Түннен кейін күн шығады
Түннен кейін күн шығады
Өмір кейде қара түнектей көрінеді. Бұл жалған талай құлазып, кейін бас көтергенде, жарық күндей жарқыраушы еді ғой. Бұл күйдің жалған екеніне көзім әбден жеткен. Дегенмен, адаммын. Кейде әлсізбін. Сынып бара жатқандаймын. Ұстамды болғым келеді. Көшеде келе жатырмын. Түңіліп, мұңның терең шұңқырына құлап бара жатқандаймын. Арасында тырысып қалған шекемді жазып, жүрісімді тіктеп, серпілгендей болдым. Ауырлап кеткен еңсемді әрең көтеріп келем.
Сауда орталығына кірдім. Алдымнан ыммен сөйлесетін жас жігіттер шықты. Ешкімнен кем емес, әп-әдемі балалар. Бір- біріне әңгімесін ыммен жеткізіп келеді. «Неткен азап, сөйлей алмау, дауысың жарқылдап қуана алмау, көсіліп әңгіме айта алмау» деп ойладым. Іштей өзіммен-өзім диалогқа түсіп, сөйлесіп келемін. Ойым түгел солар жаққа ауды. Әлгі балалар арқалаған сынақ неткен ауыр еді. Менің жылауым ұяттау ғой... Ұят-ты! Тағы біраз уақыт өтті. Кафеге кірдім. Алдымнан әлі жиырмаға толмаған жас қыз шықты. Ол бір аяғын баса алмағандықтан, балдаққа таянып алыпты. Қасында туысы сүйеп келеді. Әрең дегенде ас үстелінің басына жетті. Отырған соң тынысы жиілеп, демігіп қалды. Жаяу жүру ауыр соққанын сездім... ...Менің таудай болып тұрған «бөгетім» шын мәнінде түк емес екен. Бұл небәрі көңілде түзілген бөгет. Өз ойым, өз ақылыммен жасаған қамал. Шындап келгенде ол қамал жоқ та. Оны менің ойым жасаған. Сол таяз ойдың шеңберінен шыққанда, бөгеттің жоқ екенін түсіндім. Сау ақылым: «Жоқты емес, барды. Болмайтынды емес, болатынды ойла» дейді. «Бұл өмірде ең өнімді іс – өзіңді тұлға ретінде жетілдіру. Талантыңды шыңдау» дегенді естіп едім бір кісіден. Сол іс қайырлы. Ол істің қожасы өзіңсің. Қанша, қалай жасайсың – бәрін тек өзің шешесің. «Айналамдағылардың өміріне сәуле түсіремін, өмірін реттеуге жәрдем етемін десең» міне, сол – мәңгілік іс. Шеті мен шегі жоқ. Сондай игі істі жасап жүріп күш-қуат аласың. Одан да жақсы жасағың келе береді. «Міне, осыдан өзгеге бас қатырма» деймін өз- өзіме, ішіп отырған шайым таусыла бастағанда ойға шомып. Кеудемдегі әлгі бөгетті бұзып өткендей болып үйіме аяңдадым. Түннен кейін күн шығатыны анық қой!
Бану ОҢДАСЫНОВА.