Ажалдан арашалаушыларға алғыс
Ажалдан арашалаушыларға алғыс
Әсілінде, әр адам өз мамандығын жақсы меңгеріп, адал қызмет атқаруға міндетті. Менің ойымша, қандай қызмет атқарса да, адамның адамға деген ішкі дүниесі кең болуы тиіс. Мысалы, дәрігер туралы айтатын болсақ, «Дәрігер – адамның денесін емдейді, жанын емдемейді» деп айтуға болар, бірақ жылы сөз қандай жағдайда болса да әрбір адамзат үшін өте маңызды. Өткен жылдың желтоқсан айында мен қатты тұмауратып, компьютерлік томографиядан өтіп, нәтижесінде өкпемнен ісік шыққаны анықталды. Адамның психологиясы қандай мықты болса да, басыңа түскенде қатты уайымдап, қапа болады екенсің. Сол айдан бастап сәуір айына дейін Тараздың бес медициналық мекемесінің арасында жүріп, біраз ақ халатты жандармен танысып, талайын көрдім. Сонда ұққаным, ішкі дүниесі жаман болса – ол адам медицина саласында жұмыс істей алмай, шыдамай өзі-ақ кетеді екен, жақсылары қалады. Терапевт, төрт онколог, пульмонолог, торакалды хирургтар мен рентгенологтардың алдына диагнозымды растау және оны нақтылап емдеу мақсатымен барғанда, олардың өз мамандығын жақсы меңгергені, адамның қайғысына ортақтас болып, міндеттерін абыроймен атқаруға тырысатындықтарына риза болдым. Бірақ, бұл жердегі мәселе, Тараз облыс орталығы болғанымен, ісіктің тұрған жеріне байланысты, оның қатерсіз бе әлде қатерлі ме екендігін анықтауға мүмкіндік болмады. Пульмонологтар мен онкологтардың консилиумының қорытындысы бойынша КТ-нің келесі түсетін мерзіміне дейін күтетін болдық. Наурыз айында таныстарымның ұсынысы бойынша, Алматыда орналасқан жекеменшік хирургия институтының «Mеditerra» атты заманауи медицина орталығына, торакалды хирургияның профессоры Темір Ешмұратовқа бардым. Профессор Темір Ешмұратов сол жерде бірден нақты диагнозымды шығарып, сәуір айында портал арқылы таракоскопия әдісімен ота жасады, кейін гистология қорытындысы сол кісінің алғашқы қойған диагнозын растады. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын!», деген атам қазақ. Маған ота жасаған Темір Ешмұратовтың, Әбубәкір Сатаевтың жұмысқа деген жауапкершілігі мен көзқарастары, науқастарға деген жанашырлығы, жылы сөздері ұжым қызметкерлеріне үлгі болып тұрғаны өзімді қатты тәнті етті. Өкінішке қарай, осындай жылылық, жағымды жағдай барлық медицина мекемелерінде кездесе бермейтіні рас. Барлығы салыстыру арқылы анықталады емес пе? Бізде қазір өкінішке қарай, мемлекеттік медицина мекемелері мен жекеменшік мекемелердің айырмашылығы үлкен болып тұр. Осы орайда, «Неге мемлекеттік емдеу мекемелерінің материалдық базасы жекеменшік мекемелерінікінен өте төмен?» деген заңды сұрақ туындайды. Айырмашылық көп жағдайда тек материалдық тұрғыда ғана емес, қызметкерлердің науқасқа деген көзқарасында да байқалады. Аудандарда да дарынды мамандар аз емес, оларды жетілдіру керек. Дәрігерлер жетіспеушілігі де бар. Жастар Астана мен Алматыға ұмтылады. Мен аталған түйінді мәселелер туралы, аумақтарда жекеменшік медицинаны дамыту, «Mеditerra» орталығының мамандарын аумақтарға келіп кеңес беруді ұйымдастыру, жалпы медицина қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында оларды шетелдерде оқыту туралы жеке ойларымды ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа жазуды жөн деп санап, хат жолдадым. Ал, облыстың шалғай аудан мен ауылдарына тарайтын басылым арқылы ақ халатты абзал жандарды алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтап, отбасыларына амандық тілегім келді.
Маруа ОМАРОВА,
Тараз қаласы әкімі аппараты бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері.