Білім

Ұстаздар ұлағаты

Ұстаздар ұлағаты

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға». Бұлақтың көзін ашқан жақсы, әрине. Бірақ, кейде сонша ауыр еңбектің өтеуі болмай жатқанда ойға бататының бар. Өзіме ұстаз болған кісілерді сол кезде түсініп, өмір жолыма шамшырақ болғандарға риза боламын.

Малшының жайлауынан келіп, мектеп табалдырығын аттағанымда «А» деген әріпті үйреткен Гүлсара Жантайбекова апайымның ашық сабақтарда «Есеттің жүрекпен орындаған әніне мектеп директоры риза болды» деп қанаттандырып қоятыны бар еді. Жоғары сыныпта Құрманбек, Ханзада, Ержан, Жамал, Нұрқаш, Ғайша ағай-әпкейлер қызықты сабақтарымен баурады. Әсіресе, КСРО білім беру ісінің үздігі Аманкүл Құрманәлиева мен оның жұбайы Барбосын Адырбеков. Аманкүл әпкей қазақ тілі мен әдебиетінен, Барбосын ағай орыс тілі мен орыс әдебиетінен дәріс берді . Аманкүл әпкей «Біз заңғар жазушы Мұхтар Әуезовті көрдік. Лекциясын тыңдадық» дегенде бүкіл сынып сілтідей тынар еді. Аузымыз ашылып, Аманкүл әпкейге қараймыз. «Әуезовті көрген бұл кісі бақытты ғой» дейміз. Қиял әлеміне сапар шегіп кетеміз. Аманкүл әпкейдің сабағында қоңырау соғылмаса екен деуші едік. Қызықты сабақ жылдам өтуші еді. Сол Аманкүл әпкей мен Барбосын ағайдың ұстаз болғандарына да ойлап қарасам, алпыс жыл толыпты. Алпыс жылда олар мыңдаған балаға білім сәулесін шашты. Біз де есейдік. Айтыста Шорабек Айдаров ұстазым болса, журналистика әлеміне ең алғаш Пантай Рахманберді, Әскербек Құйқабайұлы, Болат Бекжанов ұстаздар жетеледі. Алыс Алматыда жүрген Ерғали Сағаттың ауылға әр келуі маған керемет әсер, сырттай сабақ болды. Кейіннен Ерекеңнің тағылымын да алдық. Көсемәлі, Сейсекүл, Темірбай, Гүлзинат ағай-апайлар да журналистика, әдебиет пен тіл жағынан ұстаз болды. Өмір үйренуден тұрады. Үйренетін – шәкірттер, үйретуші – ұстаздар . Өмірдің өзі үлкен ұстаз. Адам баласы өмір-ұстаздан дамылсыз үйреніп келеді, үйретіп кетеді. Ал, ұстаз атаулының бәрі асыл адамдар! Асыл адамдармен өмір нұрлы!  

Есет ДОСАЛЫ