Сарбаздар ата-аналарымен қауышты
Сарбаздар ата-аналарымен қауышты
Сондай шараның бірі – Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне қарасты Шекара қызметінің өңірлік департаментіне бағынысты инженерлік техникалық қамтамасыз ету бөлімінің аумағында өтті. Сарбаздардың ет- жақындарымен сенімді диалог орнатуды көздеген шараға «Көктем-2023» шақырылымындағы ата-аналары қатысты. Бұл күні әскери қызметшілер ата-аналарға әскери бөлімнің күнделікті қызметімен таныстырып, әскери қарулардың мүмкіндіктері мен сипаттамаларын түсіндірді. Ата-аналар сондай-ақ, балалары тамақтанатын асханамен казармаларын аралап көрді. Басқарма бастығының тәрбие, идеология және кадр жұмысы жөніндегі орынбасары, полковник Дархан Ахметов мұндай іс-шараның әскери бөлімдегі ата- аналар мен жас сарбаздар үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сөзінше, ата-аналардың қолдауы – Отан алдындағы борышын өтеп жүрген әрбір сарбаздың өз міндетін алаңсыз атқаруына септігін тигізеді. – Бүгін сіздерге әскердің қыр- сыры жөнінде толыққанды ақпарат беруге тырыстық. Өз Отанының тыныштығын көздің қарашығындай қорғау – әрбір жігіттің қасиетті борышы. Әрине, әскердегі өмір қиын да қызық. Мұнда тәртіп қатаң. Бұйрық талқыланбайды. Біздің елге бойындағы бұла күшін бір-біріне емес, елді қорғауға жұмсайтын жауынгерлер керек. Сонда ғана шекарамыз шегендеулі, шебіміз мықты ел боламыз, – деді Дархан Шаймұратұлы. Бұдан кейін ата-аналар Шекара қызметі облыс бойынша департаментінің басшылығына көкейлеріндегі сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Өз кезегінде әрбір сауалға тұшымды жауап берген әскерилер азаматтық борышын өткеріп жүрген сарбаздардың туған-туыстары мен ата-аналарына әрқашанда есігі ашық екендіктерін жеткізді. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Қанат КҮЗБЕРГЕНОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті.