Жаңалықтар

ЕЛ ӨМІРІНІҢ ШАРАЙНАСЫ

ЕЛ ӨМІРІНІҢ ШАРАЙНАСЫ

Елімізідің бас газеті «Егемен Қазақстан» бұл күндері өзінің айтулы мерейтойын, яғни 95 жылдығын атап өтуде. Ел газеті болғаннан кейін оның ел өмірінің шын мәніндегі шарайнасы ретінде қарап, оның өсіп-даму жолдарына көз тастап, бұл күндері оған заманның үндес заңғар басылымы ретінде қараймыз. Бұл басылым тәуелсіз еліміздің тарихы мен шешіресі деп қабылдағанымыз дұрыс. Талайлардың қаламымын ұштаған, шабытын шындаған басылым жайлы оқырман қауымның пікірі әрдайым ерекше. Оның тариғы тереңде жатыр. «Егемен Қазақстан» – қазақ ұлтының алғашқы баспасы «Қазақ» газетінің ұрпағы деп қабылдаймыз. Әр кезде бұл басылымды қазақтың біртуар азаматтары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулат, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Садуақасов, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов басқарғаны белгілі. Солардың ізбасарлары Ғабит Мүсірепов, Әбіш Кекілбаев, Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза секілді азаматтар еңбек етті. Әсіресе, оның «етжеңді» сандарын ерекше атар едік. Оның әр беті қызықты, танымдылық материалдарға мол. Оның әр санымен аса ықылыс-ыждаһаттықпен танысып, әдебиет пен мәдениетіміздің, терең тарихымыз бен бүгіндері халқымыздың мақтаныш-тұлғаларына айналған азаматтар өмірі мен олардың еңбектері жайлы көңіл аударалық тұстарына зер саламыз, санамызға тоқимыз. Газет басшысы белгілі журналист-ғалым Сауытбек Абдрахмановтың жетекшілігімен «Егемен Қазақстан» ұжымы ел тәуелсіздігінің шежірелі тарихының алтын беттерін қаттап, қалың оқырман қолына әр жылдары «Елбасы», «Тәуелсіздік», «Астана», «Салтанат», «Дінтұтқа» атты ел тәуелсіздігінің шежірелі жылнамасына пара-пар, баға жетпес небір жинақтарды баспалардан шығаруда. Таяуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытаудағы тарихи сұхбаты туралы «Ұлт ұясындағы ұлағат» атты толғаныстар жинағыны бападан жарық көргені көпшілікке белгілі болды. Шындыққа жақын жүретін қаламгерлер қай мәселені көтермесін тереңнен толғап жазады. Әсіресе, баспсөз қызметкерлері Сауытбек Абдрахманов пен Жанболат Аупбаевтың қаламынан шыққан танымдық мақалалар, Қорғанбек Аманжолдың өнер, Гүлзейнеп Сәдірқызының медицина саласының проблемалық мақалары, журналистер Қайсар Әлімнің, Александр Тасболатовтың және қаламы төселеген белгілі шебер жазушы, журналист Мархабат Байғұттың сан түрлі тақырыптарға жазылған тартымды мақалаларын кім болмасын қызыға оқитыны рас. Өмір талабына сәйкес қызықты мақалалар жазып жүрген облыстық тілшілерден қостанайлық Назира Жәрімбетова, өскемендік Думан Анаш пен тараздық Оралхан Дәуіттің еңбектері әрдайым дараланып, елдік көкейкесті күрделі мәселелерді өмірдің қай саласынан болсын қармап жазып, халқымыздың қалауын тауып, билік пен бүкіл жұрт санасатын қадірлі де беделді ұлттық басылымға ерен атсалысып жүр. Қысқаша қайырсақ, бұл күндері «Егемендіктерден» үйренер дүние көп. Алаштың бетке ұстар ұлдары Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Дулат Міржақыпов және де басқа ұлтымыздың айтулы тұлғалары жайлы жазылған