректеп барып, бірді-екілі қадам жасадым. Сәлден соң, тіктеліп, жүріп кеттім. Соңыра шал екеуміз құшақтасып, жылағанымыз-ай сонда. Қазір де емшілер бар. Бірақ Алланың разылығы үшін ем-дом жасайтындар аз шығар. Бұл қария мені ақысыз-ақ емдеп, аяққа тұрғызды. Шынайы Алладан келген емдік қасиеті бар адамдар, расында Алланың разылығы үшін емдейді, – дейді Динара апай. Тәуіптер ілгеріде де аз болмаған. Олар жаны алқымына тығылып, мола аралап, «әруақ қысып», жүрегіне тыныштық бермей, дүниеден баз кешіп кеткен соң, ақыры жындануға шақ қалған шақта, амалсыз осы жолға түскен. Біреуді емдеймін деп, түрлі дәрі-дәрмек беріп, мүгедек етіп қойғандар, «жоғалған туысыңды пал ашып, тауып беремін» деп, қомақты қаржы алып, қашып кеткендер, өтірікті судай сапырып, құмалақ ашатындар, мұның бәрі бары рас, ортамызда жүр. Олар қоғамға қауіпті. Алдайды, арбайды, адастырады. Алайда, айтқаны айдай келетіндер де кездеседі. «Бақсы қыз» атанып кеткен ауылдас әжей болатын. Оны мен бала кезімде үпілеп отырып емдегеніне орай «Сүф апа» атап кеткенмін. Бала тұрмаған соң, әкем мен анам сол бақсы апаға барады. Сонда әжей бір қой алып келуді бұйырады. Анама: «Қос уыс жем мен су бер. Жем-суды ішіп-жеп, соңынан малдың үлкен және кіші дәреті бірге келсе, балаларың болады, олай жасамаса, бала тұрақтамайды», – депті. Етегі жасқа толған шешем алақанымен жемді алған сәттен-ақ шауып келген қой жем-суды ішіп-жеп, үлкен және кіші дәретін бірге жіберіп қойыпты. Сонда бақсы кемпір қолын жайып жіберіп: «Тоғыз ай, тоғыз күнде ұрғашы лақ туасың, әумин», – деп бет сипаған екен. Ертесі ұйықтап жатқан анам түс көреді. Түсінде үлкен үйдің қалт-құлт еткен қылдай өрт сөндіру сатысымен маңдай тері сорғалап, әне-міне құлап кетердей қауіп-қатерге толы бесінші қабатына шығыпты. Сөйтсе, үйдің төбесі алып базар екен. Сол базардан қыздың көйлегін сатып алады. Әжейдің айтқаны айдай келіп, мен дүниеге келіппін. Алайда, әке-шешемді уайымға салып, күндіз-түні дамыл таппай жылай беріппін. Бес сәбиі бірдей шетінеп, жүрегі шайлыққан анам құндақтаулы мені құшақтап, ол уақытта есімі елге танымал Талас ауданында тұратын Қожағаппар есімді көріпкелге барады. Ауласында 50-ге жуық адамның ұзын-сонар кезегінің соңына таман анам тұрыпты. Сәлден соң іштен көріпкелдің көмекшілері сыртқа шығып: «Сәби көтерген келіншекке кірсін деп жатыр», – деп хабарлайды. Анамның алдында он шақты сәби көтерген келіншек ішке кіріп, «сен емес деп айтты» деп келесілерді шетінен кіргізе бастайды. Кезектің соңына таман тұрған анама кезек келгенше, ішке дамылсыз кіріп шыққан балалы әйелдер қалай кірсе, сыртқа солай асығыс шығып жатады. Соңында анам ішке кіре сала көріпкел: «Әй, сені күтіп отырмыз ғой», – деп дүрсе қоя беріпті. Сосын құндақтаулы маған қарап: «Жылай береді. Бір жері ауырады ма деп уайымдайды екенсің. Ауру тұрмақ, бәлесі де жоқ, бұл қыздікі таза бетбақтық. Өзің түсіңде бесінші қабаттан алған жоқсың ба, өлмейді балаң», – деген екен. Анам үйден шығарда 3 сомды сол қалтасына, одан жақсы айтса деп 5 сомдықты оң қалтасына бөлек салып алыпты. Риза болып 5 сомдықты суырып бергенде: «Алмаймын, сол қалтаңа маған арнап салған 3 сомдығыңды бер», – депті. Бұл бұрынғы жағдай. Ал, бүгінгінің заманауи тәуіптері қалай емдеп жүр? Балгерліктің ең танылған әдісі – әлеуметтік желінің тікелей эфирінде отырып, каспиіне ақша салсаң, болашағыңды онлайн болжап беретіндер. Түк қысылмайды да. Олар кім? Шын бақсы-балгер ме, әлде алаяқ па, тексеріп жатқан ешкім жоқ. Құдайдан қорықпайтындар үшін онлайн жолмен табыс табу тіпті еріккеннің ермегіне айналды. Одан бөлек, экстрасенс, биотокпен емдеу, уқалау әдісімен жазу, жауырынға қарап айту деген сынды түрлері де кеңінен танылған. Дәрігерлердің ішінде де медициналық ем-домнан бөлек, емшілік қасиетпен айналысатындар да жоқ емес.

