Құландағы жер сілкінісіне – 20 жыл

Құландағы жер сілкінісіне – 20 жыл
Жер сілкінісінен кейін облысымызда жалпы медициналық және эпидемияға қарсы шаралар жедел түрде ұйымдастырылды. Апат кезінде аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бөлім қызметкерлері де қарап қалған жоқ. Олар табиғи апаттан зардап шеккен 14 елді мекенде санитарлық-эпидемиологиялық және инфекциялық жағдайды бақылау үшін арнайы мобильді топқа жұмылдырылды. Соның нәтижесінде тұрғындардың ахуалын зерделеп, тиісті ем-дом шарасын дер кезінде көрсете алдық. Мен сол жылдары аталған ауданда бас мемлекеттік санитарлық дәрігер едім. Апат аймағына сол кездегі Үкімет басшысы, сала министрлері, облыс басшысы да дер кезінде барып, халықтың қасынан табылды. Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станциясының басшылары мен қызметкерлері де сол уақытта Т.Рысқұлов ауданында болып, жағдайды көздерімен көріп, көмектерін берді. Міне, сол табиғи апат орын алғалы да 20 жыл өтіпті. Мемлекеттің қолдауымен зақымданған үйлердің бәрі қайта салынып, мәселе мерзімінде шешімін тапты. Жер сілкінісінің зардабын, қалпына келтіру жұмыстарын түрлі деңгейдегі БАҚ өкілдері кеңінен қамтып жазып, көрсетті. Қазіргі таңда аталған аудан экономикалық-әлеуметтік жағынан ілгері аудандардың қатарында. Облыс экономикасының дамуына да құландықтардың қосып жатқан үлестері қомақты.
Қалдыбек ҚАЗАНҒАПОВ,
облыстық обаға қарсы күрес станциясының директоры.
Т.Рысқұлов ауданы