Әлеумет

Мейірім сәннен қалып бара ма?

Мейірім сәннен қалып бара ма?

Жуырда құрбым көлік сатып алды. Анасының ақ батасын алу үшін арнайы ауылға барып қайтты. Қызын шығарып салған сәтте ақ жаулықты анасы: «Жолаушы да бір жетім. Қолыңнан келсе қысылғанға қамқор бол, көлігіңмен көпшіліктің батасын алуға асық» деген.

Анасының ақ тілегі жүрегін елжіреткен құрбым бір күнін жолаушыларға арнап, тегін тасымалдамақшы болды. Әлдекімнің қажетіне жарап, мейірім танытсам деген ойдың өзінен төбесі көкке жетті. Жолсерік етіп мені таңдаған соң, екеулеп жол қажеттілігінің ұсақ- түйегіне дейін жоспарлап алдық. Тараздан Алматы шаһарына шыққандарды тегін тасымалдап, барар жеріне дейін жеткізуге ниет еттік. Такси жүргізушілері жолақысына 5000 теңгеден жоғары сұрайды. Алып- ұшып, автобекетке бардық. Бірақ, жолаушылардың тосын өтінішімізге а лғаш айтқан жауабы бізді т аң қалдырды... Жол жиегіне тоқтап, көлік тосқан елуді еңсерген ер адамнан қайда баратынын сұрадық. «Алматы» дегенін ести сала: «Тегін апарамыз, отырыңыз» – дедік. Алайда, «қуанып кететін шығар» деген ойымыздың шат-шәлекейі шықты. Әлденеден секем алғандай аңтарылып қарап қалған ағамыз қолын бір сілтеді. Оның арғы жағында бәрін естіп тұрған сары келіншек қарқылдай күліп: «Массыңдар ма, қыздар?» деп жүзімізге үңілді. Одан кейін тағы бір- екі жігіт: «Апалар, не бүлдірейін деп тұрсыздар?» деп жымыңдады. Ағымыздан жарылып, адамдардың алдында жасағымыз келген жақсылығымызды айтып, ақталуға тура келді. Қош, ақырында үш адам алып, жолға шықтық. Жолай, сатып алып ұсынған сусынымызды көргенде онсыз да таңырқап отырған үш жолаушы: «Бұл не үшін? Ішіне бірдеңе қосып қойған жоқсыздар ма?» деп үрке қарады. Қазір адамдар әлдебір тегін дүние көрсе, ә дегенде күмәнмен қарайтын болған. Жай ғана жақсылық жасау – әрбіріміздің парызымыз екенін ұмытқан сыңайлы. Сонда мейірім сәннен қалып бара ма?  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