Әлеумет

Екпіндіден түлеп ұшқан қаламгер

Екпіндіден түлеп ұшқан қаламгер

Жұма күні №5 Ақарал мектеп- гимназиясының мәжіліс залында ҚР Мәдениет қайраткері, Б.Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері, танымал журналист Дуанабай Жолдасбек Әшімханұлын еске алуға арналған «Қалам ұшындағы өмір: белестер, болмыстағы нысандар мен естеліктер» атты ғылыми- тәжірибелік конференция өтті.

Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты, «Жас Алаш», «Айқын» газеттерінде 40 жылдан астам еңбек атқарған қарымды қаламгер, журналист, «Дөңгеленген дүние» атты кітаптың авторы, «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 25 жыл», «Қазақ журналистикасының қайраткері», ҚР Тәуелсіздігіне – 20 және 25 жыл мерекелік төсбелгілерінің иегері. Қалың оқырманның есінде мәңгі сақталған қарымды қаламгер Жолдасбек Дуанабайдың өзі түлеп ұшқан мектебінде еске алу кеші өтті. Білім алушылардың журналистика мен баспа ісі туралы түсініктерін кеңейту, шешендік өнерге бейімділігін арттыру, мамандық таңдауға бағыт беру мақсатында өткен конференция жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Зал ішіне Ж.Дуанабай туралы «Жарқ етіп сөнген бір жасын» атты портреті орналастырылса, оның шығармашылық өмірінен сыр шертетін «Қаламы ұшқыр қаламгер» деп аталған әдеби-танымдық бұрыш та көптеген құнды материалдармен жасақталған екен. Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтардың арасында Жолдасбек Дуанабайдың ағасы Айтжан Әшімханұлы, қаламгердің жалғыз тұяғы Дина Жолдасбекқызы, сыныптас досы Бейбіт Кененбаев, журналистика саласының ардагері, бүгінде зейнеткер Әтіркүл Исаева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Құралай Бағаділова мен аудандық «Меркі тынысы» газетінің бөлім меңгерушісі Әлихан Нұралиев болды. Мектеп өнерпаздары орындаған әсем күйден соң, ортаға шыққан мектеп директоры Нұрила Қойшыманова белгілі журналист Жолдасбек Дуанабай турасында ой-пікірлерімен бөлісіп, аталған конференцияны жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдыру мәселесін көтерді. Келесі кезекте бейнетаспадан Жолдасбек Әшімханұлының өмір жолымен шығармашылық жолындағы тарихи фото суреттері көпшілік назарына ұсынылған соң, кешке қатысушы Айару, Елдар, Мәрия, Әсемай, Нұрила, Балауса, Гүлсезім, Еңлік пен Алина сынды мектеп оқушылары Жолдасбек ағалары туралы арнауларын жатқа оқып, бала Жолдасбектің мектеп қабырғасындағы зеректігімен оның ҚазМУ-ге құжат тапсыру сәтін бейнелейтін сахналық көрініс қойды. Осы орайда, жас білім алушылар өнерлері арқылы жаңа қырларын таныта білді. Конференция кезінде белгілі қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп пен ардагер- журналист, Жолдасбек ағамыздың жерлесі, екпінділік Бектұрған Жамбабаевтың қалам иесі туралы естеліктері бейнетаспа арқылы көрсетілсе, Әтіркүл Тәжібекқызы мен Әлихан Атыханұлы көпшілік алдында әріптестері жайындағы естелік ойларымен бөлісті. Кеш барысында журналистика факультетінде бірге оқып, кейін «Жас Алаш» газеті редакциясында бірге жұмыс атқарған Гүлнар Жұмабайдың Жолдасбек Дуанабай жайлы, оның қызы Динаға деген әкелік махаббаты мен мейірімі тасығаны турасындағы естелігін оқушылар Жанайым Нұрсейітқызы және Ай Тасқара оқып берді. Сөз кезегін алған Жолдасбек Дуанабайдың ағасы Айтжан Әшімханұлы інісінің аса бауырмашыл болғанын айтып, келешекте бір көшеге есімін берсе артық етпес еді деді. Қызы Дина әкесі жайында тебірене сөйлесе, жақын туыстары, шығармашыл тұлға Талғат Айтбайдың әке еңбектерін топтастырып, кітап түрінде баспадан шығарғанына ризалығын білдірді. Ал, сыныптасы Бейбіт Кененбаев Жолдасбек досының бала кезінен көпшіл екенін, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсеткеніне, достарына үнемі жанашыр болғандығына тоқталды. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Құралай Бағаділованың жүрекжарды сөздерінен соң, конференция жұмысын қорытындылаған мектеп басшысы Нұрила Қойшыманова қайнаған өмірдің ортасында жүріп, әр өзгеріске өзіндік ойын білдіруге тырысқан журналист Жолдасбек Дуанабайдың есімі мәңгі ұмытылмайтынына сенім білдірді. Ал, журналистің артында өшпес белгісі болып қалған еңбектері бойынша 5-10- сынып білім алушыларымен зерттеу жұмыстарын жүргізетінін айтқан мектептің тарих пәнінің мұғалімі А.Жадраев Жолдасбек Әшімханұлының өмірбаянын оқып берді. Осыдан 3 жыл бұрын, 2020 жылдың 6 шілдесінде өмірден озған журналистің әр кезеңде жарық көрген материалдары негізінде белгілі қалам иесі Талғат Айтбай «Қалам ұшындағы өмір» атты мақала- сұхбаттардан құрастырылған жинақ кітап шығарды. Конференция барысында бұл еңбек те аталып өтті. Иә, шығармашылдық еңбек оңай шағылатын жаңғақ емес. Әрбір көзбен көріп, көңілге түйген тәтті мен ащы дүние жүректің сүзгісінен өтіп қана қағазға түседі, солайша, оқырманға жол тартады. Яғни, жүрекке түсер салмақ көп. Ал, Жөкең көп жазды, өндірте жазды, ащы шындықтарды жазды. Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді...  

Қарлығаш ҮЙСІМБАЕВА,

ұстаз.

Меркі ауданы