Білім

Қорқынышты құбылыстар: Оларды қалай қабылдап жүрміз?

Қорқынышты құбылыстар: Оларды қалай қабылдап жүрміз?

Талай ғасырдан бері зерттеушілер өміріміздегі тылсым құбылыстардың кілтін табуға талпынғанымен, әлі де оның толық шешімін таппай отыр. Әлемнің қай тұрғынын да бейжай қалдырмайтын, мойындалған ресми ғылымдар ауқымына сыймайтын бір құбылыс – ол өзіміз өмір сүріп жатқан ортада өте жиі болмаса да, орын алатын қауіпті (аномальді) жерлерге қатысты жұмбақ оқиғалар, там-тұмдап кездесетін елестер. Талай ғасырдан бері зерттеушілер мұндай тылсым құбылыстардың кілтін табуға талпынғанымен, әлі де оның толық шешімін таппай отыр. Әр аймақтың тұрғындары «киелі жер», «әулие-әруақтардың мекені», «әулие бұлақ», «әулие ағаш», «жын-шайтан қордаланған орын», «шайтан көпір» және де басқа аттар қойып, оған әрқалай түсініктер беретіні бар.

Бала кезімізде әке-шешеміз бен әжелеріміз «Түнде суға бармаңдар, су перісі ұрады», «Адамы жоқ, қаңырап бо с тұрған е скі үйге кірмеңдер, жын-сайтандар жайлаған. Естеріңнен ауысасыңдар», «Қараңғыда бейітке жақындамаңдар, әруақтардың салқыны тиеді, әбілет басады», «Зираттардың қасынан өткенде тілдеріңді кәлимаға келтіріңдер, әйтпесе, шалыққа ұшырайсыңдар» деп айтатындары есімізде. Баламыз ғой, оларын өтірікке санап, тым мән бере бермейтінбіз. Қайран уайымсыз, қайғысыз балалық-ай! Кейінірек, басында кеме қалған Қазығұрт, әлгі Укаш ата құдығы, адамдар кезекке тұрып өздерін сынайтын Тесіктас, суы бірде ағып, бірде тоқтайтын Әулиебұлақ және де басқа құбылыстар жайлы көптеген деректерге қанықтық. Базбіріне шынында да таңғалдық. Қазақта «Рух», «әруақ» деген түсініктер бар екенін білеміз. Орыстар «әр үйдің өз иесі бар» деп сендіреді. Басқа ұлттарда да әртүрлі сенім, түсініктер бар. Келе-келе сондай жұмбақ құбылыстардың бар екенін мойындадық. Бірде, кезінде Жаңатастың құрылыстарында біраз жыл еңбек еткен құрбым, инженер- құрылысшы Жамбыл Мелдебаев сөз ретінде мынадай бір қызықты оқиғаны баяндаған еді. Өткен жүзжылдықтың 70-80 жылдары Жаңатас қаласы қысқа уақытта тез өсіп, біраз халық шоғырланғандықтан, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасы туындады. Көсегенің көкжонынан, Көлмекөлден, Шабақтыдан су құбырлары тартылады. Бірақ, олар тиісті су мөлшерімен толық қамтамасыз ете алмады. Көрші Созақ ауданындағы Баба түкті Шашты Әзиз кесенесінің жанындағы су көзі мол әулие бұлақтан су тартпақ болып шешім қабылданады. Құбыр салмақ үшін жер қазатын техника жібереді. Жұмыс бастамақ болған сәтте эксковатор моторы белгісіз себептерден сөніп қалады. Эксковаторшы әрі шұқылап, бері шұқылап моторын оталдырамай қиналады. Білгір инженер іске араласады, еш пайда жоқ. Содан екінші эксковаторды алдырады. Істі бастайын десе, эксковатордың ожауы жерге батпай, түсініксіз жайда мотор сөніп қалады. Тағы баяғы жай қайталанады, жұмыс жүрмей, береке кетеді. Сонда көрші Құмкент ауылының тұрғындары бұл жердің киелі екенін, әруақтардың тыныштығын бұзбауды өтінеді. Сөйтіп, жаңатастықтар жоспарларын іске асыра алмай, кері қайтады. Осындай мистикалық әңгімелерді сирек болса да әр өңірден естуге болады. Мысалы, Алтайдың таулы аймағынан «Укок патшайымының» мумиясын қазып алғаннан кейін, 2003 жылы бұл аймақта 7,6 баллға жететін жер сілкінісі болып, халық одан көп зардап шекті. Сонда бақсылар: «Егер «патшайымның» сүйегі қайта орнына жерленбесе, көптеген катоклизмалар, апаттар (катастрофалар) болады» деп мүрденің қайта жерленуін талап етті. Бұл құбылыстарды осы күнге дейін еш ғалым түсіндіріп, шешкен емес. Тіпті, әлемді таңғалдырып отырған «Бермуд үшбұрышының» («Бермудский треугольниктің») құпиясы әлі ашылған жоқ. Орыстар мұны «аномалиялық аймақ», қазақтар «қатерлі жер» деп атап жүр. Ертеректе, біраз жыл бұрын, адамның рухы өлмейтіндігі туралы оқиғаны бір басылымнан оқығаным бар. Тараз-Бішкек тас жолының бойында жеңіл көлігімен келе жатқан жігіт ағасы сол маңдағы өзен бойына жақындағанда, аяқ астынан пайда болған бейтаныс қыздың оның көлігімен ілесіп, жүгіре бастағанын көреді. Мұның бұл әлемге тән құбылыс емес екенін іштей сезген ол мүмкіндігінше жылдамдығын асыруға тырысады. Қанша тез жүруге тырысқанымен, әлгі қыз да одан еш қалыспайды. Тек бір елді мекенге келгенде ғана жаңағы елес бірте-бірте көзден ғайып болады. Тосын жағдайдан есеңгіреп қалған жүргізуші ауыл адамдарына болған оқиғаны баяндағанда, олар да бұған жергілікті өзенге осыдан біраз жыл бұрын бір қыздың батып кетіп, сүйегі табылмай, көмілмей қалғанын айтады. Сөйтсе, бұл қыздың елесі оған ғана емес, басқа жүргізушілерге де дәл осылай бір емес, бірнеше рет көрініпті. Бірақ, оған көбі мән бермеген. Мұның бәрін ой елегінен өткізген жігіт ағасы көп кешіктірмей бір малын алып, құрбандық шалып, ауыл молдасы мен қариялардың басын қосып, Құран оқытады. Осыдан кейін ғана тас жолдың бойындағы әлгі қыздың елесі мүлдем жоғалыпты. Мұның астарында да жаңағы «әруақ, рух» ұғымдарына қатысы бар екенін топшылайсыз. Табиғат аясында адамның ой-қиялы толық жетпейтін әлі де талай жұмбақ құбылыстар аз емес. Мысалы, Түркменияда күндіз-түні жалын оты бір сөнбейтін шұқыр – жер апаны бар. Ол қанша жылдардан бері жанып жатқанын ешкім білмейді және сөндіруге ешкімнің құдыреті жетпейді. Америкада белгілі сарқыраманың су- перде артында күндіз-түні жанып тұратын шырақ бар. Ол қыстың суық кездерінде де сөнбей, пәленбай жылдардан бері сәуле шашып жанып тұрады екен. Оған не себеп? Жұмбақ болып қалуда. Бұл әлі күнге дейін көпшілікті таңғалдыратын сирек құбылыс. Египет пирамидаларының қалай тұрғызылғаны әлі толық анықталған жоқ. Мына өзіміздің Ақыртас кешенін кімдер соқты, не үшін соқты, неге ол құрылыс бітпей қалды? Осы сұрақтар төңірегінде қаншама гипотезалар бар, ғалымдар толық жауабын тапқан жоқ. Дүниеде адамзат үшін беймәлім тұстар өте көп. Қазіргі озық технологиялар мен ғылымның арқасында көптеген жұмбақтың шешімін тапсақ та, әлі күнге белгісіз күйде қалып қойған артефактар жетіп артылады. «Адам – табиғаттың бір бөлшегі. Сондықтан, қоршаған табиғи ортаның түрлі қасиеттері табиғат құбылысының терең тынысына үңілуде адамзат баласы талай жолдардан өтіп, бай тәжірибе жинақтады. Табиғат біздің дүние танымымызды қалыптастырушы негізгі және басты ұстазы. Адам баласының білім алатын көзі – табиғат. Сол табиғатты бақылау, зерттеу оны қорыту, тексеру, оның заңын табу, сырын шешу... Ғаламның ғажайып көркі де сонда, сыры да сонда, мақамы да сонда... Ғылымы да сонда, діні де сонда, адамдардың өмірі де сонда...», депті белгілі қазақстандық ғалым Ақжан Машанов. Он сегіз мың ғаламның жұмбағы әлі толық ашылған жоқ. Адамзат сырын ашпаған, байыбына бара алмаған дүние көп. Кейде жұмыр жер бетінде адам айтса сенгісіз оқиғалар болып жататыны белгілі. Әлі де біздің ақылымызға сыймайтын біраз дүние барын мойындауымыз керек. Сөзіміздің тобықтай түйіні, қанша жетілдік, дамыдық десек те, көптеген жұмбақ «аномалиялық» құбылыстарды түсіндіруге әлі толық қабілетіміз жетпейтінін мойындауымыз керек. Бүкіл әлемді ақыл, ой, сана және парасат төртеуі ұстап тұр деген түсінік бар. Әлгілердің біреуі кем болса, жоғалу қаупі төнеді екен. Адамның ойы шартарапқа жүгіріп, жұмбақ әлемге тарайтыны белгілі. «Әр ой дүниеге, шындық іске айналады» дейді білгіштер. Онысы, мүмкін, рас болар... Көңіл – дария, ой – дауыл. Егер олай болса, әрдайым әркімге жағымды, жақсы ой, парасатты мінез, жарасымды таза пейіл, сапалы да саналы ғұмыр серік болғай!  

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы