Құқық

БІЛІКТІЛІК ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕЙДІ

БІЛІКТІЛІК ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕЙДІ

Қызметкерлердің біліктілігі мен білімділігі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда шешуші рөл атқарады. Облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасында әрбір қызметкердің еңбек тәжірибесін жетілдіруіне, заңнама қағидаларын бұлжытпай орындауға бағытталған шаралар жүзеге асырылып келеді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 6-бабының 1-тармағында барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті екені айқындалған. Басқармада және оған қарасты мекемелерде жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында имидждік саясатты қалыптастыру және азаматтардың бойында құқықтық сана-сезім мен мәдениеттілікті көтеру мақсатында үстіміздегі жылдың тамыз айында «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» атты семинар өткізілсе, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының шешімімен 9 желтоқсан - Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні деп жариялануына байланысты ағымдағы жылдың 11 желтоқсанында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мәселелер» тақырыбында семинар-кеңес ұйымдастырылды. Семинарға облыс прокурорының аға көмекшісі Ғ. Абдрахманов қатысып, жемқорлықтың алдын алу және болдырмау мақсатында құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстарды күшейту, қолданыстағы заңнама нормаларының сақталуы туралы баяндады. Облыстық мекеме басшылары мен басқарма қызметкерлері атқарып отырған жұмыстары туралы ой бөлісіп, пікір алмасты. Азаматтарды белгіленген кесте бойынша қабылдау және электронды үкімет қызметін жетілдіру сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмысында маңызды шараға айналған. «Е-Үкімет» автоматтандырылған ақпараттық жүйеге азаматтар туралы және олардың сұраныстары жайлы жалпы мәліметтерді енгізу жұмыстары одан әрі жүргізілуде. Бұл бағдарлама жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін бірегей автоматтандырылған жүйеге енгізеді. Бағдарлама жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштердің уақтылы және сапалы орындалуының негізі болып табылады, әрі сыбайлас жемқорлықтың алдын алады. Басқарма «Мәдени құндылықтарды уақытша әкету құқығына куәлік беру», «Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне ғылыми реставрациялау жұмысын жүргізуге келісім беру» және «Мұрағаттық анықтама беру» мемлекеттік қызмет түрлерін жүзеге асырады. Қызмет көрсету кезінде жемқорлыққа және сыбайластыққа жол бермеу маңызды екенін түсіне отырып, басқарма мемлекеттік сатып алу кезінде белгіленген заңды талаптарды бұзбау мәселесін назарда ұстап, осы міндеттерді жүзеге асыратын азаматтардың жауапкершілігін арттыруға ерекше назар аударады. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша енгізіліп жатқан өзгертулер мен толықтырулар басқармада талқыланып, нақты іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау бағытында облыстың мәдениет және мұрағат қызметкерлерінің білімі мен біліктілігін арттыра отырып, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын көтеру бағытында үйлесімді жұмыс жалғасын табатындығына сенім мол. Елбасының Ұлытаудың төрінде берген сұхбатында айтылған және қойылған міндеттер барлық мемлекеттік қызметкерлерге тікелей қатысты. Сондықтан жаман атқа ілінбей, халықтың рухани байлығын молайтуда еңбек ету мақтаныш әрі мәртебе екенін қызметкерлердің бойына сіңіруде олардың білімділігі мен біліктілігі шешуші рөл атқаратындығын білеміз. Бұл жұмыс алдағы уақытта да үйлесім табатын болады.

Мүбарак ЖИНАҚБАЕВА,

облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары.