Әлеумет

Алаяққа алдандым

Алаяққа алдандым

Бұрындары «алаяққа алдандым» дейтіндерге таңдана әрі таң қала қарайтынмын. Өзімнің де бір күні олардың құрбанына айналатыным үш ұйықтасам түсіме кірмепті...

1994 жылдан бері жақын таныс Г. есімді келіншек 2021 жылы мамыр айында қоңырау шалды. Мекенжайын айтып, Тараздағы «Колос» дүкенінің алдына тез келуімді өтінді. «Мән- жайды кездескен соң айтамын» деп түсіндірді. Қайта-қайта қоңырау шала берген соң, келістім. Межелі жерде кездескен соң, қыз «күте тұр» деп сыртқа шығып кетті. Ол қасына екі құрбысын ертіп оралды. Олардың бірі медицина орталығында медбике, екіншісі балабақшада тәрбиеші екен. Олар мені бірге жұмыс істеуге шақырды. Малайзиядан келетін алтын бұйымдардың суретімен таныстырып, екі апта сайын 200 доллар төленетінін айтты. Бірақ ол үшін мен құны миллион теңгеден жоғары тұратын алтын бұйым сатып алуым керек екен. Сонда «Qnet» деген компанияның қызметкері болатынымды айтты. Мен түрлі сұрақ қойып, күмән білдіргенім сол: «Qnet» – Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінде тіркелген. Ол ешқашан жабылмайды. Егер соңыңнан 2 адам тіркей алмасаң, ақшаңды қайтарып береміз. Бізде түрлі беделді мамандық иелері қызмет етеді, қорықпай жұмыс істей бер» деп сендірді. Біз солай келістік. Кейін арада біраз күн өткен соң, олар қайта қоңырау шалып, «Жеңіс» саябағына кездесуге шақырды. Олар менің қара тізімге еніп, несие алуға мүмкіндігімнің жоқтығына қарамай, үгіттей берді. «Chevrolet» деген автокөлік мініп, дүкен ашып, мешіт салатынымызды» айтып қызықтырды. Араға бірнеше күн салып қайта қоңырау соғып шақырды. Жиі-жиі қоңырау шала берген соң, баруыма тура келді. Бұл жолы алдымен Қажымұқан көшесі, №1 үйде «Qnet» компаниясы орналасқан мекенжайға алып келіп, қызметкерлермен ақылдасты. Соңында құжаттарымды алып, банктерге өткізіп, «Хоумкредит» банкінен 576 мың, «Freedom» банктен 720 мың теңге алып берді. Бұл қаражат Малайзиядан келетін алтын бұйымдарға төленгеніне сендірді. Міне, сол уақыттан бері 2 жыл өтті. Мен ешқандай алтын бұйымдар алмадым. Алданғанымды кеш ұқтым. Осы мәселе бойынша 2022 жылдың 10 наурызында Тараз қалалық полиция басқармасына арыз жаздым. Олар жазылған арызымды жауып тастады. Кейін Пушкин көшесі, №43 ғимаратта орналасқан №1 полиция бөліміне бардым. Онда маған «Арызыңды Төле би көшесіндегі №81 ғимаратқа өткіз» деп кеңес берді. Айтылған мекенжайға 18 шілде күні арызымды тапсырдым. Олар кейін «Арызды флешкаға жазып алып кел» деп қоңырау шалды. Мен айтқанын екі етпей орындап, арызымды флешкаға көшіріп бердім. Бірақ облыстық прокурор М.Мырқалықовтан соң, облыс бойынша тергеп-тексеру департаментінің тергеушісі Мейіржан Медетханов арызымды қарамады. Уақыт өтіп жатыр. Негізі арыз 7 күнде қаралуы тиіс емес пе?  

Қайнаржан АБДИМЕЙЗОВ.

Тараз қаласы