Жаңалықтар

Айттағанның өзі сауап

Айттағанның өзі сауап

Құрбан шалу дегенде, әуелі адам баласына сынақ келгені еске түседі. Алла Ибраһим Пайғамбарға «Балаңды құрбандыққа шал» деп бұйырды. Сонда Ибраһим: «Уа, Әміршім! Сен кеңдік жаса, мені олай қинама» деген жоқ. Пышағын өткірлеп, бұйрықты орындауға қам жасады. Шайтан осы кезде Ибраһимді де, оның жұбайы Ғажарды да, Исмаилды да азғырмақшы болды. Бірақ, ол үшеуі де шайтанға тас атып, қуып тастады. Содан бастап қажылыққа барғанда шайтанға тас ату сүннет болған екен.

Сонымен, Ибраһим пышағын өткірлеп, өзінің бауыр еті баласын құрбандыққа шалу үшін қам жасап жатыр. Сонда баласы да қандай тақуа десеңізші! «Әке, Раббының әмірі солай болса, мені құрбандыққа шалыңыз» деді. Ибраһим де тек Алланың бұйрығын орындауға ниет етті. Жүрегі қан жылап тұрса да, бас тартқан жоқ. Кейінге қалдырайын деп, кері шегінген жоқ. Алланың бұйрығын орындауға барын салды. Міне, Аллаға шынайы берілгендік, таза тақуалықтың көрінісі. Алла өзінің сынағынан сүрінбей өткен Ибраһимге сый жасап, оны қуантты. «Ей, Ибраһим, аспаннан көк қошқар түседі. Соны құрбандыққа шал», деді. Содан бері құрбандыққа мал шалынып келеді. Құрбан айт барысында шамасы келген адам құрбан шалады. Ал, шамасы келмегендердің Айт күні қуанғанының өзі, Айт мерекесін сезінулерінің өзі сауап екен. Әр үйге айттағанның өзі – үлкен сауап. Тіпті, шамасы келмегендер сол күні тәтті нан пісіріп таратса да, сауабы мол. Міне, Құрбан айт мерекесінде осындай ізгі амалдарды ұмытпағанымыз абзал. Құрбан айтт арыңыз қабыл, ниеттеріңіз асыл болсын!  

Дәурен ҚҰТТЫБАЕВ,

«Әбдіқадір» мешітінің бас имамы.