мақалалар кімді болмасын бей-жай қалдырмайды. Оны оқып отырып қазақ дарынды, қабілетті, ойлы халық екеніне көз жеткізесің. Мысал ретінде, кезінде белгісіз болған, «егемендіктердің» арқасында елге танылған Ахмет Байтұрсыновтың жұбайы Бәдрисафа апаның(Бәдрисафа – А. Байтұрсыновтың әйелі Александра Ивановнаға қойған аты. Бұл есім арабшадан аударғанада «Бадрун» – толық ай, «сафа» кіршіксіз таза деген мағынаны білдіреді) ауыр тағдыры жайлы осы баспсөз арқылы білгенімізді жасырмаймыз. Ел газеті көтерген мәселе дүйім ел құлағына жетіп, көпшіліктің қолдауын ие болып жүргені жайлы айта келе, олардың қызметкерлерінің табандылығының арқасында әділеттік орнап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлылығымен Ұлы Отан Соғысы жылдарында көрсеткен ерліктері үшін жерлестеріміз Бақтораз Бейсекбаевке, Хиуаз Доспановаға, Рахымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілгені жайлы көпшілік жақсы біледі. Іс жүзінде батыр болса да, бұрмалауға ұшырап батыр атағын өз дүниеден өткеннен кейін алған қандастарымыз да бар. Солардың бірі 1945 жылы 30 сәуірінде рейхстагқа шабуылға шыққандар ішінде 674-полкінің нөмері жазылған жалауды ортадағы бағанаға бекіткен қазақ халқының аяулы да қаһарман перзенті Рахымжан Қошқарбаев жайлы «Социалистік Қазақстанға» (қазіргі «Егемен Қазақстан») журналист Қазыбаев бірнеше рет көлемді, тартымды мақалалар жариялап, кітап шығарып оған «Халық қаһарманы» атағы берілгені жөн деп хабардар еткен болатын. Сондай-ақ, Алматы облысының тумасы балхаштық ержүрек ұшқыш БақторазБейсекбаевтың майдан әуесінде көрсеткен ерлігі жайлы біраз жыл «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясында еңбек еткен жерлесіміз жуналист Мейрамбек Төлепберген (бұл күндері ол Облыстық телерадиокомпанияның басшысы қызметін абыроймен атқаруда) зерттеп, зерделеп, қалам тербеп, көпшілікке жеткізген болатын.ҚР-ның президентінің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен ҰОС-дағы жанқиярлық ерлігі үшін Бақтыораз Бейсекбаевқа да «Қалық қаһарманы» атағы берілді. Әлия, Мәншүк, Хиуаз... Сұрапыл соғыс жылдары етік киген ер азаматтарға бергісіз ерлікке барған осындай қаракөз қазақ қыздарының батылдығын, батырлығын әсірелеп, әспеттеудің қажеті де жоқ шығар... Олардың есімдерін тек Қазақстан ғана емес, кезіндегі КСРО халықтары да жақсы біледі. Ұшқыштық өмір жолын Оралдың аэроклубында бастап, кейін әйгілі ұшқыш Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық полкінің құрамында 300-ден астам әуе шайқастарына қатысқан Құрманғазы ауданының тумасыХиуаз Доспанова сол соғыс жылдарында-ақ теңдессіз ерлігі үшін «қанатты қыз» атанған еді. Есімдері кең тараған ұшқыш әйелдер Гризобудова, Осипенко, Расковаларға еліктеген Хиуаз Доспанова үмітті ақтайды. Тек жерде ғана емес, көкте де күні-түні атқылаған жаумен аспандағы шайқаста 300 рет болып қайтқан Хиуаз апай ұшақтан 14 рет құлапты. Төрт мәрте ауыр жарақат алып, есін жиысымен ұрыс даласына қайта оралып отырған. Айта берсе, ол кісінің майдандағы ерлігі бір мақалаға сыймайды да. Бір білетініміз, ол жаумен шайқаста асқан ерлік көрсете білді. Қазақтың жас қызы Ұлы Отан соғысы жылдары Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық түнгі бомбалаушы – ұшқыштар полкінде штурман қызметін атқарған. Майдандағы ерлігі үшін ол «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Ал төсіндегі «Еңбек Қызыл Ту» ордені соғыстан кейінгі жылдардағы елеулі еңбегінің жемісі. Бейбіт өмірде көрсеткен еңбегіне де қысқаша тоқтала кетсек, артық етпес. Хиуаз Доспанова «Абай» операсы мен «Шоқан Уәлиханов» драмасын сахналауға, «Медеу» спорт кешенін салуға және көптеген тарихи маңызы бар еңселі ғимараттардың құрылысына ер азаматтармен иық тірестіре жүріп араласып, көптеген игі жұмыстардың ортасынан табылды. Өкінішке қарай, базбір белгісіз себептермен ержүрек жерлес қызымыздың ҰОС жылдардағы көрсеткен ерлігі кезінде орынсыз еленбей қалғаны жайлы бірінші болып «Егемен Қазақстан» көпшілікке жеткізіп, ол «Халық Қаһарманы» атағына әбден ылайық деп мәселе көтерген болатын. «21 жастағы қайсар қыз Хиуаз ылғи «ПО-2» аталатын бомбалаушы ұшақпен жау бекіністерінің үстінде жүреді екен. Ылғи түнде ұшады. Бомбалаушы ұшақта штурманның атқарар қызметі тым ерекше. Тапқырлық, батылдық, өжеттілік керек. Ұшақты «шыңғыртып» отырып аспанға тік көтеріліп, әбден биіктеп алып, лезде жердегі аңға шүйілген қарақұс құсап оқыс құлдилап келіп жау бекінісінің, қару-жарақ қоймаларының үстінен ұшақ қанатының астына арнайы тұтқада бекітілген бомбаларды шуылдатып төгіп-төгіп жіберіп, лезде аспанға шығандап қайта көтерілу үшін қаншалықты тапқырлық керек екенін шамалауға болатын шығар. Немістердің зенитшілері де жарқыл-жұрқыл оқ атып уыл-шуыл күйге түседі, артынша Хиуаз тастаған бомбалардан жаппай отқа оранып үндері өшеді. Жазба деректерге сүйенсек, қазақтың қайсар қызы осындай үш жүзден астам аспанға көтеріліп, жаудың төбесінен жасын ойнатқан ғой. Теңдесі жоқ ерлік! Өзі де жараланады, қасындағы қыздардан қаза тапқандары да болады. «Кіммен жұптасып ұшпады бұл Хиуаз, Полина Белкинамен де, Мария Носальмен де, Ирина Себровамен де, Юля Пашковамен де қосылып ұшты ғой, олардың барлығы да шебер ұшқыштар еді» деп газетте жазылған жолдарды оқып отырып, мерейлене түскендей боласыз. Солардың ортасында қазақтың қайсар қызы жеке-дара көзге түскені мақтаныш сезімін оятса керек. Хиуаз Доспанова әскери ұшақты меңгеруді, жау тылында түнде шабуылға шығуды, әскери операцияларды қалай бастап, қалай аяқтауды Саратовтағы әскери ұшқыштар училищесінде оқып үйренді, өзінің ұстазы саналатын атақты Марина Михайловна Раскованың мол тәжірибесімен машықтанады. Айта берсе халық қаһарманының ғаламат ерліктері талай туындыға арқау болатыны талас тудырмасы анық. Сөйтіп, соғыстан кейін елге оралып, көптеген жылдар лауазымды қызметтер атқарған Хиуаз Доспановаға Елбасының Жарлығымен Халық қаһарманы атағы берілгені туралыбілеміз. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқына, ұлт жастарына ауыр тидi. Қанша азамат жұмыстан қуылды, үйдiң кезегiнен алынып тасталды, қаншама студенттер оқудан шығарылды. Көптеген зиялы ағаларымыз қыспаққа ілініп, қызметтерінен төмендетіліп, 99 адам әртүрлі себептермен орынсыз сотталды. Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ляззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова құрбан болды. Қаншама азаматтар денсаулығын жоғалтып, жан күйзелісіне ұшырады? Еліміздің көгінде тәуелсіздіктің туы еркін желбіреуіне сол бір аяулы қандастарымыздың қаншалықты себепкер болғанын «Егемен Қазақстан» әрдайым жазып келеді, әлі де талай рет жазыла береді. Үнемі халқы үшін, елінің жері мен тәуелсіздігі үшін жанын пида етуге дайын патриоттық сезімі терең, ұлттық намысы биік азаматтардың рухын көтеретін мақаларар жариялап келе жатқан баспа ардайым көпшіліктің қолдауына ие болып, мерейі үстем болатыны белгілі. Газет – өміріміздің айнасы, миллиондар трибунасы. Сондықтан оның бетінде елді елең еткізетін небір тартымды мақалалар, толғаулар, пікірлер жарияланып келеді. «Егемендіктер» ел талабынан шығып, әлемде, елімізде болып жатқан жаңалықтарды дер кезінде көпшілікке жеткізіп тұрады. Ішкі және сыртқы саясат, Парламент пен сенатта, Үкіметте болып жатқан іс-шаралар, қабылданған жарлықтар мен заңдар туралы көпшілік мәлімет алып отырады. Елбасының жүргізіп жатқан ерлікке тең саясаты мен іс-шаралары жайлы халыққа жеткізіп отырған бірден бір баспа «Егемен Қазақстан» екенін барлығымыз жақсы білеміз. Алысқа бармай-ақ, биыл газет беттерінде жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытаудан көпшілік елге арнаған тарихи сұхбат-толғауы көпшілікті бір сілкіндіріп, тың ойларға жетектеп, еліміздің болашағына деген сенімін арттыра түсті. Халқымыздан ұлылық кетпегендігіне қуансақ, Ұлытаудың ұлылығын танытқан Елбасына шынайы риза болдық. «Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай қасиетті жерлер көп. Дегенмен, Ұлытаудың орны бір басқа», – деп тебіренген жүрегімен Елбасы Ұлытау жайлы, қазақтың арғы-бергі түп тарихы жайында кеңінен тарата айтқан татымды да тартымды ойлары, расында да, сананы сілкінтер еді. Өйткені, Елбасы ел тарихы, елдің бүгіні мен болашағы жайлы ой айта отырып, тәуелсіздігіміздің баянды болуын, өз көкейінде жатқан қазақ елінің Мәңгілік Ел болуын да Ұлытау бөктерінде адал ниетімен, адал көңілімен тілегені бар. Президентіміздің Ұлытауда берген сұхбатында: «Біз, жалпы, діннен де, тілден де айырыла жаздаған елміз, – дей келе, Нұрсұлтан Әбішович Назарбаев ұлттық тіл мен өзіміздің дініміз жайлы «тілдің өз қасиеті бар. Сондықтан тіл жоғалатын болса, сол қасиет те жоғалады. Сол сияқты біз тәуелсіздік жылдарында дінімізге қайта оралып жатырмыз. Қарап отырсаң, қазақ ешқашан дінінен айырылып көрген емес. Ешқандай уақыт үзілісі болмағандай, дінімен қайта қауышты да, әрі қарай жалғастырып жүре берді», деп ойын түйген еді. Және де сол тіл мен діннің бүгінгі заманауи саясаттың дау мен жанжал тудыратын өзегіне айналмауы жайлы ескерткені де есімізде. «Сондықтан мен бұл жерде де сабырлылық керек деп ойлаймын. Болашақ біздің қолымызда. Болашақ бізге бетін бұрып тұр. Қазақтың саны көбейіп, тілдің ауқымы кеңейіп келеді» деп, тағы да: «Бәрінің басын қосып, Қазақстанның бірлігін сақтап, төзімділік танытып, экономикамызды өркендетіп, өсе беретін болсақ, келешек қазақтың қолында болады», деуі де Президентіміздің елдік жолындағы баршамызға айтып отырған аманат сөзі деп қабылданғандығы да ақиқат болатын. Халқымыздың зиялы қауымы «Егемен Қазақстан» және де басқа басылымдарда «Ұлытау ұлағаты» деген айдармен беріліп тұрған сандаған мақалалар да көптің ойынан шықты. Елбасы ойларынан түйген өз пайымдарын «Егемен Қазақстан» арқылы айта білген ел зиялыларының сөздерімен де құнды болғанына куәгер болдық. Бұл күндері келер 2015 жылы аталып өтілетін Қазақ хандығының 550 жылдығығына байланысты халқымыздың зиялы қауымы иелерінің, депутаттардың, тарихшылырдың, филологтардың және де басқа ұлтжанды кісілердің тартымды тарихи мақалалары «Егемен Қазақстанда» жарық көруде. Оның әрқайсысы ғажайып тарихты тереңнен тартып, дәйекті фактілермен сәйкестерілген, кімді болмасын қызықтыратын, білімімізді тереңдете түсетін мақалалар. Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерлері, олардың майданда көрсеткен ерліктері жайлы әр өңірден жазылған мақалалар жариялануда. Олар әркез қызықтыоқылады, қазіргі жастарды патриоттықа, елжандылыққа тәрбиелейді. ...Осы жерде көзі ашық бір азаматтың ертеректе айтқан мына әңгімесі еріксіз еске түседі. Бірде бір ауылда туып-өсіп, жетілген бірнеше адам кездесіп, шүйіркелесіп қалады. Сөзден сөз шығып, ойдан ой туып, бірте-бірте әңгіме желісікезекті бір тақырып – білімділік жайына ауысады. Олардың біразы жоғары білімді екен.Сөз арасында біреуі: – Мен үлкен академияны бітірдім, – деп салады. Оның бұл сөзін естіген маңындағы замандастары: –Ей, сен қой! Өзің не деп көкіп тұрсың?! Бізді ақымақ деп тұрсың ба? Сен ауылдан алыстап шыққан жан емессің ғой. Енді келіп, академия бітірдім деп көзімізді батырайтып тұрып, құлағымыздан теуіп тұрсың... – Ия, академияны бітірдім... «Қай академияны?» деп сұрамайсыңдар ма. Тыңдаңдар, айтайын. Мектеп бітіргелі бері еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстанды» үзбей жаздырып алып, күнделікті оқып келемін. Зер салсаңыздар онда қаншама қызықты тарихи, ғылыми мақалалар жарияланып келеді. Сол басылымды оқығандардың білімі академиялық білімге тең емес пе? Міне, сол газетті қызыға оқудың арқасында менің білімім едәуір жақсарып, рухани кеңістігімнің көкжиегі кеңейе түсті. Әйтпесе мені «оқымаған», «көзі ашылмаған» деп кемелжіктеп тұрғандарыңды байқап отырмын. Енді әлгі менің «академияны бітірдім» деген сөзімді ұқтыңдар ма? – деп қасындағыларға қарады. – Ой, сайтан алғыр, рас, мынаныке дұрыс. Шынында солай екен ғой.., – деп ол әлгі жігітке қолын ұсыныпты қасындағы шуылдаған достары. Міне, осы мысалдан-ақ, еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» қаншалықты салмақты екеніне, көп елдің аузында жүргеніне көз жеткізуге болады. Егер олай болмаса оның жалпы данасы 200 мыңнан асар ма еді?! Қуанарлық іс! «Егеменнің» даму тарихына көз жүгірте отырып еріксіз өз өңіріміз, яғни Жамбыл облысы бойынша әр жылдары газет тілшілері болған белгілі ақын ағамыз Жақсылық Сәтібеков, салиқалы жазушы-драматург Елен Әліжан, көрнекті жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының қаламынан шыққан еңбектері жайлы айтып өткеніміз де орындыболар. Облыс көлеміндегі жаңалықтар мен атқарылып жатқан игілікті істер, өңір тарихы мен ерен еңбегімен елге танылып жүрген азаматтар туралы, алғы қатардағы ұжымдар жайлы, туындаған проблемалар туралы үзбей көпшілікті хабардар етіп, ел тынысын дөп басып, кезінде көпшіліктің көңілінен шыға білді. «Егемендіктердің»«шапанынан шыққан» шыққан, оның ұстағанасында шеберліктерін шыңдаған журалистердің біразы елге тек журналист ретінде ғана емес, ойлы, айтары бар қаламгер жазушы ретінде танылып жүргені белгілі. Қазіргі тілші Оралхан Дәуіт де үлкен мектептен өткен, өз ой-пікірі бар, қаламы төселен, білген-көргені көп, сөз қадірін білетінкөкрірегі ашық журналист екенін көрсетіп келеді. ...Қырық жылға жуық «Егемен Қазақстанның» тұрақты оқушысы болғаннан кейін бе бұл басылымға әрдайым құрметпен қараймын. Ту сонау студенттік кезден бері біраз газет-журналдармен қоян-қолтық араласып, негізгі қызметтен қолым қалт еткен сәттерде қолыма қалам алып көңілде біраздан бері жиналған ой-пікірлерімді, жүректегі толғаныстарымды, өмірде қатар жүрген әріптестерім мен замандастарым жайлы сан-алуан суреттемелер мен естеліктер, өз салам – медицина қызметінің әртүрлі көкейтесті проблемалары жайлы жазып келемін. Солардың арасында «Егеменнің» орны ерекше. Көп жылдардан бері осы басылымның «Адамдық айнасы» рубрикасымен адамдық, мораль, жастарды жат қылықтардан сақтандыруға бағытталған тәрбие, адамның ішкі дүниесі мен рухани байлығы туралы ондаған мақалаларым жарық көрді. Жалпы, ол жазбаларым көпшілікке ұнайтын болу керек. Мақалаларымды оқыған таныстарым телефонмен, немесе жолыққан кезде ризашылықтарын білдіріп, пікірлерін жеткізіп, ой бөлісіп жатады... Көптің ойында жүрген, журналист-ардагер, жазушы Сарбас Ақтаевтың газеттің біраз бөлігін алып жарияланатын қаулы-қарарлар мен заңдарды дербес «Хабаршы» баспасына шығарғаны жөн болар еді деген ұсынысын қолдаймыз. Әйтпесе оның бет-бет етіліп шығып жатқан бөлігінің көпшілікке пайдасы шамалы. Қажет еткен адам әлгі заңдарды, қаулыларды «Хабаршыдан» оқып алады емес пе? Бір жағынан бұл пәленбай тонна қағазды үнемдеуге себепкер еді. Осы жағын көпшілік болып ақылға салып, ойлаған дұрыс... 95 жыл! Бір ғасырға жуық кемел шақ. Еліміздің тыныс-тіршілігін жалпы көпшілік қауымға әрдайым мезгілінде жеткізіп, халықпен бірге жасап келген аға газетіміздің, оның кешегі және бүгінгі қызметкерлерінің үлкен мерекесі. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» тойы – көптің тойы, бұл баршаның, жалпы халықтың тойы. Ендеше, той құтты болсын, ағайын! Республикамыздағы баспасөздердің байтерегі «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкерлеріне шын пейілмен: «Әрдайым сый-абыройларыңыз артып, көптің ойынан шығатын қызықты да тартымды мақалалар жазып, елдің ризашылығына кенеле беріңіздер!» дегім келеді.

21Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, денсаулық сақтау ісінің үздік қызметкері, Нью-Йорк академиясының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Сарысу ауданының Құрметті азаматы.

Тараз қаласы.