«Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі болу – абырой»
«Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі болу – абырой»
– Тараз қаласында туып-өстім, осындағы №36 мектепте оқыдым. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін «Биология» мамандығы бойынша бітіріп, мемлекеттік қызметке 2017 жылдың ақпанында келдім. Бүгінде еңбек жолымды бастаған облыстық аумақтық инспекциясында өсімдіктер карантині және фитосанитариялық бақылау бекеттері жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің жетекші маманымын. – «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» атану өзің сияқты жас маман үшін үлкен жетістік. Бұл байқауға қатысуға не себеп болды? – Басты себеп – өзімді тек кәсіби саламда ғана емес, басқа қырымнан да тану және таныту болды. Сондай-ақ, өзім қызмет істеп жүрген мемлекеттік органның атын үстем ету болды. Басшылықтың сенім білдіріп, артқан үміті ақталды деп ойлаймын. «Жамбыл облысының үздік мемлекеттік қызметшісі» дәл біздің мекемеден шыққаны мен үшін үлкен мәртебе. Ал, аталған конкурсқа қатысудағы мақсатым, осы байқау арқылы Қазақстанның дамуына үлес қосу, елімізде орын алып отырған біршама проблемалық мәселелерді шешу жолына өз ұсыныстарымды енгізу болды. Себебі, әрбір мемлекеттік қызметшінің саналы адам ретінде өз-өзіне «мен өз өмірімді, өзім өмір сүріп отырған қоғамды, мемлекетті жақсарту жолында не істедім?» деген сұрақ қоюы заңды емес пе?! – Конкурсқа дайындығың қандай болды? Байқау шарттары бойынша қорғаған жобаң туралы қысқаша айтып берсең... – Дайындығым өте жоғары деңгейде болды. Дегенмен, қаншама күнгі уайым мен қобалжу барлық дайындығымды жоққа шығаратындай күдік болғаны да рас. Осы тұста өзімнің әріптестерім мен басшылыққа алғыс айтқым келеді. «Біз саған сенеміз» деген үлкен сенім білдірді, сол сенімді ақтау басты міндетім болды. Конкурсқа қатысуға кемінде үш жыл мінсіз мемлекеттік қызмет өтілі бар, мемлекеттің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік жазалары жоқ «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері жіберілді. Өңірлік конкурсқа мемлекеттік органдардан 45 мемлекеттік қызметші қатысты. Байқау шарты бойынша шағын және моноқалаларды дамыту туралы өз ұсыныстарымызды жолдауымыз қажет болды. Бұл тұрғыда 500 сөзден кем емес эссе және 5 минуттан аспайтын бейнеролик түсіру міндеттелді. Өз жобамда облысымызда орналасқан моноқалаларда тұрғындардың әл-ауқатын көтеру, халықты жұмыспен қамту, сондай-ақ, еліміздің өндірістік саласын дамыту жолында өнеркәсіп орындарын ашып, қаланың экономикалық жағдайын көтеруге қажетті басымдықтарды атап өттім. – Өңірлік байқаудың жеңімпазы атанған сәтте қандай сезімде болдың? Республикалық байқауға дайындығыңды қалай бағалайсың? – Шыны керек, бірден сене қоймадым. Себебі, конкурсқа қатысушылардың арасында осалы болмады. Бірақ, қорытындысы шыққан кезде департаменттен хабарласып: «Сіз облыстың үздік мемлекеттік қызметшісі атандыңыз» дегенде өте қатты қуандым. Көзіме еріксіз жас келді, қанша күнгі еңбегімнің ақталғаны деп білдім. Әрине, бұл қуанышымды ең бірінші болып ата-анаммен бөлістім. Ал, республикалық байқауға келсек, ол өте жоғары деңгейде өтті. Әрбір өңірдің «мен» деген мемлекеттік қызметшілерімен бір додаға түсіп, бақ сынасқаныма еш өкінбеймін. 609 мемлекеттік қызметші қатысқан конкурстың республикалық деңгейінен көріну мен үшін үлкен дәреже. Оған дайындығым да жоғары деңгейде болды, себебі, үздіктердің үздігімен бақ сынасу оңайға түспесі анық еді. – Жыл сайын мемлекеттік қызметшілер арасында өтетін облыстық спартакиадада тоғызқұмалақтан жарысқа қатысатыныңды білдік. Былтыр бірінші, биыл екінші орынды иеленіпсің. Біз білмейтін тағы қандай өнерің бар? – Иә, биыл екінші орынды қанағат еттім. Жалпы, тоғызқұмалақ үйірмесіне мектеп жасында, шамамен 6-7-сынып оқитын кезімде барып, облыстық, республикалық жарыстарға қатысқаным бар. Одан кейін тоғызқұмалақ тақтасын мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында ұйымдастырылатын спартакиадада көрдім. 2019 жылы үшінші орын алғанмын, содан бері қатысып жүрмін. Арасында ән айтатыным да бар, ол да сол мектеп кезінен вокалға қатысқаннан қалған әдет болуы керек. Одан басқа, бос уақытымда ән тыңдағанды, таза ауада серуендегенді, атқа мінгенді ұнатамын. Жылына бір рет «Облыстық қан орталығына» барып, қан тапсырып тұрамын. – Жалпы, мемлекеттік қызметші қандай болуы керек? Өзіңнің алға қойған мақсатың не? – Мемлекеттік қызметші – өзінің кәсіби білімімен ғана пайда келтірумен шектелмей, сонымен қатар, адами тұрғыдан басқалар бой түзейтіндей үлгі көрсете білуі керек. Сондай-ақ, ел игілігі үшін адал, риясыз қызмет ету, елдің бүгіні мен болашағы үшін қам жеп, әрдайым елдік мұратты биік қоя білу, елге адал қызмет ету – адамшылықтың бір көрінісі. Осы қасиеттің барлығын түгелдей бойына жинаған қызметшіні нағыз мемлекеттік қызметші дер едім. Ал, алға қойған мақсатым – мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілімді одан әрі шыңдап, өзімді халыққа көбірек пайдам тиетін мансаптың ең биік шыңынан көру. Сөзімнің соңында, осы сұхбатты пайдалана отырып, барша мемлекеттік қызметшілерді және өзімнің әріптестерімді төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! – Айгерім, әңгімеңе рақмет! Өзіңді әрдайым тек биіктерден көрейік!
Сұхбаттасқан Жүрсінгүл ЖАҚЫП.