Жұртқа жақын полицей
Жұртқа жақын полицей
Полиция лейтенанты Қайраттың құқық қорғау органдарындағы алғашқы баспалдағы Тараз қалалық полиция басқармасынан басталған. Ол бүгінде басқармаға қарасты жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналдық полиция бөлімшесінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етуде. Жас жігіт саналы ғұмырын әскери өмірге арнаған марқұм әкесі Қыдырбайдың үкілеген үмітін ақтау жолында аянбай еңбек етіп жүр. Бұл тұста аяулы анасы Сандуғаш пен жалғыз бауыры Қайнардың да қолдауы ерекше. Ал, сүйген жары Мөлдірдің тілегі мен кішкентай бөбегі Дарияның сыңғыр күлкісі күні-түні қым-қуыт жұмыста жүрген оның жанына демеу. Аптап ыстық пен үскірік аязда да жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алуды қамтамасыз ететін тәртіп сақшысының жұмысының алға басуының негізгі себебі осында. – Қай кезде де кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында қылмыстың көбеймеуі маңызды. Өйткені, бүгінгі жеткіншек ұрпақ – ертеңгі арқа сүйер азаматтарымыз. Сондықтан, олардың тәрбиелі де білімді болып өсуі қажет- ақ. Бұл ретте ата-анасынан бастап, барлық қоғам мүшелері атсалысуы керек. Біз, учаскелік полиция инспекторлары антымызға адалдық танытып, қоғам тыныштығының күзетшісі болып жүрміз. Күнделікті жұмыс барысында жасөспірімдерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы жадынамалар таратылуда. Біз жастарға қылмыстың өтеуі – жаза екенін жете ұғындырып, ұятты істен бойын аулақ ұстауға дағдыландыруға тиіспіз. Сонда ғана ел ішінде тәртіп орнайды. Ал, тәртіп бар жерде тұрақтылық болатыны айтпаса да түсінікті, – дейді Қайрат. Кім біледі, бүгінгі бүлдіршін Дария бойжеткенде әке жолын жалғастырып, шен тағуды мақсат етуі де бек мүмкін. Күндіз-түні қарапайым халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін Қайрат Тұрлыбаев әріптестері арасында құрметке ие. Оған тараздық тұрғындар да өз ризашылығын білдіруде.
Есен ӨТЕУЛІ
Меркі ауданы