Әлеумет

Аймақтың ажарын ашқан алып аквапарк

Аймақтың ажарын ашқан алып аквапарк

Жібек жолы бойындағы жиырма ғасырдың жауһары – Тараз қаласы өзінің теңдессіз жәдігерлерімен ғана емес, бүгінгі көз сүйсінтер көркімен, айтуға сөз жетпейтін сұлулығымен де ерекшеленіп келеді. Бұрынғы архитектуралық інжу-маржандарын айтпағанның өзінде, осыған дейін ең ұзын субұрқақ, ең биік сағатымен айрықша жаңа сәулеттік стилі қалыптаса бастаған Тараз шәрінде енді ең алып аквапарк пайдалануға берілді.

Бұл тараздықтар үшін көптен күткен қуаныш екені жасырын емес. Себебі, осы уақытқа дейін «Зербұлақтың» айналасын қамыс басып, қоқыс қалдықтарынан көз ашпауы көпшілікті алаңдатып-ақ келді. Қазір қараусыз жатқан орында күніне екі мың адамға көтеріңкі көңіл- күй сыйлайтын алып аквапарк бой көтеріп, «Зербұлақ» демалыс орталығы түрленіп шыға келді. «Зербұлақ» демалыс орталығы кешенінің ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, еңбек ардагерлері мен шаһар тұрғындары қатысты. Орталықтың салтанатты лентасын облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, еңбек ардагері Оңласын Есіркепов және «South Holiday» компаниясының директоры Айбек Оршыбеков қиды. Содан соң қонақтар демалыс орталығын аралап, жұмысымен танысып шықты. Айта кетсек, кешенде бес жұлдызды қонақүй, SPA-орталық және ойын-сауық орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, тамақтану орындары, Түркия мемлекетінен жеткізілген 14 түрлі су сырғанақтары мен бассейндер демалушыларға қызмет етуде. Ересектерге арналған су әткеншегінің биіктігі 12 метр, ал балаларға арналған әткеншек бір мезетте 300-ге жуық бүлдіршінді қамти алады. Алғашқы кезеңінің жобалық құны 1 миллиард 200 миллион теңгені құрайтын алып кешен 1,9 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда жүзге жуық адам жұмыспен қамтылып, орташа еңбекақылары 120 мың теңгені құрап отыр. Нысанның құрылысы барысында кәсіпкердің ішкі туризмді дамытуға қосып отырған үлесін ескере отырып, мемлекет тарапынан ескі жолдарды жөндеп, жаңаларын салу, бақылау камераларын орнату, күзет нүктелерімен, жарықпен, тұрақты қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету, аймақты көгалдандыру секілді көмек көрсетілген. Ауқымды жоба өңірдегі туризмді дамыту бағдарламасы шеңберінде қолға алынған. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, аквапаркке кіру құны ересектер үшін 5 мың теңге, ал балалар үшін 4 мың теңгені құрайды екен. Ал, 2 жасқа дейінгі балаларға тегін. «Зербұлақ» демалыс орталығы күніне 2 мың адамға қызмет көрсетеді деп күтілуде. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, ата-ана қамқорлығынсыз қалған немесе көпбалалы отбасының балалары үшін тегін кіру және басқа да жеңілдіктер қарастырылған.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