Құқық

Жақсы сөз жан семіртеді

Жақсы сөз жан семіртеді

«Қоғам тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшылары газет оқи ма, осы?», – деп сұрады бірде танысым. Жөпелдемеде не деп жауап берерімді білмедім. Бірақ қай салада болсын газетті қадірлеп, қастерлеп жүретін азаматтар бар екендігі анық. Ел арасында жүргенде басылымдарыңыздан осындай материалдарды оқыдық деп алғысын білдіріп жататындар да кездеседі. Жақында прокуратура күніне байланысты облыс прокуроры Ернат Сыбанқұловпен сұхбаттасқанымызда ол кісі. «Ақ жолды» уақыт тауып оқитындығын айтты. Бірде облыстық сотқа жолымыз түсіп Азаматтық және әкімшілік істері жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Асқар Смайловпен кездесіп қалдық. Асқар Спартакұлы газетті қалт жібермей оқитынын, соңғы кезде «Ақ жолдағы» тың өзгерістерді байқап жүргендігін айтып, қайта-қайта мақтады. Біздің де бір мерейіміз өсіп қалды. Жылы сөзге жанымыз семірді. Газет ұжымының еңбегін бағалап жүретін оқырмандардың барына риза болдық. Өздеріңізбен кездескенде оқырманның ойын білу, пікір алмасу біз үшін қымбат. 

Міне, жыл аяқталуға таяу қалды. Бүгінде басылымға жазылу науқанының көрігі қызып тұр. Мерзімді басылымдардың да түр-түрі көп. Бірақ «Ақ жол» – жалғыз. Облыстағы сан алуан саланың, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінің айнасы болып отырған газеттен қол үзіп қалмау үшін оқырмандарымыз белсенді жазылу үстінде. Барлық сала мамандары облыстың бас басылымына жазылуда. «Ал құқық қорғау саласының қызметкерлері «Ақ жолға» қаншалықты жазылуда екен», деген сауал да бар көкейімізде. Облыстық прокуратура, ішкі істер департаменті, Қылмыстық атқару жүйесі, қаржы полициясы, сот жүйесіндегі жылт еткен жаңалықтар, атқарылған жұмыстары жыл бойы басылымда көрініс тауып келді. Сала басшыларының мақалалары, олармен сұхбаттар жарияланды. Келер жылы да бұл бағыттағы жұмыстар өрістей беретіні сөзсіз. Жаңа жылдан бастап құқық саласына арналған арнайы бет ашу да жоспарда бар. Жаңа Қылмыстық және Әкімшілік кодекстер, қабылданып жатқан заңдар, ондағы өзгерістерге және құқық саласына қатысты тереңнен ой қозғайтын мақалаларға, әлбетте, орын беріледі. Сондықтан, құрметті құқық саласының қызметкерлері бізбен бірге болғайсыздар.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».