Әлеумет

«Басты мақсат – тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартып, әлеуметтік мәселелерді шешу»

«Басты мақсат – тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартып, әлеуметтік мәселелерді шешу»

Жамбыл облысының әкімі Нұржан НҰРЖІГІТОВ: «Басты мақсат – тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартып, әлеуметтік мәселелерді шешу».– Нұржан Молдиярұлы, облысымызда «ZHEIF-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы өткені белгілі. Бұл іс-шараға шетелден ірі инвесторлар қатысып, көптеген келісімдерге қол қойылды. Бұл келісімдер инвестиция тарту бойынша көрсеткішімізге қаншалықты оң әсер етеді?

– Әрине, Жамбыл облысында инвестиция көлемін арттыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Апта сайын инвест штабтың отырысы өтеді. Осы жылдың 4 айында 89,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 7,4 пайызды құраған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 572 миллиард теңгеге дейін инвестиция тарту жоспарлануда. Сондай- ақ, биыл өңірде 491 жұмыс орнын ашуды көздейтін жалпы көлемі 85,4 миллиард теңгені құрайтын 21 инвестициялық жоба іске асады деп күтілуде. Ал, 2025 жылға дейін 1 триллион 900 миллиард теңгеге 60 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Бұл бойынша 4 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Енді инвестфорумға келетін болсақ, шетелдік кәсіпкерлер Жамбыл облысының мүмкіншіліктерімен танысуы керек. Сондықтан, бұл форум ұйымдастырылды. Бұл инвестфорумның нәтижесін осы жылдың аяғында, келесі жылы, тіпті 2025 жылы көретін боламыз. Себебі, кез келген жоба бір айдың ішінде жүзеге асып кетпейді. Бір жоба толыққанды жүзеге асуы үшін кем дегенде екі жыл керек. Сондықтан, инвестфорумның толыққанды нәтижесін алдағы жылдары көре бастаймыз. Ал, «ZHEIF-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы аясында отандық компаниялар мен шетелдік инвесторлар арасында 17, оның ішінде шетелдік 5 ірі компаниямен 700 млн. АҚШ долларына, 12 компаниямен 96,5 млн. АҚШ долларына келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Форум шеңберінде екі кәсіпорын, бір демалыс орталығы өз жұмысын бастаса, бір зауыттың іргетасы қаланды. Бұдан бөлек, бірқатар шетелдік және отандық инвесторлармен кездесіп, электр энергиясы бойынша 3, инфрақұрылым тарту жөнінде 4, жер мәселесі 5 және газ тарту бойынша 2 жоба оң шешімін тапты. Сондай-ақ, облыстың күн, жел және су арқылы электр стансаларын салуға әлеуеті өте жоғары десек, бұл ретте Мемлекет басшысының бастамасымен облыста бірқатар ірі жобалардың іске асуы жоспарлануда. Атап айтқанда, франциялық «Total Eren», Біріккен Араб Әмірлігінің «Masdar» және «Kidf», қытайлық «State Power Investment Corporation» компаниялары ауқымды жел электр стансаларын (1 гВт) салуға ниет білдіріп отыр. Осы жылдың 8-9 маусым аралығында Астана қаласында өткен «Астана халықаралық форумы» аясында Жамбыл облысы аумағында қуаты 1 гВт болатын ауқымды жел электр стансасын салу жобасы бойынша «Самұрық-Қазына» қоры, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, China Power International холдингінің өкілдері және Жамбыл облысы әкімдігі арасында кездесу өтіп, жол картасына қол