Өндірістегі өрендер
Өндірістегі өрендер
Кең-байтақ Қазақ елінің кен-қазынасына қызыға да, қызғана да қарайтындар көп. Ен байлықтың егесі де, ертеңгі мұрагері де – өзіміз. Тәуелсіздіктің бақыты осы. Ал оны игеру үшін ынта мен ықылас, білім мен біліктілік, елге деген сүйіспеншілік пен еңбекке деген құлшыныс керек. Біз бүгін осылайша асқақ арман мен ерен еңбекті ұштастыра білген газ өндірісі саласындағы жастардың тыныс-тіршілігін қамтуды жөн санадық.
Бүгінде өңірімізде «ҚазМұнайГаз» ҰҚ акционерлік қоғамының еншілес «Амангелді Газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы және «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының Тараздағы магистральдық газ құбыры басқармасы жұмыс атқарады. Асқар Сыздықов басқарып отырған «Амангелді Газ» ЖШС-да 300 қызметкердің 30-ы жастар. Өндірістегі жастар вахталық режимде 15 күн жұмыс атқарады екен. Мекеме қызметкерлері тұрақты түрде кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында арнайы оқуға жіберіліп отырады. Мәселен, ағымдағы жылдың өзінде 180-ге жуық қызметкер өз кәсіби шеберліктерін шыңдаса, олардың 20-сы жастар екен. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Жас Отан» Жастар қанатының ІІ съезінде берген тапсырмаларын орындау мақсатында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ұйымдастыруымен компания тобында және еншілес компаниялардағы жастардың арасында бірыңғай жастар саясатын іске құру және іске асыру мақсатында Ақтау қаласында тұңғыш рет «І жастар слеті» өткізіліп, оған аймақтағы өндіріс орындарынан да жастар қатысыпты. Сонымен қатар, аталған компанияның жетекшілігімен Жастар Кеңесі де құрылған. Биыл «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобындағы барлық жас мамандар кеңестеріне арналған ереже бекітілген екен. Өндіріс орындарында жастарды ынталандыру шаралары да назардан тыс қалған емес. Мәселен, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі, мекеме қызметкері Айғайша Қадырбекова «Амангелді Газ» өндіріс орны атынан «Еңбек адамы» республикалық байқауының «Мұнай-газ саласындағы ең үздік жас қызметкер» аталымына ұсынылыпты. Тағы бір атап өтерлігі, «Амангелді» кен өндіру орындарында жұмыс атқаратын жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға баса мән беріледі екен. Осы мақсатта арнайы спорттық нысандар, футбол алаңы, теннис үстелі, бассейн пайдаланылуда. Өндіріс орны тарапынан жастарды және жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында да арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Оның ішінде, сатып алу үшін – 5 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі. Тұрғын үйді кеңейту мақсатында көлемі үлкен үй алуға жеңілдетілген түрде қаржы бөлінеді. Несиеге сатып алынған тұрғын үйді жеңілдетілген түрде қайта қаржыландыруға да мүмкіндік бар. Сонымен қатар, кәсіпорын мектепке дейінгі жастағы балаларды тегін балабақшамен қамтып, жылына бір рет санаторлы-курорттық орындарға берілетін жолдаманың 75 пайызын өтеуде. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалында бүгінгі күні 132 жас газ өндірісі саласын дамытуда үлетерін қосуда. Жастарды ынталандыру, үздік маман иесін анықтау мақсатында «Өз ісінің үздігі» байқауы ұйымдастырылып, түрлі спорттық ойындар мен спартакиадалар өткізіліп тұрады. Сондай-ақ «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының Тараздағы магистральдық газ құбыры басқармасында 334 қызметкердің 68-і жас мамандар. Басқармада жас мамандарды қолдау, білімді және білікті кадрлар тапшылығын болдырмау мақсатында «Жас маман» бағдарламасы іске асырылады. Осы бағытта компания Қазақ Британ техникалық Университетімен келісімге отырып, қызметкерлердің мектеп бітірген балалары немесе немерелерін жоғарғы білім көрсеткіштері негізінде тегін оқуға түсіруді қамтамасыз етуде. Ал, жастар арасында өндірістің тиімділігін арттыру және заманауи технологияларды енгізу мақсатында жыл сайын «Инновациялық жобалар» байқауы өткізіледі екен. Биыл осы байқаудың қорытындысы бойынша кәсіпорын мамандары Айгерім Орынбекова және Бекмұрат Бұхарбаев жеңімпаз атанып, біліктілігін арттыруға арнайы оқуға жіберілді. Италия мемлекетінде білімін арттыруға 4 айға тегін оқып, білімін арттырған Бекмұрат қазір бөлім басшысы қызметін атқаруда. Жастарды тұрғын үймен қамтуға жоғарыда атап өткендей 5 пайыздық мөлшерде несие беріліп, биыл 2 жас қоныс тойын тойлаған. Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласын басты назарға алып, облысымыздағы газ өндірісі орындарындағы жастардың адал еңбек арқылы жетістікке жету жолы өзгелерге үлгі. Бүгінде, облыс аумағында аталған саланың болашақ нағыз мамандары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Мұнай, газ және механика» факультетінде тәрбиеленуде. Білікті кадр – кез-келген өндіріс орны үшін бағалы ресурс. Өңірімізден техникалық мамандықты меңгерген, білікті, тәжірибелі жастар «кірпіш дүниенің кетігін тауып қаланып» жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!
Жоба жетекшісі: Көсемәлі Сәттібайұлы ckosemali@mail.ru
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ tursynbek-ak-zhol@mail.ru
Ернар БАЛҒАБАЕВ massgrand@mail.ru