Жамбылда не жаңалық?

Дәрі-дәрмек тапшылығы болмауы тиіс

Дәрі-дәрмек тапшылығы болмауы тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен елімізде денсаулық саласын дамыту мақсатында түрлі тың бағдарламалар қолға алынуда. Мәселен, дәрі-дәрмек мәселесі мен сақтандыру шараларына қатысты жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұдан бөлек, дәрілік заттардың сапасы, лизингке алынатын медициналық жабдықтар, отандық өнімнің үлесі және дәрі- дәрмекті сақтау секілді мәселелер де назардан тыс қалған емес. Президент дәрі- дәрмектермен қамтамасыз етуді жақсарту мәселесіне жеке тоқталып, оларды сертификаттау мерзімі мен тәртібі қысқартылғанын атап өтті.

«Мемлекеттік сатып алудың арнайы рәсімі эпидемияға қарсы қажеттіліктер үшін бір көзден алу бойынша әлеуметтік әдістің мерзімі ұзартылды. Қазақстан Республикасында тіркелмеген вирусқа қарсы препараттарды бір реттік әкелудің тәртібі жеңілдетілді. Мұндай өтініштер бір күннің ішінде қаралады», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл шаралардың барлығы халыққа қажетті дәрі-дәрмекті ауруханалар мен дәріхана желілеріне тез әрі тиімді жеткізуге мүмкіндік беретінін баса айтты. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыс бойынша департаменті осы жылдың алғашқы жартыжылдығында жеке және заңды тұлғалардың 172 өтінішін қарады. Оның ішінде сапасыз емдеу және тексеру, еңбекке жарамсыздық парағын берудің негізділігі, науқастарды қабылдауды ұйымдастырудағы кемшіліктер мен этика және деонтология нормаларын бұзу жөнінде өтініш бар. Осы өтініштердің нәтижесінде түсініктемелер беріліп, басқа мемлекеттік органдарға қайта жіберілді. Сондай-ақ, жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Бұл жұмыстарға 60 тәуелсіз сарапшы жұмылдырылды. Айта кетейік, аталған департамент медициналық қызметтер көрсету, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы сондай-ақ, денсаулық сақтау саласындағы есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы салаларында өткізу және бақылау функцияларын жүзеге асырады. Бұдан бөлек, құзыреті шегінде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, медициналық қызметтер көрсету дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналысы салаларындағы мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша қоғамдық бірлестіктермен өзара жұмыс жасайды. Департамент тарапынан есепті кезеңде қысқартылған тәртіппен бөлік бойынша 14 әкімшілік айыппұл салынды. Нақтылай түссек, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 426-бабына сәйкес, фармацевтикалық қызмет ережелерін және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласын бұзғаны үшін, атап айтқанда, сақтау сондай-ақ, қолдану ережелерін бұзғаны үшін 4 әкімшілік іс қаралды. Сонымен қатар, 2 іс заңсыз медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызмет, 1 іс медицина қызметкерінің еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беру қағидаларын бұзу, 6 іс тәртіпті, стандарттарды сақтамау және медициналық көмектің сапасыз көрсетілуі және 1 іс денсаулық сақтау субъектілерінің уәкілетті органдарды хабардар ету жөніндегі міндеттерді бұзуы бойынша қаралған. Өңірде ауыл тұрғындарына дәрілік заттардың қолжетімділігі орта есеппен 63 пайызды құрайды. Жалпы, облыста 219 елді мекенде дәрілік заттарды сату ұйымдастырылса, 138 елді мекенде дәрілік заттарды сатуды ұйымдастыру талап етіледі. Бұл пункттерде халық саны аз болғандықтан, дәріханалар немесе дәріхана пункттерін ашудың қажеттілігі жоқ. Ал, дәріханалары жоқ ауылдық елді мекендерде дәрілік заттармен қамтамасыз етудің қолжетімділігін ұйымдастыру үшін жылжымалы дәріхана пункттерін ашқан жөн. Есепті кезеңде «Е-лицензиялау» веб-порталы арқылы электрондық түрде 1756 қызмет көрсетілді. Облыста есірткі құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлар айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыруға 10 лицензия берілсе, Қазақстан Республикасында тіркелген және тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды әкетуге келісім және қорытынды берілген жоқ. Жалпы, фармацевтикалық білімі бар және фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар сертификаттаудан өтуі тиіс. Бұл қызмет «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласында маман сертификатын беру» жаңа қызметі бойынша көрсетіледі. Бүгінгі таңда барлығы 93 өтінім берілді. Айта кетейік, облыста 8 нысанның фармацевтикалық өндіріске лицензиясы бар.  

Манат СЕЙДУМАНОВ,

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы.