Қаракемерліктердің қуанышы
Қаракемерліктердің қуанышы
Қаракемердегі таза ауыз су жүйесінің құрылысына мемлекеттен 504 миллион 548 мың теңге қаралып, 19,4 километр құбыр тартылған. Оның құрылыс жұмысын «Таразстрой 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алып, бүгінгі таңда бұл жоба сәтті аяқталып отыр. Қаракемерліктердің қуанышын бөлісу үшін аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы арнайы келіп, көптен күткен тіршілік нәрінің берілуімен құттықтады. – Бүгін біз сіздермен бірге үлкен бір қуанышты оқиғаны бастан кешіп отырмыз. Ауылға аймақ басшысының қолдауымен таза ауыз су келді. Әлбетте, «Су – тіршілік көзі» деген салмақты сөзді дана халқымыз бекер айтпаған. Тіршілік дүниесіне терең үңіліп қараған адам бұл ұғымның растығын, қара судың қадірін аңғармай қалмайды. Осыған орай мемлекетіміз 2025 жылға дейін халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін қойып отырғанын бәріңіз де жақсы білесіздер. Сол міндетке байланысты ауданымызда жоспарлы жұмыстардың қолға алынғанынан да хабардарсыздар. Басты мақсат сол – сапалы суға зәрулік болмауы керек. Соңғы 20 жыл аралығында елді мекендерді ауыз сумен жабдықтау бағытында «Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол» сияқты атаулы бағдарламалар жүзеге асырылып, қазіргі таңда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аясында шешімін табуда. Халықты таза ауыз сумен қамтуға бағытталған жобалардың жүзеге асырылу барысы біздің ауданымызда да жіті бақылауда, – деді аудан басшысы. Өз кезегінде ауыл ақсақалы Ахатай Балқыбеков те сөз алып, мемлекетіміздің бұл салаға баса назар аударып отырғанын айтып, жергілікті басшыларға алғысын білдірді. Бүгінде қаракемерліктер үй іргесіне ауыз су құбырын тартып, тұтынып отыр.
Қанат КУЗБЕРГЕНОВ,
М.Х Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті.
Жамбыл ауданы