Келушілер көне жерлерді көруге құмар
Келушілер көне жерлерді көруге құмар
Мақсат 50 гектар аумақта қазақ ауылын құру үшін ауқымды жобаны жүзеге асыруға ниетті. Онда адамдарды қымыз және саумалмен емдеу көзделген. Келушілер жайлы қонақ үйге орналасып, өзенге түсіп, атпен серуендеп, уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік алады. Кәсіпкер бұдан бірнеше жыл бұрын облыс орталығында қымызхана ашып, оған халықтың сұранысының жоғары екендігін байқаған. Қордай ауданынан этникалық ауыл салу идеясы ойына осыдан кейін келіпті. Бірақ, жобаны бастамас бұрын ол даму перспективаларын зерттеп, бизнес-жоспар құрды, құрылыс салу үшін жер іздеді, басқа облыстардағы ұқсас ауылдардан тәжірибе алмасты. – Бүгінгі таңда елімізде этнотуризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Президенттің айтуынша, бүгінде көптеген шетелдік туристер арасында көне жерлерді аралап, тарихи орындарды тамашалауға деген құлшыныс артып келеді. Оларды еліміздің әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі мен ел тарихы қызықтырады. Сондықтан, этноауыл – өткенге саяхаттап, өзіңді нағыз көшпенді ретінде сезінудің, өткен жылдардың атмосферасын сезінудің таптырмас мүмкіндігі, – дейді Мақсат Барманқұл. Этноауылға келген саяхатшылар қазақ халқының мәдениеті мен өмірін тереңірек тани алады. Қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татуға да барлық жағдай жасалған. Туристер қалауына қарай киіз үйге немесе қонақүйге орналаса алады. Сондай-ақ, кәсіпкер келушілерге көшпелі өмірдің барлық ерекшеліктерін сезіндіру үшін кешен аумағында ат спорты шараларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Мұнда ұлттық ән-биімен мерекелік шаралар да ұйымдастырылмақ. Этноауылдың ашылуы алдағы айларға жоспарланып отыр.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Қордай ауданы