қойылды. Жақында ғана Қазақстан мен Германия Президенттерінің Астана қаласында өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында бірқатар құжаттарға қол қойдық. Олардың қатарында ҚР Жамбыл облысы әкімдігі мен «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС арасында гипсокартон парақтары мен құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауыт салу жөніндегі жобаны іске асыру туралы келісім де бар. «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС Жамбыл облысында құрылысқа арналған гипсокартон және құрғақ қоспалар өндіру жобасын жүзеге асыруға ниетті. Құны шамамен 15 млрд. теңгені құрайтын жоба жүзеге асқан жағдайда 100 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. – Жамбыл облысының өнеркәсібі туралы әңгіме бола қалса, «Қазфосфат» зауыты туралы айтпай кету мүмкін емес. Бірақ, былтырдан бері бұл алып кәсіпорынның жұмысшылары жалақы мәселесін көтеріп, бірнеше рет келіспеушіліктерін білдірді... – Иә, айтайын деп тұрған ойыңызды түсіндім. Шынында өткен жылдың қараша айынан бері «Қазфосфат» зауытының жұмысшылары біраз талаптар қойған болатын. Оның барлығы шешілді. Биыл 1 қаңтардан бастап жұмысшылардың жалақысы көтерілді. Нақтырақ айтсақ, барлық деңгейдегі жұмысшылардың жалақысына 50 мың теңге қосылды. Егер жалақыны пайыздық көрсеткіш бойынша қосатын болса, төмен жалақы алып жүргендерге болмашы ғана ақша қосылар еді. Бәріне бірдей 50 мың теңге қосудың нәтижесінде төмен жалақы алып жүрген жұмысшылардың айлығы 30 пайызға дейін, жоғары айлық алып жүргендердің жалақысы 5-10 пайызға дейін көтерілді. Жалпы, «Қазфосфат» әлеуметтік бағытта үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Былтыр Қаратау қаласындағы 72 пәтерлік бір көпқабатты үйді жөндеп, жұмысшыларына берді. Үйдің алдынан балалар ойнайтын алаңдар салды. Енді Жаңатаста 242 пәтерлік үш көпқабатты тұрғын үйді жөндеуді қолға алды. Келесі жылы пайдалануға береді. «Қазфосфатта» еңбек қауіпсіздігіне байланысты да мәселелер болған. Еңбек инспекциясы басқармасы тексеру жүргізіп, арнайы іс-шаралар қабылдады. Қазір жағдайды бақылауда ұстап отыр. – Тараз қаласындағы Президент резиденциясы жыл бойы балалар демалатын лагерьге айналатын болды. Облыс тұрғындары бұл жаңалыққа қатты қуанды. Енді бұл лагерьде демалатын балалар қалай іріктеледі? – Иә, бұл лагерь жыл он екі ай бойы жұмыс істейді. Бюджеттен барлық қаражаты шешілді. 600 миллион теңгеден астам қаржы бөлдік. Бір маусымда 50 бала демалады, жыл ішінде 900-ден астам бала қамтылады. Енді облыстық білім басқармасы ол жерде қандай балалардың демалуы керек екені туралы ереже қабылдайды. Расында қандай балалар демалу керек деген мәселеде біраз пікірталас болды. Білім Олимпиадасына қатысып, жүлде алған оқушылар демалуы керек пе, әлде, спорт, өнер, мәдениет саласы бойынша жетістіктерге қол жеткізген дарынды балалар демалуы керек пе? Білім басқармасы инклюзивті білім алатын балаларды да қоссақ деген ұсыныс айтты. Оған да келістік. Тіпті, бір айда тек бір ауданның балалары демалғаны дұрыс шығар, сонда бір жылда Жамбыл облысындағы 11 аудан- қаланың оқушылары демалып шығатын еді деген де ойлар айтылған. Бірақ, білім басқармасы әр ауданның балаларын бір-бірімен араластыру керек деген ұсыныс берді. Қысқасы, ұсыныс өте көп. Жұмысын бастасын. Уақыт өте келе бұл лагерьдің жұмысы жүйеленіп, бір қалыпқа түседі деп ойлаймын. – Тараз қаласындағы шайынды суларды сүзу алаңдары 1962 жылы салынғанын және бүгінгі күні қанағаттанарлықсыз жағдайда екенін ақпарат құралдары соңғы кездері жиі жазып жүр. Осы өзекті мәселені шешу бойынша қандай жұмыстар қолға алынуда? – Шынында Тараз қаласындағы шайынды суларды сүзу алаңдарының пайдалануға берілгеніне алпыс жылдан астам уақыт өтіп кетіпті. Мына мәліметке қараңызшы, сүзу алаңының жобалық қуаты тәулігіне 43 100 мың текше метрді құраса, ал іс жүзінде тәулігіне шамамен 70-80 мың текше метр сарқынды су түседі. Осының салдарынан ауыл шаруашылығы мақсатындағы каналдарға ағынды сулардың ағуы орын алады, одан Аса өзенінің сондай- ақ, Талас-Аса кен орнының жерасты суларының қорларының ластану қаупі туындайды. Сарқынды сулардың апатты төгілуіне жол бермеу мақсатында өткен жылы қосымша 20 гектар жер учаскесі бөлінген. Қазіргі уақытта қосымша 12 тұнба картасы пайдалануға берілді. «Еуропалық қайта құру және даму» банкінен техникалық-экономикалық зерттеуді және техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге 340 мың еуро мөлшерінде грант бөлінді. Биыл қаңтарда Тараз қаласындағы кәріз тазарту құрылыстарын жаңғырту жобасы бойынша ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес банктік ТЭЗ және ТЭН дайындауға ашық халықаралық конкурс жарияланды. Словениялық «СЕСТ Consulting» компаниясы конкурс жеңімпазы болып танылды. ТЭЗ даярлауды аяқтау қыркүйектің соңына, ТЭН даярлау қарашаның соңына жоспарланған. Бұл мәселе үнемі назарымда. – Облыста халық саны 200-ге дейінгі 26 елді мекен бар. Әрине, мұндай ауылдарға ауыз су құбырын тарту тиімсіз екендігі белгілі. Бірақ, аз халықты да сусыз қалдыруға тағы болмайды. Бұл мәселе қалай шешіледі? – Дұрыс айтасыз. Тиімсіз екен деп, аз халықты тіршілік нәрінен тарықтыруға болмайды. Қазіргі таңда облыста ауыз сумен қамтылмай отырған 54,9 мың адам немесе 82 елді мекен бар десек, оның ішінде 51,1 мың адам тұратын 56 елді мекенге су жүйелерінің құрылысын жүргізу жоспарланған. Ал, халық саны 200-ге дейінгі 26 елді мекенге (3,8 мың адам) суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату жұмыстары жүзеге асуда. Бұл жұмыстар 2023- 2024 жылдары толығымен аяқталып, 2025 жылға дейін облыс тұрғындары ауыз сумен барынша қамтылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде ауыз сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші 2025 жылы аудандар мен қалаларда толық шешілетін болады. –Жаз келіп, аптап ыстық басталғаннан Жамбыл облысында ағын судың «жыры» басталатыны белгілі. Шаруалар күні бұрын дабыл қақса да бұл мәселені толыққанды шешу мүмкін болмай жатыр. Биыл жағдай қалай? Жалпы, суды үнемдеуде, суармалы алқаптарды қалпына келтіру бағытында не істелініп жатыр? – Жамбыл облысы 80 пайыз суды Қырғыз мемлекетінен алады, сол елде екі үлкен су қоймамыз бар. Судың тапшылығына байланысты Республикалық су комитеті Қордай ауданынан екі су қоймасын салу үшін құжаттар дайындап жатыр. Әр су қоймасына 15 миллион текше метр су жиналады. Су тапшылығы артқан кезде каналдар арқылы жіберетін боламыз. Жоспарымыз бойынша 2025 жылдың аяғына дейін 180 мың гектар суармалы жерді 100 пайыз ағын сумен қамтамасыз етуіміз керек. Суды үнемдеу үшін ең бірінші халықаралық қаржы ұйымдары арқылы 40 миллиард теңгеге 315 канал жөнделіп жатқанын айтқым келеді. Соның есебінен пайдаланып жатқан суды 30 пайызға үнемдейміз. Екіншіден, қалған 257 каналды жергілікті бюджет, ауылдық округ әкімдіктерінің теңгеріміне қабылдадық, қазір жобалық құжаттары жасалып жатыр. Республикалық, облыстық бюджеттен қаржы бөліп, тағы үш жылда жұмыстарын жүргіземіз. Сондай-ақ, 646 ұңғыма қазуды жоспарлап отырмыз. Жамбыл облысында жер астында мол су қоры бары екені ғылыми тұрғыда дәлелденген. Қазіргі уақытта 86 ұңғыма қазылды. Оған ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан кеткен шығындардың 50 пайызы субсидия ретінде төленеді. Сонымен қатар, тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларымен де суды үнемдеп пайдаланып жатырмыз. – Шалғайдағы Мойынқұм ауданының ауылдарына әлі күнге дейін көгілдір отын жетпей отыр. Бұл мәселе қашан шешіледі? – Мойынқұм ауданындағы 24 елді мекенде 28 663 адам тұрады. Аудан газдандырылмаған. Осы ауданның 13 елді мекенін, нақтырақ айтсақ, Айдарлы, Бірлік, Биназар, Назарбеков, Көкжелек, Күшаман, Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет, Сарыөзек, Хантау елді мекендерін газдандыру мақсатында Мойынқұм ауданы әкімдігі тарапынан газ құбырының құрылысына жобалау- сметалық құжаттамасы әзірленуде. Бұл 13 елді мекенде 17699 адам тұрады. Жеткізуші газ құбырларының болжамды ұзындығы– 250, 6 шақырым. Қосылу нүктесі – Шу ауданы Д.Қонаев ауылы маңындағы «Шу» автоматтандырылған газ тарату стансасы. Жобалардың ауқымдылығына байланысты, бірінші кезектегі 9 елді мекенінің жеткізуші газ құбыры 3 кезеңге бөлінді. Атап айтқанда, 1-кезең шамамен 67,5 шақырым құрайды (Айдарлы, Бірлік, Биназар), жобалық құны – 18,5 млрд. теңге. 2-кезең – 44 шақырым (Назарбеков, Көкжелек, Күшаман) жобалық құны – 4 млрд. теңге. 3-кезең – 35,5 шақырым (Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай) жобалық құны – 4 млрд. теңге. Жалпы жоба құны – 26,5 млрд. теңге. Осы мамыр айында 1-кезеңінің жобасы сараптаманың оң қорытындысын алып, бүгінгі күні аталған жоба бойынша құрылыс жұмыстарын 2024 жылы қаржыландыру үшін тиісті бюджеттік өтінім ҚР Энергетика министрлігіне тапсырылуда. Жобаның жалпы құны – 18,5 млрд.теңге. Аудандағы табиғи газбен қамтылатын 13 елді мекенінің екінші кезектегі 4 ауылдың (Құмөзек, Қарабөгет, Сарыөзек, Хантау) жобаларын осы жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Жобалардың болжамды құрылыс құны шамамен 4,2 млрд.теңгені құрайды. Мойынқұм ауданының қалған 11 елді мекенін газдандыру жұмыстары елді мекендердің алшақтығына қарай кезең- кезеңімен жоспарланатын болады. – Моноқалалар Жаңатас, Қаратау қалаларының даму жоспары қандай? Ондағы қаңыраған бос үйлердің, инфрақұрылым мәселелері назарға алынған ба? – Облыстағы Қаратау (28,5 мың адам), Жаңатас (25,7 мың адам) қалаларында 54,2 мыңнан астам адам тұрады. Жұмыс күші 22 346 адам, оның ішінде жұмыспен қамтылғандар 21 391 адам (оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық – 2442 адам), жұмыссыз халық – 955 адам. ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысының тапсырмасымен моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарларын әзірлеу бойынша тапсырмасы негізінде облыстың Қаратау, Жаңатас моноқалаларының 2023-2027 жылдарға арналған кешенді даму жоспар жобалары әзірленіп, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне келісілуге ұсынылды. Тұтастай алғанда, Қаратау қаласының Кешенді жоспарымен белгіленген 48 іс-шараны 58,5 млрд.теңге, Жаңатас қаласының Кешенді жоспарымен белгіленген 75 іс-шараны 652,3 млрд. теңге есебінен іске асыру жоспарлануда. Жалпы моноқалаларда инфрақұрылым желілерін жаңғырту «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде қаржыландырылады. Жаңатас қаласы бойынша 2023 жылы мазутпен жылытылатын жылыту қазандығын газға алмастыру үшін 620,5 млн.теңге бөлінді, жұмыстар 2024 жылға өтпелі, бұл мақсатқа 3,5 млрд.теңге қаржы қажет. Бұдан бөлек, Жаңатас қаласын және жақын маңдағы 13 елді мекенді газбен жабдықтау мақсатында 2019 жылдан бастап жалпы құны 8,7 млрд.теңгені құрайтын жоғары қысымды газ құбырының құрылысы іске асырылуда. Бүгінгі күнге моноқалаларда 813 пәтерлі 18 көпқабатты тұрғын үй бос тұр және жаңғыртуды қажет етеді. Оның ішінде Қаратау қаласында 284 пәтерлі 4 үй, Жаңатас қаласында 529 пәтерлі 14 үй. Тұрғын үй алу кезегінде 3094 адам тіркелген. – Тұрғындардың жиі көтеретін мәселелерінің бірі–Тараз қаласындағы қоғамдық көліктердің тозуы. Осы ретте қандай тетіктер қарастырылуда? Қоғамдық көліктерді жаңартудың нақты жоспары бар ма? – Айта кетейік, бүгінде Тараз қалалық жолаушылар бағытында 10 тасымалдаушы мекеме 34 бағыт бойынша күнделікті 340 бірлік автобуспен қызмет көрсетуде. Автопарктердегі жылжымалы құрамдарды жаңарту жұмыстары бойынша 2019 жылдан бастап жалпы 154 бірлік автобус жеткізілді. Қазіргі таңда жолаушылар көлігі тасымалын жандандыру, жетілдіру және тұрғындарды жолаушы көлігімен толық қамтамасыз ету мақсатында 2023- 2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Жоспарға сәйкес, 3 жыл көлемінде кемінде 200 бірлік автобустар сатып алу, жаңа 15 жолаушы бағыттарын ашу, күнделікті қызмет көрсететін автобустар санын 460-қа дейін арттыру, 120 аялдама орнату, аялдамаларға 90 бірлік жарық диодты цифрлық таблолар орнату көзделген. Сәуір айында «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС тарапынан алынған 20 бірлік автобус жеткізілсе, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС тарапынан алынған 3 бірлік үлкен сыйымдылықты автобустар қатарға қосылды. Бұдан әрі, «Smart City Servise» ЖШС тарапынан 5 бірлік «Golden Dragon» маркалы автобустарды, «СапарТранс-2012» ЖШС тарапынан кемінде 10 бірлік Yutong маркалы автобустарды, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС тарапынан жыл аяғына дейін қосымша 25 бірлік автобус жеткізу жоспарда бар. Сонымен қатар, «City Bus» ЖШС-мен 60 бірлік автобус жеткізуге қатысты меморандум жасалды. – Жамбыл жерінде пилоттық негізде басталған «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде Президенттің тапсырмасымен ел көлемінде таратылуда. Жобаның тұрғындарға берер тағы қандай мүмкіндіктері бар? – Әлбетте, аталған жобаны жүзеге асырудағы басты мақсатымыз – тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартып, әлеуметтік мәселелерді шешу. 2023 жылы қолдан ұрықтандыру жұмыстарына пилоттық жобаға енген 10 ауданның 24 ауылдық округтеріндегі мүйізді ірі қараның аналық басын қолдан ұрықтандыру арқылы асылдандыру жұмыстарын ұйымдастыруға 100 млн. теңге бөлінді. Бұл жұмыстар Қазақ агроөнеркәсіп кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми- зерттеу институтының мамандарымен бірлесіп атқарылуда. Нәтижесінде алдағы 7 жылда қолдан ұрықтандырылған аналық мүйізді ірі қара басынан 65- 70 пайызға асыл тұқымды төл алу жоспарлануда. Жем-шөп мәселесін жүйелі шешу мақсатында «Гидропоника» жаңа жасыл технологияны енгізу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» жобасына енген ауылдық округтерде осы технологияны енгізуге ниет білдіргендерге несие алуға өтінімдер қабылдануда. Бұл технологияның артықшылығы 1 кг жемнен 7-10 кг шырынды, балғынды гидропоника жемін алуға мүмкіндік бар. Гидропоника технологиясын пайдалану арқылы бір шаршы метрінен сауын сиырды күні бойы азықтандыруға жеткілікті 20-25 кг жасыл желек ала отырып, сүт өнімділігін 30-40 пайызға, ал майлылығын 3-4 пайызға дейін арттыруға және ет бағытындағы мүйізді ірі қараның күндігіне 800-1500 грамм қосымша салмақ қосуына мүмкіндік туады. – Тараз қаласы екіге бөлінеді деген ақпарат тарады. Бұл қаншалықты тиімді? – Бұл жағдайды Тараз қаласын екіге бөлу емес, қаланы тиімді басқару үшін 2 аудан әкімдігін құру деп қабылдаған жөн! «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» ҚР 1993 жылғы 8 желтоқсандағы №2572- XII Заңы 2-ші бабының 5-тармағына сәйкес облыстық маңызы бар қаладағы халық саны 400 мың адамнан асқан кезде қаладағы аудан құрылады. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша бүгінгі таңда Тараз қаласында 427 мыңнан астам халық тұрады. Осыған байланысты, қаланы тиімді басқару және өзекті мәселелерді жедел шешу үшін екі аудан әкімдігін құру қажеттілігі туындап отыр. Өз кезегінде халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырып, қала тұрғындарына қолайлы жағдай туғызады. Сонымен қатар, қаланың әрі қарай әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. Мұндай тұжырым жасауға еліміздің басқа қалаларын бөлу тәжірибесі негіз болып отыр. Мысалға алатын болсақ, Алматы қаласында 8 аудан, Астана қаласында 5 аудан, Шымкент қаласында 5 аудан, Ақтөбе қаласында 2 аудан, Қарағанды қаласында 2 аудан құрылған. 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша халық саны 428,7 мыңды құрап отыр. ҚР «Әкімшілік аумақтық құрылысы туралы» Заңына сәйкес қала халқы 400 мыңнан асқан жағдайда қаланы 2 әкімшілік аумаққа бөлу талабы қаралған. Сонымен қатар, ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 22 ақпандағы №104 қаулысымен бекітілген Тараз қаласының Бас жоспары бойынша қала аумағы – 18 787 гектар құрады. Тараз қаласының Бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты, қала аумағына Байзақ ауданынан 3, Жамбыл ауданынан 11 елді мекенді қосып алу қарастырылуда. Жамбыл және Байзақ аудандарына қарасты 14 елді мекеннен аумағы 10 422,5 га жер телімі және 44 504 адам қосылу көзделіп, қаланың халық саны 472 мың адамды құрайтын болады және бас жоспарға сәйкес қала аумағы – 29 209 га ұлғаяды. Бұл өз кезегінде кезекте тұрған тұрғындарды баспанамен қамтуға, тұрғын үй құрылысын арттыруға мүмкіндік береді. Бас жоспардың тиімді тұстарына тоқталып өтсек. 2 ауданға бөлініп, басқару тиімділігі артады. Инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі артады. Медициналық сала бойынша жедел жәрдем қызмет көрсету мекемелерінің Тараз қаласынан қосылатын ауылдарға жету тиімді. Сондай-ақ, емханаларды заманауи құрылғылармен жабдықтау қамтамасыз етіледі. Инженерлік инфрақұрылымның магистралдық желілері қала аумағынан елді мекендерге тартылған. Төтенше жағдай орын алғанда қаланың коммуналдық кәсіпорындарына жүгіну қолайлы. Қалаға енетін 14 елді мекенге қаланың қоғамдық көліктері жиі қатынайтын болады. Алдағы уақытта олардың санын арттыру қарастырылады. Тұрғын үй құрылысына қолайлы жер телімдерін жоспарлау мүмкіндігі қалыптасады. Тараз қаласынан 2 аудандық әкімшілік құру бойынша ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың келісімі бар. – Нұржан Молдиярұлы, қазір әлеуметтік желілерде әкімдерді жиі сынап жатады. Әрине, бұл өз жұмысыңызға сын көзбен қарауға, тірлігіңіздің артық-кем жерін бағамдауға үйрететіні анық. Дегенмен, Сіз сынға қалай қарайсыз? Мемлекет басшысы әкімдердің қарапайым болуын, елмен тығыз араласуын үнемі айтып келеді. Тіпті, үкімет отырысында Президент «Әкімдер өз қалалары мен елді мекендерінде жаяу жүруі керек» деп те айтты... – Иә, Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Кемелұлы ел мүддесінен жоғары ештеңе жоқ екендігін, популизмге және жеке бастың мүддесін көздеуге жол бермеу керектігін баса айтқан болатын. Яғни, жұмысқа деген жаңаша көзқарас қажет! Облыс әкімі ретінде тұрақты түрде аудандардағы елді мекендер мен Тараз қаласының шағын аудан тұрғындарымен кездесіп жүрмін. Кейде жаяу аралап, елмен тілдесіп, атқарылып жатқан шаруалардың шынайы жағдайын біліп тұрамын. Ешкімге айтпастан, ескертпестен құрылыс нысандарын барып көремін. Сонымен қатар, өткен жылдан бері ауыл әкімдеріне күніне бір аулаға кіріп, ол отбасының әлеуметтік жағдайын анықтап, түрлі мемлекеттік қолдаулар көрсету, олардың әлеуметтік мәселесін шешу жөнінде міндеттеме жүктелген. Жасыратыны жоқ, қазір қоғам өте сыншыл. Әрине, қоғам болған соң сын болады, бірақ ол сын шын болу керек. Кей жағдайда ол сынның да шын екендігіне күмән жоқ. Нәтижесінде халық пен билік арасында түсініспеушілік туындап жатады. Ал, әлеуметтік желідегі қызу пікірталастар өз алдына бөлек әңгіме. Иә, сын айтылмай, мін түзелмейді. Бірақ, сол сын жеке бастың мүдделері емес пе? Ойланатын мәселе. Өздерін азаматтық қоғам өкілі, халық жанашыры ретінде көрсеткісі келетін осындай азаматтармен мақсатты түрде жұмыс жүргізуіміз қажет. Заң бар. Соның шеңберінде жұмыс жүргізу керек. Өз басым кез келген әділетті сынды мойындаймын. Адам болғаннан кейін қателіктің де кетіп жататыны рас. Тегінде жұмыс қызу жүрген жерде міндетті түрде қателік болады деген қағида бар ғой. Тек соны көре білу керек, соны мойындай білу керек. Кемшіліктерді дер кезінде түзетуге бар күш-жігерімді саламын. – Ашық әңгімеңізге көп рақмет!  

Сұхбаттасқан Оралхан ДӘУІТ.