Жаңалықтар

МҰЗДА ЖАНҒАН АЛАУ

МҰЗДА ЖАНҒАН АЛАУ

Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ. Желтоқсан әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» әніне жалғасқан «Қарабауыр қасқалдақ», «Желтоқсан желі», «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» атты әндер дүниеге келді. Қасіретті күндер туралы деректі фильмдер де түсірілді. Ақ қар, көк мұзда кеңес солдаттарының шоқпары мен қабаған иттерінен қан-жоса болған қыз-жігіттердің қайтпас қайсарлығы, асқақ рухы әлі де талай шығарманың арқауына айналар. Қайрат батырдың жалын жырлары ұрпақ ауысса да мәңгілік қазақ елімен бірге жасай береді. Ербол, Сәбира, Ләззаттардың жарқын бейнесі де Тәуелсіз елдің жадында мәңгі қалады. 

Жазықсыздан-жазықсыз сотталып, түрмелерге тоғытылған замандастарымыздың жанына түскен тән жарасы мен жан жарасы жазылған шығар. Компартияның нұсқауымен солқылдақ соттар темір торға тоғытқан сол азаматтар қайда жүр? Жаныңда жүрсе жалау бол! Қолыңнан келсе, қамқорлық жаса, ағайын! Темір тордың құрсауына түспесе де, алаңға шыққаны үшін КГБ мен прокуратураның түрлі тергеу-тексеруінен зәрезап болып, уақытша тергеу изоляторларында отырған қыз-жігіттердің алды бүгінде елуді еңсеріп, жастарының өзі қырықтың қырқасына шықты. Олар, тіпті, көп еді. Құқық қорғау органдарының уақытша ұстау орындары мен әскери казармалар лық толған кезде қала шетіндегі қоқыс төгетін орынға машина-машина болып жеткізіліп, қара түн, ақ түтекте азапталған жастар аз ба? Олар да нағыз патриоттар еді. Кең-байтақ қазақ елінің әр қиырында Тәуелсіз Қазақстанның тұғыры биік болу жолында қажыр-қайратпен әр салада еңбек етіп жүрген желтоқсаншы-замандастарға да көз қырыңды сала жүр. Кеңес одағындай алып державада 15 одақтас республиканың тәуелсіздігіне ұмтылуына әсер еткен Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі екенін әлемнің аузын айға білеген небір марқасқалары баяғыда-ақ айтқан. Қайсар халықтың ұландары өзгелермен қатар, ата-баба сан ғасыр армандаған Тәуелсіздікке осылайша жарқын жол ашып берді. Тәуелсіздіктің көк туын нық ұстаған Елбасы қазақ елін 23 жылдың ішінде айдай әлемге танытты, танытып қана қойған жоқ, мойындатты. Бастауында желтоқсан тұрған Тәуелсіздігіміз ғұмырлы болғай!

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».