Исламда бақсы-балгерлер туралы не айтылған?

Осы тұста жалпы «Бақсы-балгерлер туралы ислам діні не айтады?» – деген сұраққа жауап іздедік. – Шариғат бақсы, балгерлерге баруға тыйым салады. Алда не күтіп тұрғаны Аллаға ғана аян. Алланың сүйген құлдары, пайғамбарлары арқылы Алла өзі білдіріп отырған. Сондықтан да түрлі адамға барып, халықтың адаспағаны дұрыс. Қазіргі таңда адамдар көреалмаушылықтан, қызғаныштан түрлі жамандыққа барады. Шариғатта жасалған ізгі амалдар арқылы бір Алладан ғана сұрауға рұқсат етілген. Ислам дінін қабылдағанға дейін құмалақ ашу, пал ашу деген дүниелер болған шығар. Бірақ, ислам дінінің келуімен бірге, бұл нәрселерге тыйым салынған. Жындар үшін мыңдаған шақырым жерге барып қайту бір мезеттің ісі. Кейбір көріпкелдердің толық мәлімет білуі – осы жындардың көмегі арқылы жүзеге асады. Олар құлағына сыбырлаушыларды аталары деп ойлайды. Бұл тұрғыда ескерілетін жалғыз нәрсе – ғайыпты білуші бір Алла. «Кімде-кім көріпкелге барып, айтқаны дұрыс» дейтін болса, онда ол адам Алланың пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с) келтірген дінге қарсы шыққанмен тең», деп көрсетілген. Сондықтан адаспаңыздар, – дейді Тараз қаласындағы «Усманжан баба» мешітінің имамы Ораз Баймаханов.

Сиқыр деген не?

Ел ішінде кеңінен тарап, кейбіреулердің қызығушылығын оятқан тағы бір ерекше қасиет, ол – сиқыр. Сиқыр – қазақ тілінде дуа деп аталады. Имам әл-Байдауи: «Сиқыр – адамның жеке істей алмайтын нәрселерінде шайтанға жақындық жасау арқылы істейтін әрекеті. Ол әрекетке жамандық пен қаскөй жандылар ғана қол жеткізеді» деген. Пайғамбар (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Үш адам жәннатқа кірмейді. Олар: арақ ішуші, туыстық байланысты үзуші және сиқырға сенуші», – деген. Сиқыр бір-бірін сүйген екі жасты ажырастырады немесе бір-біріне сүйкімді етіп көрсетеді. Одан бөлек, адамдар көре алмаушылықтан түрлі жамандыққа барады. Тіпті, билік басындағы таққа таласқандардың арасында да осы мәселе орын алып жатқаны жиі айтылады. Имам Бұхари мен имам Мүсілімнің сахих хадис топтамаларында пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) де дұшпандарының сиқыр жасамақ болғаны айтылады. Тіпті, дуалаушылардың көздеген арам пиғылы бос кетпей, аздап та болса Пайғамбарымызға әсер еткен. Бірақ, Құдайдың көмегімен артынша дуаның беті қайтқан. Белгілі бір хикметке сай Алла Тағаланың рұқсат етуімен орын алған бұл оқиғадан шығатын қорытынды – сиқырдың бар екендігі. Бақсы-балгердің, сиқыршы-сәуегейдің, құмалақшы- құшнаштардың айтқанына имандай сеніп, оны аят пен хадистен жоғары қою – күпірлік. Жан біткенге Алланың түзу жолынан адаспауды нәсіп етсін.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