Ойық ауылында оңды істер көп
Ойық ауылында оңды істер көп
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына жасалып жатқан түрлі бағдарламалар мен қолдаулардың нәтижесінде Ойық ауылдық округінде жұмыс қайта жанданып, тіршілік оңға басып келеді. Ойық, Сейілбек, Тұрымқұл ауылдарынан құралған ауылдық округте 432 отбасы, 2866 адам тұрады. Округте 2386 гектар егістік, 3 575 гектар шабындық, 138 657 гектар жайылымдық жер бар. Статистикалық мәлімет бойынша биыл мұндағы мүйізді ірі қара – 2804, қой-ешкі – 36150, жылқы – 1231, түйе – 301, үй құстары 1020 басқа жетіп отыр. Былтыр ауылдық округ бойынша игерілген егіс көлемі 805 гектарды құраған. Оның ішінде 676 гектары көпжылдық шөп, 5 гектары көкөніс, 30 гектары жүгері, 5 гектары картоп, 10 гектары қауын-қарбыз. Қысқы мал азығының жоспары 13 мың 500 тоннаны құрап, 104 пайызға орындалған. Жылыжай жұмысы да жанданған. Ойық ауылының тұрғындары Болатбек Тілепбергенов 3 сотық және Бақытжан Өскембаев 1,5 сотық жылыжайға қызанақ, қияр егіп, көкөніс өнімдерін алып, пайдасын көріп отыр. Ауылдық округке тартылған инвестициялар көлемі де аз емес. Былтыр ауылдық округ бойынша 3 шаруа қожалыққа 23 миллион 575 мың теңге инвестиция тартылды. Атап айтар болсақ, «Әулие – Ата НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 23 миллион 575 мың теңгеге «Ерзат» шаруа қожалығы 22 бас жылқы, «МТЗ – 82-1» ауыл шаруашылығы тракторы және ауылшаруашылық техникаларын сатып алды. «Мұса» шаруа қожалығы 18 миллион 100 мың теңгеге 40 бас жылқы және «Рахманәлі» шаруа қожалығы 6 миллион 900 мың теңгеге 138 бас уақ мал сатып алды. Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығы мемлекет тарапынан берілген субсидия арқылы жүзеге асырылды. Ауыл іскерлері мемлекет қамқорлығын осылай сезінуде. Ойық ауылдық округі бойынша 49 шаруа қожалығы тіркелген, оның ішінде 33 шаруа қожалығы нақты жұмыс істейді. 7 азық-түлік дүкені ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді. Ауылдың әлеуметтік жағдайы үнемі сараланып келеді. 2022 жылы тұрақты жұмысқа 83 ауыл тұрғыны, жастар тәжірибесіне 2 жас, қоғамдық жұмысқа 32 жұмыссыз азамат тартылып, олардың орташа айлық мөлшері 75000 теңгені құрады. Әлеуметтік жұмыс орындарына 6 азамат жұмысқа орналасты. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ауылдық округ бойынша жаңа бизнес идеяларды іске асыруға грант алуға өтініш білдіріп, 3 ауыл тұрғыны 3 миллион 675 мың 600 теңге қайтарымсыз қаржы алды. Ауыз су Ойық ауылында жаз мезгілінде тәулігіне 2 рет, қыс мезгілінде 1 рет тұрақты түрде берілуде. Ауылдық округтегі 432 отбасының 384-і көгілдір отын пайдаланып отыр. Былтыр ауыл игілігі үшін жүзеге асқан игі шаруа аз емес. Аудандық бюджеттен бөлінген 22 миллион теңгеге Тұрымқұл ауылындағы Төлеген Тоқтаров көшесін орташа жөндеу жұмыстары, Ойық ауылындағы Т.Рысқұлов және С.Нұрқожаев көшесі бойына орналасқан «Кіші футбол» алаңдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2012 жылғы мектеп бітірген түлектер 2 миллион теңгеге С.Нұрғожаев көшесінің бойына балаларға ойын алаңын салып берді. 2022 жылы мектеп бітірген түлектердің 200 мың теңге қаржылай көмегімен Д.А.Қонаев орта мектебіне 2 үстел теннисі алынды. Ауылдағы мектептерді 20 және 30 жыл бұрын бітірген түлектер «Жеңіс» саябағына жүздеген туя, арша ағашын отырғызғанда ауыл іші ажарланып шыға келді. Ойық ауылында орналасқан Ноғай Ишан кесенесіне ауыл тұрғыны Әділет Жатқанбаев бастап қоршау салғызды. Тұрмыстық жағдайы төмен ауыл тұрғыны Зейнулғали Қазыбековтің үйіне көгілдір отын кіргізілді. Сейілбек ауылына демеушілер 1 миллион теңгеге Ұлы Отан соғысының ардагері Сейілбек Әбдиевтің 100 жылдығына орай Әбдиевтер әулеті «Кіші футбол» алаңын соғып берді. Ауылда өзекті мәселелер де жоқ емес. Ойық ауылының шетіндегі (бұрын Көктөбе бөлімшесі болған) Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектептің бір ғимараты тұтас тегістеліп, бір бөлігінде ғана жүзден аса оқушы ыңғайластырылған жағдайда білім алып жатыр. Тұрымқұл ауылындағы орталау мектепке де күрделі жөндеу қажет. Осы ауылдық округтен аудандық мәслихатқа депутат болып сайланған Мақұлбек Мырзалиев міне осы мәселелерді ерекше назарға алып отыр. Депутат сайлаушыларының алдына жиі келіп, аталған түйткілдердің шешілуіне ықпал етуге бар мүмкіндікті қарастыратынын айтуда. Бұл мектеп мәселесі облыстық деңгейдегі жауапты басқармалардың да назарында тұр. «Ауыл әр адам үшін қымбат. Көктөбеде орта мектеп салынса оқушы саны да артатын еді. Елді мекенге ауыл мәртебесін беретін мезгіл жетті. Ол кезде балабақша ашуға да ауыл мәртебесін алған соң мүмкіндік туады екен», дейді ауыл тұрғыны Жаңабай Алдаберген.
Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы