Әлеумет

Көңілінде тұнған істер, мерекеңмен, журналистер!

Көңілінде тұнған істер, мерекеңмен, журналистер!

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бірқатар мереке иелерімен кездесіп, құттықтады.

Аймақ басшысы өз сөзінде төртінші билік өкілдері қызметінің маңыздылығын атап өтіп, қазақ журналистикасының дамуында жамбылдықтардың шоқтығы биік екендігін жеткізді. – Ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды сала. Ал, журналист болу – халыққа қызмет ету. Сондықтан, журналистика саласына артылар міндет пен жүк жеңіл емес. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістанда өткен құрылтайда «Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы», – деп өз бағасын бере отырып, аталған саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажеттігі туралы айтқан болатын. Бүгінгі әлеуметтік желілердің ықпалы артқан кезеңде журналистер жоғары кәсібилік, айқын азаматтық ұстаным, аудиторияға құрмет, жаңалықтарға ашықтық, ақиқатты объективті түрде көрсетуге ұмтылуымен ерекшелен еді. Осындай қасиеттерге ие бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қоғамның дұрыс жолда дамуына өз септіктерін тигізетіні сөзсіз. Ал, өткен дәуірдегі қазақ журналистикасының дамуында жамбылдық қалам шеберлерінің алар орны ерекше болғаны баспасөз тарихынан белгілі. Олардың қатарында болған Шерхан Мұртаза, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Бақытяр Әбілдаев, Мұса Рахманбердиев сынды ағаларымыздың есімін біз әрқашанда құрметпен еске аламыз. Осы орайда, бүгінгі күні тоқсанның төріне шығып, Жамбыл журналистикасының ақсақалына айналып отырған Баттал Жаңабаев ағамызға зор денсаулық тілеймін. Облыстың жетістіктерін насихаттауда, еліміздің қоғамдық-саяси тұрақтылығын қамтамасыз етуде еңбектеріңіз орасан зор, – деп Нұржан Нұржігітов мереке иелеріне ризашылығын білдірді. Бұдан соң бірқатар БАҚ өкілдері «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, бұл күні төртінші билік өкілдері «Жамбыл облысының үздік журналисі» төсбелгісін иеленіп, Журналистер одағының Құрмет грамотасына да ие болды. Өз кезегінде облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев және аға буын қаламгерлер мен журналистер ізгі тілектерін жеткізіп, орамды ойларын, шешімін күткен түйткілді мәселелерді ортаға салды.  

«Aq jol»-Аqparat.