Әлеумет

Қамқалы төріндегі қауышу

Қамқалы төріндегі қауышу

Сарысу ауданындағы Шу өзенінің бойында орналасқан Қамқалы ауылын білмейтін адам кемде-кем шығар. Бір кездері дүркіреп тұрған Қамқалының күйі қазіргі таңда құлазығанымен, туған жерге жетер жер жоқ.

Шіркін, Қамқалыда кімдер тұрып, кімдер кетпеді? Солардың қатарында 1993 жылы 1976 жылғы туылған түлектер Тоқтар Әубәкіров атындағы орта мектептен білім алып, жан-жаққа қанат қағып ұшқан болатын. Міне, сол түлектердің мектеп бітіргеніне биыл 30 жыл толды. Осыған орай, сыныбымызға жетекшілік еткен, екінші анамыздай болған аяулы ұстаз Сабира Жанұзақоваға Қаратау қаласына барып, сый-сияпат жасап, батасын алып қайттық. Мұнан соң Қамқалыға атбасын бұрдық. Ондағы ел-жұрт бізді қуана қарсы алды. Өмірден ерте кеткен сыныптастарға Құран бағыштап, ауыл тұрғындарының батасын алдық. Іс-шараға Қамқалы ауылдық округінің әкімі Мақсат Төлеутайұлы қатысып, түлектердің өнегелі істеріне алғыс білдірді. Сауапты істен кейін білім ошағына барып, сағынышты сазды кеш өткіздік. Түлектер мектеп формасын киіп, шаштарына ақ бантик байлап, ән айтып, мектеп вальсін билеп, балалық шаққа саяхат жасады. Мектеп директоры Ғ.Райымбеков, ұлағатты ұстаз З.Бамешова мен ауыл тұрғыны Д.Нақысбекова түлектерді құттықтап, өскелең ұрпаққа үлгі болатын бастама болғандығын айтып өтті. Түлектер мектепке заманауи үлгідегі пластик есік, терезе орнатып берді. Астана мен Алматыдан, Қарағанды, Қаражалдан келген сыныптастарға алғысымыз шексіз.  

Гүлсара МАДУАРОВА,

Т.Әубәкіров атындағы орта мектептің педагог-психологі.

Сарысу ауданы