Экономика

Өңір инвестициясы 18 пайызға өскен

Өңір инвестициясы 18 пайызға өскен

Осы жылдың қаңтар-мамыр айларында облыстың экономикалық өсімі 104,6 пайызды құраған. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласындағы өсім 4,1 пайызды құраса, ауыл шаруашылығы 2 пайызға жеткен. Ал, құрылыс 49,4, сауда 2,1 және байланыс 9,7 пайызға өскен. Сондай-ақ, өңірге тартылған инвестиция көлемі 18 пайызға артқан. Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте айтылды. Басқосуда күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасады. Сөзінше, есепті кезеңде бюджеттің кірістері 228,6 миллиард теңгені құрап, 109,8 пайызға орындалған. Сондай-ақ, басқарма басшысы осы жылдың бес айында облыс экономикасының барлық салаларында оң динамика қалыптасып отырғанымен, өңірлер бөлінісіндегі бірқатар төмендеген көрсеткіштерге тоқталды. Сонымен қатар, тиісті салалық басқармалармен бірлесіп, 6 айдың қорытындысымен негізгі экономикалық көрсеткіштердің болжамды мәндеріне талдау жүргізіліп, оң динамика қалыптасуы күтілуде екендігін жеткізді. Ал, облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек облыс бюджетінің кірістері 228,6 миллиард теңгеге орындалғанын атап өтті.

Жиында аймақ басшысы Нұржан Молдиярұлы көрсеткіші төмен аудандардың жұмысын сынға алып, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді. Ол өз сөзінде жауаптыларға кәсіпорындар мен мекемелер жұмыстарының кедергісіз жүзеге асуына жағдай жасау, мәселелерді дер кезінде шешу, жеке инвестицияға айрықша назар аудару және инвестиция тарту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды. – Аудан әкімдері жаңаша көзқараспен жұмыс істеуі қажет. Статистикалық көрсеткіштерге негізделген дайын баяндаманы оқып берумен ғана шектелуге болмайды. Барлық деңгейдегі басшылар туындаған мәселелерді анықтап қана қоймай, оның шешу жолдарын да қарастыруы маңызды. Жауаптыларға төмен көрсеткіштерді 6 айдың қорытындысымен реттеуді, ол үшін бүгіннен бастап жұмыстарды жүйелеу қажеттігін тапсырамын, – деді Нұржан Нұржігітов. Сондай-ақ, басқосу барысында өңірдегі сібір жарасы мен Конго- Қырым геморрагиялық безгегі ошақтарын жою және алдын алу мәселесі де қаралды. Нәтижесінде тиісті тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.  

«Aq jol»-Aqparat.